Биыл еліміз өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеді. Бұл – жай мереке емес, киелі де қастерлі мереке. Қазақ елінің алыс келешегін айқындап берген ерекше дата. Бүгінгі күні ширек ғасырлық биік белеске көтерілген мемлекетіміздің басты мақсаты – әлемдегі ең жақсы дамыған 30 елдің қатарынан орын алу. Бұрын алдымызға мұндай биік мақсат қою үш ұйықтасақ түсімізге кіріп пе еді?! Осылай деп ойлауға мұршамыз келіп пе еді?! Жоқ, әрине. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздіктің берген мүмкіндігі.
Осының өзі барша қазақстандықтарға ой салып, тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін тереңірек түсінуге әрі тереңірек түйсінуге итермелейді. Тәуелсіздік – біздің барша жеңістеріміз бен табыстарымыздың бастауы. Мұны біз ұмытуға, жадымыздан шығаруға тиісті емеспіз. Сонымен бірге, еліміздің жаңа тарихын оқып-үйрену және санамызға тоқып түйіндеу ісі де аса маңызды әрі қажетті дегім келеді.
Бізде, ортақ Отанымыз – Қазақстанда әрбір мейрам, әрбір мемлекеттік мереке бәрімізге, барлық этнос өкілдеріне ортақ. Біз оның бәрін бірге тойлауды әдетіміз бен салт-дәстүрімізге енгізіп те үлгердік. Соның ішінде, Тәуелсіздік тойының орны тіптен айрықша. Өйткені, бұл дара дата – барлық қазақстандықтарды бір мақсат пен бір мүддеге топтастыруға қызмет жасай алады. Себебі, кемедегінің жаны бір дегендей, баршамыз өз тағдырымызды еліміздің тағдырынан бөле-жара қарай алмаймыз. Бұл тұрғыда бәрімізді ортақ тағдыр біріктіретіні де осы ойымыздың тағы бір жалғастығын көрсетеді.
Өткен XX ғасырдың алғашқы жартысында қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстанға еріксіз жер аударылған ұлт пен ұлыс өкілдерінің қатарынан корей халқы да орын алады. Бүгінде біздер Қазақстанды өз отанымыз деп санаймыз. Өйткені, біздің ата-бабаларымыз бен әке-шешелеріміз осы топыраққа тамыр жайды. Бақытын қазақ жерінен тауып, жапырақ жайып, мәуелі бәйтерекке айналды.
Бақытты болу деген ұғымды әркім әртүрлі түсінеді ғой. Ал менің ойымша, ынтымағы жарасқан бір шаңырақ астында өмір сүріп, еңбек еткеннен асқан бақыт жоқ. Осы тұрғыда барша қазақстандықтарды бақытты деп санауға әбден болады ғой деген ойдамын. Өйткені, бақыттың кілті тыныштықта, бейбіт өмір мен берекелі тірлікте емес пе?
Сондай-ақ, тәуелсіздің тағдыры тізбегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы өз алдына бір бөлек әңгіме десем, қателеспейтін шығармын. Әрі бұл – этносаралық және конфессияаралық келісім мен қарым-қатынастарды дамытудағы теңдесі мен баламасы жоқ қоғамдық институт. Елімізде бейбітшілік пен тыныштықты сақтай білудің таптырмас тетігі. Республикадағы көп этносты тұрғындар арасындағы татулықты тереңдетудің қайнар көзі.
Тәуелсіздік тарихына көз жүгіртсек те дербестікке қол жеткізу арқылы әртүрлі адамдардың тағдыры бір арнаға тоғысқанын байқаймыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің жеңістеріміз де, егемен еліміздің өсіп-өркендеу ісіне қосар үлесіміз де ортақ. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойының табалдырығында тұрған тұсымызда біз келешегімізге нық сенеміз. Балаларымыз бен кейінгі ұрпақтың болашағына алаңдамаймыз. Осы орайда, еліміздің ертеңі бұдан да жарқын болуы үшін қолдан келгеннің бәрін де жасауға әзірміз.
Елена ШЕК,
Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы корей этномәдени бірлестігінің мүшесі
ОРАЛ