• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2016

Қазақ тілін ана тілінен кем көрмейді

350 рет
көрсетілді

Осы аптада Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақстан  Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, қазақ тілін ана тілінен артық білетін, өзге ұлттардан құралған командалардың қызықты жарысы өтті. Қыздар университетінде өткі­зіліп жүрген Олимпиаданың дәс­түрі бойынша өткен жылғы олимпиаданың жеңімпаздары қатысушыларға сәттілік тіледі. Мемлекеттік тілді меңгерген өзге тілді жастарды анықтау, ын­­таландыру, мемлекеттік тілге құрметпен қарауды қалыптастыру мақсатында өткен білім сайысына Алматы қаласы ЖОО-дан 6 команда қатысты. Өзге демесеңіз, жан-дүниесі мен тілі қазақша сайрайтын, қа­зақ тілінің майын тамызып сөйлегенде, қазақтан кем түс­­пейтін жастар төрт кезең бойынша бақтарын сынады. Алдын ала жеребе тарту бо­йынша анықталған коман­да­­лар «Білімдіден шыққан сөз» атты I ай­­­налымда «Қазақ елі, қазақ тілі – мәңгілік!», «Мемлекеттік тілді білу – азаматтық парызың!», «Ел ер­теңі – білімді жастар», «Тіл, қоғам, мәдениет», «Бейбіт елдің ұрпағымыз» және т.б. ел, тілге байланысты тақырыптар бойынша слайд түрінде үйден дайындап келген тапсырмаларын қорғап, қазақ тілін қаншалықты деңгейде меңгергендерін көрсетті. Бұл сында сонымен қатар, таза сөйлеу мәнері де ескерілді. Екінші «Сан сұрақ» турында қатысушылар әр ұяшықта жа­сырылған лексикалық, грам­ма­тикалық сұрақтарға жауап беріп, практикалық тапсырмаларды орындап, білімдерін сынады. Үшінші «Көркемсөз» кезеңінде өлең, қарасөз, ақпараттық-та­ным­дық  мәтіндермен қатар, про­за­дан үзінділерді  мәнерлеп оқу, берілген мәтіннің идеясын түсіндіру бойынша сынға түсті. IV «Ұшқыр қалам» турында қа­тысушылардың қазақ тілінде эссе жаза білу, қазақша таза жа­зу сауаттылығы бағаланды. Әр кезеңде төрт команда бірінен-бірі оза шығып, мемлекеттік тілді жо­ғары деңгейде білетіндіктерін танытты. Сайыс қорытындысы бойынша I орынды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық универ­ситетінің «Зерде»  тобы, ІІ орынды Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Жалын» тобы мен Шетел тіл­дері және іскерлік карьера уни­верситетінің «Ұлан» тобы иеленді. ІІІ орынды Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техни­калық университетінің  «Қыран» тобы, Алматы менеджмент уни­верситетінің «Өрлеу» тобы, Қазақ бас сәулет-құрылыс акаде­миясының  «Сәулет» тобы өзара бөлісті. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ