• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2016

Толғақты ойлар тоғысы

310 рет
көрсетілді

Кеше Астанада өткен XIII Еуразиялық медиа форум (ЕАМФ) өз жұмысын аяқтады. Шараның соңғы күні де бірқатар өзекті мәселе талқыланып, әлемді алаңдатқан түйткілдердің түйінін тарқату жолдары сөз болды. Форумның бесінші мәжілісі Еуропалық одақтың болашағы мен қазіргі бәсекеге қабілеттілік деңгейіне арналып, сарапшы мамандар салмақты ойларымен бөлісті.

Еуроодақ тағдыры талқыға түсті

Отырыстың тізгінін ұстаған модератор, АҚШ-тың «Riz Khan Productions» компаниясының басшысы Риз Хан қатысушылар назарын Таяу Шығыс пен Африка елдерінен босқындардың ағылуына байланысты жағдайдың шиеленіскеніне, Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу мүмкіндігіне және ЕО-ның ыдырау қаупі туғанына аударды. «Расымен, бүгінде Еуроодақ жолай­­рықта тұр. Мүше елдер саяси инте­гра­циядан бастап қаржы ынты­мақ­тас­­тығы, әлеуметтік бірігуге дейінгі бар­­лық мәселелер бойынша келісімге келе алмауда. Елдер арасындағы теңсіз шарт­тар мен қарама-қайшылықтарды ескерсек, еуропалық нарыққа қауіп төніп тұрғанын аңғарамыз. Осыған байланысты Брюссель аталған мәселелерді шешуде жалпыеуропалық саясат құруға тырысу­да. Алайда, нәтиже көңіл қуант­пайды. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның айтуынша, уақыт өткен сайын Еуропа өзінің бәсекеге қабілет­тілі­гін жоғалтып барады. Демек, Еуроин­те­гра­цияның қазіргі ахуалы, шын мәнінде, алаң­дайтындай деңгейде», – деді Р.Хан. Өз кезегінде Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро Еуроодақтың шын мәнінде ауқым­ды әрі мақсаты айқын жоба екенін айт­ты. Экс-министр ЕО-ның оның негізін қалаушылар ойлағаннан да артық жұ­мыс істегеніне тоқталып: «Одақтың құрылуы сәтті жоба болды. Ол Еуропа­ның өркендеуіне, бейбітшіліктің сақталуы­на айтарлықтай септігін тигізді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Шығыс Еуропа елдерінде демократияның сәтті қа­лып­­­тасуына Еуроодақтың ықпа­лы зор болды. Соған қарамастан, Ұлы­бри­та­­ния­­ның Еуроаймақтан шығу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бұл ретте, біздің елде қоғамның қызығушылығы екі түрлі екенін айтқым келеді. Мәселен, сан жағынан басымдыққа ие сайлаушылар мен бизнес-элита өкілдерінің ұстаным­дары қарама-қайшы. Десек те, Еуроодаққа қордаланған мәселелердің ошағы деп баға беру дұрыс емес», – деді. Бұл пікірмен келісетінін білдірген Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты бойынша алқа мүшесі Тимур Сүлейменов Еуроодақ­тың әлі де болса жемісті жұмыс істеуі үшін айтарлықтай әлеуетке ие екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Еура­зия­лық экономикалық одақ ЕО-мен сауда қаты­на­сының ұзақ мерзімге жал­ға­са­тынына үмітпен қарайды. «Еуроодақтың инвестиция ағынына, сондай-ақ, өзара және сыртқы сауда-саттығына қарап, оның өміршең екенін айтуға болады. Одақ болашақта да зор әлеуетке ие болып қала береді. Сондық­тан, ол алға қойған мақсатына жету үшін өз жұмысын жалғастыра береді деп ой­лаймын. Ұлыбританияның ЕО-дан шығу мәселесіне келсек, меніңше, бұл екі тарап үшін де тиімсіз шешім», – деген Т.Сүлейменов ЕАЭО ЕО-ны өзінің дәс­түрлі серіктесі санайтынын жеткізді. Ал Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов біздің мемлекет бұл мәселеге өзге қыры­нан қарайтынын айтты. «Еуропа Қазақ­стан үшін қай кезде де ірі саяси серік­тестердің бірі болып қала береді. Әзірге әлемде Еуроодақтан артық инте­гра­цияның моделі жасалған жоқ. Оның үстіне, Еуропа тек технология мен инвес­ти­цияның ошағы ғана емес, сондай-ақ, жаңа құндылықтар мен инновациялық және саяси реформалар­дың ордасы. Сол себепті, Еуропаның қазіргі келең­сіз­­дік­тер­ді жеңіп шығатынына сенеміз. Осы ретте, ЕАЭО-ның құрылуына Еуро­ода­қ­­­тың тәжірибесі де айтарлықтай се­беп бол­ғанын атап өткен жөн», – деді Е.Ыдырысов. Кәрі құрлықтағы ахуалдың әлі де болса оңалмай тұрғанын Германиядан келген сыртқы саясат және экономика жөніндегі сарапшы Александр Рар да тілге тиек етті. Ол ЕО құрылғалы бері Еуро­па­дағы жағдайдың мұншалықты қиын болмағанын айтып: «Өкінішке қа­рай, 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін Еуропа тұрақты қалыпқа әлі келе алмауда. Грекиямен байланысты мәсе­ле­лердің өзі ЕО-ның іргесіне сызат түсі­ріп тұр. Аталған мемлекетте кез келген уақытта дефолт болуы мүмкін. Ал бұл Грекияның ЕО-дан шығуына әкеліп соғады. Сондықтан Еуропадағы қаржы тұ­рақ­тылығы туралы айтуға әлі ерте», – деді. Сонымен қатар, А.Рар ЕО шаңырағын шайқалтып тұрған екінші мәселе террорлық шабуылдар екеніне назар аударды. «Біз мұндай мәселені қалай шешу керектігін білмейміз. Терроризм жүрегімізге қорқыныш ұялатып қана қоймай, қоғамның бір бөлігін өз жақтарына қаратып алуда. Ол аз десеңіз, Еуроодақтың 60 жылдық тарихында болмаған босқындар мәселесі де жағдайды тым ушықтырып жіберді. Тіпті, маған осының салдарынан неміс қоғамы бірнеше бөлікке ажырай бастағандай көрінеді. Себебі, бір бөлігі босқындарды қабылдау керек десе, келесі топ мұсыл­мандану үдерісі жүріп жатқанын, соның салдарынан Еуропа өркениеті мен мәдениетіне қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағуда. Сондықтан, бүгінде Еуропа өз тарихындағы ең қиын күндерді бастан өткеруде деуге толық негіз бар», – деген сарапшы босқындар мәселесінде Германия канцлері Ангела Меркельдің саясатын қолдаушылар қатары аз екеніне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, Еуроодақтың Қазақ­стандағы өкілдігінің басшысы Траян Христеа, Түркия премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі Әли Осман Өзтүрік және Одақтас мемлекеттер (Ресей және Беларусь) мемлекеттік хатшысының кеңесшісі Мария Валовая атал­ған тақырыпқа қатысты өз көз­қарас­тарын білдіріп, Еуропаның бүкіл әлем үшін алар орны ерекше екенін айтты. Пікірлесу барысында сарапшылар Еуроодақты сақтау және нығайту үшін жаңа тұжырымдама қажет екеніне аса мән беріп, оның ыдырауының алдын алудың тиімді тұстарына тоқталды. Өйткені, Еуроодақтың іргесіне түскен сызат әлемнің экономикасына ғана емес, жалпы құрылымына да кері әсер етпек. Сондықтан, «Еуропа тап болған қазіргі «тар жол, тайғақ кешуден» барлық құрлық бірігіп өтуі тиіс» деген қорытындыға келген сарапшылар тұрақты әлем құру үшін жұдырықтай жұмылатын кез келгенін айрықша атап өтті.

Кино да қоғамның қозғаушы күші

Елорданың төрінде өткен Еуразиялық медиа форумның екі күні де ерекше естеліктермен есте қалды. Әр жиынның мәні мен мазмұны терең. Саясаттан сөйлесе сар­қыл­май, әлемдік әңгімеден тар­т­ынбай, шеберлік-сабақ­тарында шешіле сөйлеген шетелдік қонақ­тардың сөз қор­жыны қомақты еке­нін байқадық. Сан түрлі та­қы­рып­ты сабақтастыра әң­­гі­­ме­леп, пікір алаңын қыз­ды­ра түсті. Бізге де керегі осы. Кешегі күні көтерген келелі мәселенің бірі – кино саласы болды. Бүгінгі киноның хал-ахуа­лынан хабар беретін жиын­ды Ир­ландиядан кел­ген «Screen Daily.com» сай­тының редакторы Фио­н­нуа­ла Хэллиган жүр­гіз­ді. Өзекті ойларын өзге­лер­­мен бөліскен сарапшы ма­мандардың қатарында футуролог Рэй Хаммонд, Ресей Кинематографистер одағы төрағасының бірін­ші орынбасары Олег Иванов, «Thunder Communications International» компа­ниясының бас директоры Чарльз Лей және де кино саласында орнықты орын алып үлгерген кинопродюсер, «Eurasia Film Production» компаниясының бас директоры Гүлнәр Сәрсенова, «The Festivals Channel» телеарнасының директ­оры Тони Уоттс, киносыншы Андрей Плахов, Ресей Мәдениет министрлігі кино жөніндегі сараптама кеңесінің мү­ше­сі Андрей Терешок бар. Орамды ойларын ортаға салған маман­дар жарық көріп жатқан кинолардың жақсы тұстарын жариялап, кем-кетіктің орнын толтыруға тоқталып, сын-пікірлер де сырт қалмады.Тамырын тарқата түссек, бір сағатқа созылған басқосудың бас­­ты тақырыбы да белгілі. Бағыты да айқын. Көгілдір экраннан көрсетіліп жүр­ген көптеген фильмдердің сапасын сара­лау. Отандық ортадағы болсын, шет­ел­­дік шеңбердегі болсын әрбір туын­ды­ның көлеміне емес, береріне баса назар ауда­­руы­­мыз керек, деді келген сарапшылар. «Жасыратыны жоқ, әлемдік факторға айналған телевизия мен кино арқылы қоғамдық пікір қалыптасады. Жаһандану ғасырында біз «рухани аштығымыздың» орнын мәнді, мағыналы фильмдермен толтыруға тиіспіз. Бүгінде көркем шығарма оқымайтындардың ықыласы «көк жәшікке» ауып кеткен. Олар кітап оқуға ынта танытпаса да, кино көруге уа­қыт табады. Оның бәрі заманның залалы десек те, уақыт көшіне көнуге тура келе­ді. Сондықтан, неғұрлым көбірек тари­хи туындыларды тарту етсек, солғұр­лым келешек ұрпақтың санасы керек­ті мағлұматтармен толығатын бола­ды. Біз шығарған киномызды бәсеке бәй­ге­сіне салу үшін емес, ең бірінші өске­лең ұрпақтың өмірі үшін тәрбие құра­лы­на айналдыруымыз қажет. Жақс­ы дүние­лер­ді жарнамалап, пайдалы фильм­дер­дің қатарын көбейтуге көңіл бөлуі­міз керек», – деді алғаш болып сөз ал­ған Қы­тай мемлекетінің өкілі «Thunder Communications International» компа­ния­сы­ның бас директоры Чарльз Лей. Иә, ақиқатына жүгінсек, құптауға тұрарлық пікір екені даусыз. Тәрбие құралына айналдыра алсақ, тіпті тамаша. Себебі, бүгінгі бүлдіршіннің сырласы да, мұңдасы да көгілдір экран екені көп­шілікке мәлім. Олардың ойы да, ойы­ны да төртбұрышты құрылғының төңірегінен аспай қалғаны жасырын емес. Экраннан көргеніне еліктеп жүрген бала­сының ертеңіне елеңдейтін ата-аналар да аз емес. «Баламыз теледидарға телміріп, тіл­­де­суден қалдық», деп қапаланып жүр­­гені қаншама. Оған бола заманды да, адамды да айыптаудың ағат қылық екені белгілі. Маң-маң басқан түйелі керуеннің көшіндей өмір өз жырасымен жыл­жып барады. Оны тоқтатуға, я өзгер­ту­ге Құдайдан басқаның құдіреті жете қоймас, сірә. Сондықтан да, техниканың қарыштап дамыған қадамына қарғыс айтудың қажеті жоқ. Компьютерді кәдеңе жаратып, ин­тер­нетті игілігіңе пайдалана білсең, алыс­ты жақындатып, уақыттан ұтылмай уы­сыңда ұстауға үйренесің. Ғасырдың бер­ген ғаламаттарын меңгеретін бол­сақ, ға­жайып ғаламшардың кілтін тап­қан боламыз. Теңіздің тереңіндегі мар­жан тастай маңызды ақпараттарды өз қолы­мызбен оқуға мүмкіндік алар едік. Осының бәрі ойланған адам үшін орын­далатын арман. Қимылдамағандар қиял көріп жүре берері сөзсіз. Жә, сарап­шы­ларға оралсақ... Бұқара көзін тіккен бұқаралық ақпарат құралдарының кино туындыларды алдыңғы қатарға қоюға да, біржола жоюға да дәрмені жететін дәуір болып тұр. Иә, айтпағымыз жарнама саласы. Нарыққа шыққан кез келген заттың жарнамасы жақсы болса, соншалықты сұранысқа ие болып, тұтынушысы да толастамайды. Бүгінгі мамандар да бұл тақырыптан аттап өтпеді. Өндірген киноңның көрермені көп болғанын қалайсың ба? Олай болса, жарнама қызметін қыздыра түс. Сонда көресің, елдің бәрі еңбегіңе таласып, жаппай, жанталасып алып жатқанын. «Бұрынғы жастар кітапханада таны­сушы еді, қазіргі жастар түнгі клуб­та танысады», деп бастады сөзінің әлқис­сасын Ұлыбританиядан келген мей­ман Рэй Хаммонд. «Осылай болуына кино­ның тікелей әсері бар. Сондықтан да, әріптестерім айтқандай, танымдық туын­дылар тамыр жаятын болса, саналы ұрпақтың саны сатылап өсетінін көретін боламыз», – деді ол. Сарапшылардың сапар шеккен тағы тақырып аралы, ол – кинотеатр. Шынын­д­а да, күнделікті күйбең тірші­лікке бай­лау­лы жандардың бол­сын, бос уақы­ты жетер­лік жеткін­шек­тер болсын, олар­дың кинотеатрға қап­тап барып жатқанын көп көрсек те, кино­театрлардың іші толып кеткенін көрмейміз. Оған дәлел, тағы да техни­каның дамуы. Қазір кез кел­ген адамның үйінде ноутбук, колында план­шет жүретіні айдан анық. Керекті киносын кинотеатрға бармай-ақ, қалаған жерінен тамашалай алатын күнге жеттік. Әрине, әр сарапшының әңгімесі әр­түр­лі болғанымен, ортақ ойлары да кез­­десіп жатты. Бірі кино жанрына мән беруі­міз керек десе, енді бірі мықты сце­на­рийстер дайындауымыз керек десті. Қалай болса да, ұрпақ тәрбиесін басты ұс­та­ным етті. Жиі-жиі жиналыс жасап, ой бө­лі­сіп, тәжірибе алмасу алаңын ұйым­­да­с­­тырып отыруды да ұсынғандар болды. Қорытынды мәжілістегі қонақтардың күн тәртібіндегі тақырыпқа жасаған талдауы, қысқаша айтқанда, осындай. Аталмыш Еуразиялық медиа форумның негізгі міндеті – мәселе шешу емес, оны жан-жақты пікір айту арқылы саралау. Айтылған пікірлерге сүйене отырып, талдау негізінде таңдау жасау әр адамның өз еркінде.

Қаржы журналистикасы – маңызды сала

Бұл күні Еуразиялық медиа форум аясында «Қаржы журналистикасының бағыты» тақыры­бында шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Оны тележүргізуші, РБК телеарнасы бас редакторының орынбасары Даниил Бабич (Ресей) жүргізді. Бұл шарада негізінен қаржы саласындағы ақпарат тарату мәселелері кеңінен сөз болды. «РБК» арнасында қызмет істейтін маман телеарна мен ғаламтордың өзара байланысы туралы құнды деректерді келтіре отырып, іскерлік және бизнес бағытындағы салалық тәжірибесін ортаға салды. Сондай-ақ, ол АҚШ және Ресей­дің алдыңғы қатарлы телеарналарын салыстыра отырып, тиімді жұмыс тәсіл­дерін ұсынды. Оның айтуынша, атал­ған салаға қатысты журналистика қар­жы нарығында қызмет көрсетеді. Бұл бағыт­та қызмет ететін журналистер қар­­жы нарығындағы жаңалықтармен қам­­та­масыз етіп қана қоймай, түрлі талдаулар, сараптамалар жасайды. «Іскерлік және қаржы журнали­с­тикасын ажыра­та білу қажет. Қаржы журналистикасы – іс­керлік жур­на­лис­тикасының бір бөлігі. Бұл екеуі­нің айыр­машыл­ығы – іскерлік журналистика бизнес-аудитория сұрақ­тарына, ал қаржы журналистикасы одан да аз топтың сауал­­дарына жауап береді. Әдетте, бұл топ қаржы нарықтарымен, қаржы қыз­мет­­терімен байланысы бар адамдар шоғы­ры болып келеді», – деді Д.Бабич. Одан әрі маман негізінен трейдер­лерден, инвести­циялық компаниялар мен банктердің қызметкерлерінен тұратын РБК аудиториясының 2006-2015 жылдар аралығында қалай өзгергенін атап көр­сетті. Даниил Бабич 2006 және 2015 жыл­дар аралығындағы трейдерлердің қыз­метіне баға бере отырып, қазіргі қар­жы маманы әл­де­қайда мобильді әрі көп­те­ген гад­жет­­тер­ді пайдаланады деген қоры­тынды жасады. Сонымен қатар, Д.Бабич қаржылық басылым­дардың оқырмандары бөтеннің өмірін аңдуға, өзгенің ақшасын санауға және басқа да түрлі жайттарды білуге құштар келетінін жеткізді. Шеберлік-сабақ барысында спикер әлемге танымал қаржылық басылымдарда қандай үдерістер орын алып жатқанын ар­найы көрнекі құралдар арқылы түсін­ді­р­іп берді. Осы орайда, ол бүгінгі жаңа тех­­но­логиялар қаржы саласындағы бұқара­­­­лық ақпарат құралдарының қыз­мет көр­­се­ту сапасын жетілдіре түскенін сөз етті.

Алқалы жиын аяқталды

Арқаның ару қаласы Астанада өткен алқалы жиын да өз мәресіне жетті. Әлем­нің әр жерінен келген саясат сардарлары мен сарапшы мамандардың сан түрлі пікір­лері, келелі кездесулері, маңызды мәжі­ліс­тері бірқатар тақырыптың басын қайырды. «Бірде-бір мемлекет оқшауланып, өздігінен өмір сүре алмайды. Сандық технологиялар мен ғаламтор желілері адамдарды жақсы өмір сүру жолын іздеуге итермелейді. Бұл үкіметтерді табыс табудың жолдарын қарастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мәжбүрлейді. Қазір бәрін өлшеуге болады деп айтып жатады. Бірақ не болып жатыр? Кім кінәлі? Не істеу керек? – деген бітпейтін сұрақтардың жауабын іздейтін біздің сана-сезіміміз бен ойлау жүйемізді цифрлау мүмкін емес. Бұл ретте, осындай пікір алаңдарына қашан да сұраныс жоғары», – деді жиын соңында сөз алған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, ЕАМФ ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева. Сондай-ақ, Вице-премьер келесі ХIV Еуразиялық медиа форум 2017 жылдың 22-23 маусымы күндері Астана қаласында ЭКСПО көрмесінің аясында өтетінін жеткізді. Талғат БАТЫРХАН, Жолдыбай БАЗАР, Еламан ҚОҢЫР, Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ