Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен осы палатаның отырысы болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Палата Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялады. 2016 жылғы 21 қаңтарда Давоста жасалған келісім Астана және Алматы қалаларында Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің (Дүниежүзілік банк) офистерін құру мен олардың жұмыс істеу тәртібін белгілейді.
Ратификацияланған құжат 1994 жылғы 23 мамырдағы Алматы қаласында Тұрақты өкілдік құру туралы шартты алмастырады. 2001 жылдан бастап, Дүниежүзілік банктің өкілдігі Астанада жұмыс істейтіні, ал Алматы кеңсесі осы қаржы институтының Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі мәртебесін алғаны белгілі.
Жаңа келісім Дүниежүзілік банктің Қазақстан Республикасындағы офистері мен қызметкерлерінің мәртебесін, артықшылықтары мен иммунитеттерін айқындайды. Мәселен, Дүниежүзілік банк, оның активтері, меншігі мен табысы, сондай-ақ, қызметі мен транзакциялары салықтар мен кедендік баждар салуға жатпайды. Сондай-ақ, келісім коммуникацияларға, импорт пен экспортқа қатысты, сондай-ақ, сот процесінен де артықшылықтар мен иммунитеттерді көздейді.
Сенат басқа жұмысқа ауысуына байланысты депутат Ләззат Тұрлашовтың өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылдады. Қ.Тоқаев Л.Тұрлашовқа заң шығару қызметіне табысты қатысқаны үшін парламентшілер атынан алғыс айтып, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында жемісті қызмет етуіне тілектестігін білдірді.
Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Депутат Сәрсенбай Еңсегенов Балық шаруашылығы институтының өзекті мәселелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке сауал жолдады.
Сенатор Бектас Бекназаров жолда жүру ережесін бұзғаны үшін жазаны қатайту туралы сауалын Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Бас Прокурор Асхат Дауылбаевқа арнады.
Депутат Қуаныш Айтаханов Премьер-Министрге екі сауал жария етті. Олар Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шәуілдір алқабының ішкі арналық-құрғату жүйесін жаңғыртуға және Отырар ауданындағы суаратын жердің мелиоративтік жағдайын жақсарту жобасын халықаралық қаржы институттарының қаржысы есебінен қаржыландыруға қатысты болды.