• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2016

Солтүстіктегі соны серпін

338 рет
көрсетілді

Алар асулар алда

Аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың өңірлік коммуникациялар қызметінде жасаған баяндамасында жергілікті міндеттер нақты айқындалып, бес институттық реформаны табысты жүзеге асырудың талаптарымен тығыз сабақтасты. Ерік Хамзаұлы БАҚ өкіл­дерімен өткізген брифингтегі сөзін Елбасы Н. Назарбаев жария еткен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елімізді өркениетті отыз ел­дің қатарына қосуды түпкі мақсат ететін тарихи бағдарлама екенін айта келіп, жүзеге асырылып жатқан практикалық шараларға жан-жақты тоқталды. Бұл орайда Президент ұсынған бес реформаның біріншісі– кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру жолдарына тоқ­талып, маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі күні облыста құрамында 5013 штат бірлігі бар 542 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Енді бұдан былай мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңінде әкімшілік мем­лекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі мен жинақ­талған тәжірибесіне байланыс­ты болмақ. Кадр саясатын жа­ңартудың кешенді шаралары, меритократия мен кәсіби құзыреттілік қағидатына негіз­делген мансаптық жоғары­лаудың жаңа үлгілері өзгеше сипатқа ие. Үш кезеңдік кон­курстық іріктеу, мемлекеттік әкімшілік қызметшіні бағалау, еңбекақы төлеу мәселелері де жіті қарастырылған. Жаңа этикалық ережелерді енгізу, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мемлекеттік қызметті жаң­ғыртудың үстемдігін жақ­сартары анық. Е. Сұлтановтың тоқталған екін­ші мәселесі құқық тәртібі және заңдылық реформасы болды. Оның мәні барлық салада заңның үстемдігін орнықтыруға келіп тіреледі. Елбасы атап өткендей, Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесі тек қана азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын қорғауға, заң­дарды қатаң орындауға, құқық тәртібін нығайтуға бағытталады. Сот реформасының бір маңызды қыры – бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшу, инстанцияларды қысқарту, апелляциялардың рөлін күшейту, сапалы судьялар корпусын жасақтап, жоғары біліктілік талаптарын, кәсіби шеберліктерін көтеруге мүмкіндік береді. Оларды іріктеу мен тағайындау үдерістері барынша мөлдір, ашық болады. Баяндамашы 30-қадам бо­йынша жергілікті атқарушы органдарға және қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметінің құрылып, қазірдің өзінде жемісті жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Қысқа мерзімде түрлі қылмыстық заң­ бұзу­шылықтардың азаюына ықпалдығы арта түскен. Жергілікті полиция қызметінің құрамында бір мыңға жуық қызметкер, 259 автотехника бірлігі, 37 бейнетіркегіш топ­тасқан. Оның материалдық-техникалық базасын нығайту мақ­сатымен бюджеттен қо­сымша 300 миллион тең­­ге қарастырылған. Ұлт Жоспарында индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсімге ерекше басымдық берілгенін айта келіп, аймақ басшысы үшін­­ші реформа бойынша алда ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанын жеткізді. 2017 жылдан салықтық кірістер мен шы­ғыстардың есебі міндетті түрде енгізіліп, «көлеңкелі» эко­но­миканың деңгейін төмен­детуге мүмкіндіктер жасалады. Фермерлік және бүкіл аграрлық секторды дамыту үшін Жер кодексіне айтарлықтай өзгерістер енгізілген. 35-ші қадамда ауыл­шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен нарықтық айналымға енгізу белгіленген. Бұдан былай жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат беріледі. Оның алғашқы ынталандырушы шарасына өңірде 6175 гектар 28 учаскенің сатылу мысалын келтіруге болады. Аграршыларға кадастрлық құнының 50 пайызы көлемінде 10 жыл мерзімге бөліп төлеу, жекеменшікке аукцион арқылы сатып алу жолдары қарастырылған. Аймақ басшысы сөз арасында банкроттыққа ұшыраған «Богби» және «СП Трансавто» ЖШС бойынша проблемалық мәселелердің шешіліп, егістік жерлердің қай­тарылып жатқанын, биыл 4,4 миллион гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары егілетінін, тұқым, жанар-жағар­май қоры жеткілікті екенін, көктемгі дала жұмыстарын аг­ротехникалық талаптарға сай ұйымдастыру маңызды міндет екенін еске салды. Аймақтық агроөнеркәсіп кешенінде өзгерістер аз емес. Ендігі мақсат– 60-шы, 61-ші қадамдарда белгіленген талаптарды жүзеге асыру, яғни сүт, ет өнімдері өндірісін өркендету үшін стратегиялық инвесторлар тарту, негізгі шикізат базасын орнықтыру, сыртқы нарыққа өңделген өнімдердің экспорттық үлесін көбейту. Облыста еліміздегі сүттің оннан бірі өндіріліп, 3 мың тоннаға жуығы экспортқа шығарылады. Бұл мақсатқа 120 кәсіпорын, 71 ауылдық тұтынушы кооператив жұмылған. Сырттан 11 мың бастан астам мал әкелінген. 45 асыл тұқымды репродуктор 12,8 мың басқа арналған бордақылау алаңы құрылған. Жыл сайын алыс-жақын шетелдерге 1,5 миллион тонна астық, 150 мың тонна ұн, 200 мың тонна майлы да­қылдар тұқымы сатылатынын ескерсек, сыртқы нарықтың әлеуетін тиімді пайдаланудың, инвестициялардың жаңа көздерін табудың, шағын және орта бизнеске қамқорлықты күшейтудің, қаржылық, әлеуметтік ынталандыру мүмкіндіктерін табудың маңыздылығы арта түсері сөзсіз. Ұлт Жоспарында эконо­миканың бірқатар перспективалы секторларын дамыту шеңберінде нақты шараларды жүзеге асыру қарастырылған. Оның ішінде бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялық өзгерістерге бірінші басымдық беріледі. Оның ішінде индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығының нәтижелері бойынша басты назар Индус­трияландыру картасына ау­дарыл­ған.Таяу жылдары 30 миллиард теңгенің 41 жобасы пайдалануға беріліп, 2 мыңдай жаңа жұмыс орындарын ашу белгіленген. Биыл 11 жоба іске қосылып, 400 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл бағытта жаңа импорттық орналастыруды ауыстыратын заманауи технологиялар игеріліп, мәселен, блокты жылу пункттері, геотермалдық сорғылар, жылдам әзірленетін тамақ өнімдері, қозықұйрықты өсіру және өңдеу секілді жаңашылдық жобалар қаржыландырылып, өндіріске енгізіледі. Түйткілді проблемалардың бірі – тоқтап тұрған кәсіп­орын­­дар қызметін жандандыру. Был­тыр арнайы жол картасы бағдарламасы әзірленіп, 8 кәсіпорын іске қосылды. Олар­дың арасында «Славное» сауда маркасымен сары май мен құрғақ сүт шығаратын өндіріс орны бар. Биыл 15 кәсіпорын өз жұмысын қайта бастайтын болады. Әкім өңірде игерілмей жатқан пайдалы қазбалар қоры жеткілікті екенін алға тарта отырып, 74-ші қадам аясында атқарылатын жұмыстарды ортаға салды. 286 кен орнының 34-і қымбат металдарға, 217-і құрылыс және технологиялық шикізаттарға, 33-і жер асты сулары мен ми­нералдарға мол. Тайынша, Есіл, Уәлиханов ау­дандары титан-цирконий, алтын, уран қорларына бай. Алда пайдалы қазбаларды игерудің барлық түрлері үшін үздік әлемдік тәжірибелерді пайдалана отырып, келісімдер жасаудың оңтайландырылған әдістерін енгізу міндеті тұр. Ол үшін биыл австралиялық ILUKA RESOURCES компаниясымен ынтымақтаса отырып, жер аумағын зерделеу жұмысы қолға алынады. Шетелдік инвесторлар кен орны және байыту фабрикасын салуды да ойластырып отыр. 65-ші қадамда халықаралық көлік-коммуникациялық ағым­дарды интеграциялауға ерекше басымдық берілген. Облыс Ресей Федерациясы мен Орталық Азия өңірлері арасында маңызды транзиттік дәліз саналады. Бүгінгі күні Петропавл қаласында көлік-логистика орталығын құру үшін қытайлық және қазақстандық компаниялар өзара келісімшарт жасасып, уағдаластыққа қол жеткізді. Петропавл әуежайы күрделі жөндеуден өткізіліп, қалпына келтірілгеннен кейін Ресей, Қытай, Еуроодақ елдеріне әуе жүгін тасымалдайтын халық­аралық мәртебеге ие болады. Ерік Хамзаұлы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыз сумен, жарықпен, жылумен қамту және әлеуметтік мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Өңірлерді дамыту мен «Нұрлы Жол» бағдарламалары шеңберінде биыл 11 тұрғын үй немесе 1011 пәтер, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» аясында 6 жатақхана мен бір 5 тұрғын үй салынады. Еуропа қайта құру және даму банкі өңірлік сумен жабдықтау және су арнасы жүйесін жаңғырту жобасын «Қызылжар су» ЖШС-мен бірлесіп, 2016-2018 жылдар аралығында жүзеге асырады. Жұмсалатын қаражат – 3,8 миллиард теңге. Ал, «Петропавл жылу желілері» кәсіпорны 4,6 миллиард теңге ұзақ мерзімді қарыз алуға келісті. 12 жылдық білім беру стандартына көшуге байланысты бірінші сыныпқа баратын 8 мың оқушыға бюджет есебінен 95 миллион теңге оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар алуға бөлінеді. 68 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 1,3 миллиард теңге қарастырады. 2017 жылдан бастап енгізілетін «Баршаға арналған тегін кәсіп­тік-техникалық білім» атты жаңа жобаға орай қажетті ма­мандықтар сұранысы жан-жақты зерттелді. Қазір колледж­дерде 8 мыңға жуық студент мемлекеттік тапсырыспен оқиды. 12 колледжге дуалды оқыту тәжірибесі енгізілген. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсау­лық» мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша адамдарға сапалы медициналық қызмет көрсету– негізгі талаптардың бірі. Е. Сұлтанов бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалып­тастыру төртінші рефор­маның басты мәні екенін атап көрсетті. Солтүстік Қазақ­стан көп ұлыстар мекендейтін өңір болғандықтан, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жасампаз қазақстандық патриотизмге, Мәңгілік Ел идеясына үндеудің бастаушысы болып қала береді. «Ел» сөзінде үлкен біріктірушілік күш бар екенін әрқайсысымыз сезінгенде ғана біртектілігіміз бен біртұтастығымыз нығая түседі. Есеп беретін мемлекетті қалыптастырудың 91-ден 100-ге дейінгі қадамдары мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашықтығы мен мөлдірлігін арттыруға бағытталғанын айта келіп, аймақ басшысы бұл бойынша аумақтарды дамыту бағдарламалары мен оларды іске асыру жөніндегі жоспарлар жаңаша форматта кестеленгенін жеткізді. Брифинг аяқталған соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Он­да көктемгі тасқын су зардаптарын жоюға 300 миллион теңге бөлінгені, Петропавл қаласындағы жолдарды қалпына келтіруге 1,7 миллиард теңге қарастырылғаны, 26 елге таза су жеткізілетіні, көптен бері қаңтарулы тұрған «Биохим» кешені жыл аяғына дейін іске қосылатыны, Астана-Петропавл тасжолын күрделі жөндеу жұмыстары биыл аяқталатыны айтылды.

Алғашқы аяқалыс

Статистика мәліметтеріне сүйе­нетін болсақ, Қазақстандағы коо­перация құрамындағы шаруа және фермерлік қожалықтардың үлесі 1,5 пайыздан аспайды екен. Өркениетті елдер бұл жөнінен әлдеқайда алға кеткен. Өйткені, оларда ауылшаруашылық кооперациясы туралы заң, басқа да құқықтық актілер әлдеқашан енгізіліп, шаруашылық жүргізу, қызметті үйлестіру мәселелері оңтайлы шешілген. Ең бастысы, коммерциялық ұйым ретіндегі мәртебесі айқындалып, заңмен тыйым салынбаған қызметтің кез келген түрімен айналысуға ерікті. Осылайша қызмет ауқымы кеңейіп, нақты дербестік берілген. Бізде жалпы ауылшаруашылық өнімінің 45,7 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарының, 31 пайызы шаруа және фермер қожалықтарының, 23 пайызы ауылшаруашылық кәсіп­орын­дарының үлесіне тие тұра әлі бытыраңқылық, күш бірік­тірмеушілік басым. Мәселен, жеке қосалқы шаруашылықтар мал ша­руашылығы өнімдерінің 75 пайызын өндіргеніне қарамастан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы 25 пайыз төңірегінде ғана. Өйткені, салық заңнамасының жетілмегендігі, көлеңкелі эконо­миканың сақталуы, тағы басқа бюро­краттық, қағазбастылық ке­дергілердің кезігуі өндірістің ұсақ тауарлы сипатынан арыла алмай отырғанын байқатады. Осындай келеңсіз көріністер салдарынан былтыр елімізде бар-жоғы 1500-дей ғана ауылдық тұтыну кооперативі тіркелген. Ал, Қызылжар өңірінде еңбекке белсенді тұрғындардың 35 пайызы, яғни 120 мыңға жуық адам ауыл шаруашылығы саласына тартылғанына қарамастан жергілікті кәсіпкерлерінің ет, сүт өнімдерін қалдықсыз өңдеу салаларына бет бұруы, «Алтын асық», «Құлан» секілді мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы көңіл көншітпейді. Өткен жылы аграр­лық секторға 17 миллиард субсидия бөлінсе, негізінен ірі тауар өндірушілердің үлесіне тиген. Көктемгі дала жұмыстарын атқару үшін әр тоннасы 95 мың теңге жеңілдікпен берілетін 65 мың тонна дизель отыны биыл да алдымен алпауыт агроқұрылымдардың арасында бөліске түсері жасырын емес. Енді не қылмақ, қайтпек керек, тығырықтан шығу жолдары қайсы дегенде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен кәсіпкерлер палатасының мамандары биылдан бастап қолданысқа енген «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заңды ауызға алады. Олардың пікірінше, ауылдықтар үшін тиімділігі зор құжатта елді мекендерде кооперативтердің көптеп құрылуына, шағын және орта бизнестің өркендеуіне қолай­лы мүмкіндіктер жан-жақты қарас­тырылған. Заң талаптары шеңберінде ауылшаруашылық кооперативтері мүшелерінің құқықтары мен міндет­тері нақты белгіленумен қатар қауымдастық мүшесінің ақшалай түрінде енгізілген мүлік (пай) жарнасы бойынша дивидендтер алу құқығы өз мүшелеріне тауарларды өзіндік құны бойынша сатуы, сервистік қызмет ұсынудың оңтайлы түрлері басты жаңалықтардың бірі саналады.

Инвестициялық әлеует зор

Былтыр облыс экономикасына 128,4 пайыз өсіммен 154,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сөйтіп, инвестициялық өсім қарқыны жөнінен республика өңірлері арасында бірінші орынды иеленді. Оның ішінде ше­телдік компанияларды белсенді тарту арқылы атқарылып жатқан шаруа­лар аз емес. Жалпы үлесте олар­дың инвестициялық әлеуеті 60 пайызды құрайды. Елбасы инвестиция тарту бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін талай рет мәлімдеді. Өңірде негізгі сала – агро­өнер­­­кәсіп. Соңғы кездері ауыл­шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу мен өнеркәсіп саласы да қарқын алып келеді. Қаржыгерлердің тамақ өнер­кәсібі мен өзге де салаларға қызығушылығы байқалады. Бұрын инвесторлар негізінен Астана, Алматы қалалары мен еліміздің батыс өңірлеріне атбасын жиі бұрса, соңғы кездері теріскейге де жолдары түсетін болды. Биыл алғаш рет өткен инвесторлар кеңесінің отырысында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Аспанасты елінен келген инвесторлар 3 жоба ұсынды. Ресей, Финляндия елдерінің қар­жыгерлерімен жүргізілген екі тараптық келіссөздер барысында ұсыныстар қолдау тапты. Италиялық кәсіпкерлер 2300 гектар жер алып, озық технологиялар орнатуды жоспарлап отыр. Майлы дақылдар өсіруге биылдан бастап кіріспек ойлары бар. Қазір облыстың ин­вестициялық портфелінде 25 жоба бар. Инвестициялық декларация­ларға қол қою тәжірибесін бі­рін­ші болып енгізген облыс үшін аймақ басшысы Ерік Сұл­тановтың шетел елшілерімен ұйым­дастырған бизнес-ланчтың нәтижесі қазірдің өзінде жемісін бере бастады деуге болады. Онда шетелдік дипломаттар өңірдің ерекшелігімен, инвестициялық әлеуетімен, ірі жобалармен таныстырылып, нәтижесінде 67 елшілік қызығушылық танытты. Бүгінге дейін АҚШ, Қытай, Ресей елдерінің инвесторлары мүдделілік көрсетсе, енді Орталық Азия, Шығыс Еуропа аймақтарынан да ұсыныстар түсе бастады. Олардың арасында Румыния, Эстония, Македония елдері де қаржы құйғылары келеді. Сәуір айының соңында Қазақстан-Германия бизнес-форумын өткізу белгіленген. Сонымен қатар, Қытай, Түркия, Швеция елдерінен инвес­торлар тобы келеді деп күтілуде. Ал, жыл соңында «Қы­зыл­жар-инвест» форумы өткізіледі. Облыста  ауыл  шаруашылығы,  маши­на жасау, өңдеу өнеркәсібі жақсы дамығанымен, инвес­ти­циялық стратегия жасалмаған. Сон­дықтан тиісті орындар кешенді бағдарлама құрастыруға кірісіп кеткен. Мұн­дай құжаттар барлық аудандар бо­йынша қамты­лып, инвестициялық мүмкіндіктер жан-жақты сараланады. Сосын интерактивті веб-порталға салынып, шетелдік инвесторлардың танысуына қо­лайлы жағдайлар тудырылады. Бүгінгідей қаржылық дағдарыста инвесторлар тарту, қызығушылығын арттыру оңай емес. Өздері келіп, инвестиция салмайтыны бесенеден белгілі. Бәсеке­лестік заманында әр мүмкіндікті қалт жібермеген абзал. Инвесторлардың облысқа келуі­нің бір себебі – географиялық орналасуы жағынан өте қолайлы. Сол себепті көрші Ресеймен эко­но­ми­калық, сауда-саттық қарым-қатынас үлесі артып келеді. Бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Өмір ЕСҚАЛИ