Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасындағы Орыс православие шіркеуі Митрополит округінің басшысы, Астана және Қазақстан Митрополиті Александрды қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенат Төрағасы Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің негізгі мәселелеріне жүздесушінің назарын аударды. Қ.Тоқаевтың пікірінше, бұл құжаттың ерекше мәні бар, өйткені саясаткерлер мен әлем жұртшылығын күллі адамзатқа жаһандық тұрғыда ажал әкелетін қақтығыстар қаупінен арылту үшін кезек күттірмес және тиімді шаралар қабылдауға шақырады.
Қ.Тоқаев 31 мамырдағы «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясы, сондай-ақ 1 маусымдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XV отырысы туралы да хабардар етті.
Митрополит Сенат Төрағасына Орыс православие шіркеуінің діни-ағарту шаралары туралы әңгімеледі.