• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2016

Теміртаудағы ең үлкен граффити суреттің авторы табылды

487 рет
көрсетілді

ҚАРАҒАНДЫ. 21 сәуір. Теміртау қаласында бес қабатты үйдің қапталына тұтастай граффити үлгісімен сурет салған белгісіз автордың өнері қала тұрғындарын ғана емес, желі қолданушыларын да тәнті етті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Белгісіз суретші бір түннің ішінде Теміртаудың 9-шы ықшам ауданындағы №96 тұрғын үйдің қаптал қабырғасына Францияның әйгілі суретшісі Анри Матисстің «Би» деп аталатын картинасын көшіріп салған. Картинаға енгізілген бір ғана өзгеріс – граффити суретте бишілер түтіні будақтап жатқан алып мұржаны айнала би билеп жүр. Көп ұзамай граффити суретті салған Павел Кас деген қазақстандық стрит-арт-суретші екені анықталды. Ол өзінің мұндай әрекетке қаладағы экологиялық ауыр ахуалға жұртшылықтың назарын аударту үшін барғанын желідегі Instagram парақшасына жазып, граффити салынған үйдің суретін жүктеген. Граффити авторы белгілі болғаннан кейін Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов суретшіге қатысты ешқандай жауапкершілік шарасының қолданылмайтынын мәлімдеді. Мұны облыстық ішкі істер департаменті де қуаттады. Ал түн жамылып сурет салған Павел Кас 13-15 мамырда Шымкент қаласында өтетін Shymkent Art Days 2016 заманауи өнер фестиваліне шақырту алды. Қайрат Әбілдинов. Дерек, фото: egemen.kz.