• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2016

Өрісі кең Оңтүстік өңірі

780 рет
көрсетілді

Аймақта тоқыма кластері мен отандық фармацевтика құлашын кеңге жайып келеді

Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «AZALA Textile» серіктестігінде болып, өндірістің барысымен танысты. Мемлекет басшысына облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов өңірдегі индустриялық даму бағдарламасының орындалу барысы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылуы мен жеңіл өнеркәсіп нысандары қызметі жайлы баяндап берді. «AZALA Textile» – мақтадан жіп иіріп, ал жіптен мата тоқуға маман­данған серіктестік. Соны­мен қатар, онда матаны бояуға мүм­кін­дігі бар әрлеу цехы да жұмыс істейді. Жоба құны 3,4 млрд. теңге болатын фабриканың жылына 2 824 тонна иірілген жіп, 13 488 мың шаршы метр ағар­тылған, боялған және басылған маталар, 2 230 мың дана төсек-орын тыс­тары жиынтығы мен 7 273 мың дана түкті өнімдер шығаруға мүмкіндігі бар. Бүгінде 465 адамды жұмыспен қамтып отырған фабрика мақта-мата өнімін өндіруде. Швейцария мен Бельгия елдерінің компаниялары шығарған жабдықтар қолданылып, Германия, Австрия және Италия мемлекеттерінің жаңа желілері орнатылған. Бұған дейін жіп, маталар шетелден тасымалданатын еді. Ал, шикізаттың валютамен қымбатқа түсетіндігі белгілі. Оңтүстік Қазақстан – респуб­лика бойынша мақта егетін бірден-бір өңір. Жеңіл өнеркәсіптің азды­ғынан «ақ алтынымыз» шетелдерге су тегінге кетіп, оның орнына қымбат бағаға киім-кешек, тоқыма өнімдерін алып келдік. Осының бәрін ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке мақта-мата кластерін дамытуға тапсырма берген. Соның арқасында шитті мақ­таның 35 пайызы облыс­тың тоқыма фабрикаларында өңделетіндей жағдайға қол жеткізілді. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов өңірдегі тоқыма саласындағы кәсіп­оры­ндарды тұрақты шикізат­пен қам­тамасыз ету мақсатында мақ­та егу көлемін арттырып, жаңа сұрып­тарын өсіру бойынша жұмыс жүр­гізіп жатыр. Былтыр мақталы аудан­дарда 99 мың гектарға «ақ ал­тын» егілсе, биыл оның көлемін 11,4 пайызға көбейтіп, 100,6 мың гек­тарға жеткізу жоспарлануда. Яғни, мақта дақылы 238 тоннаға көбейеді. Мақта егетін жері жоқ болса да шикізатты сатып алып, мақта-мата өндірісі арқылы пайдаға шығып отырған мемлекеттер бар. Елбасының қолдауы өңірімізде тоқыма өндірісін өрістетуге кең жол ашып, «Оңтүстік» ер­кін экономикалық аймағында «ақ алтынды» терең өңдейтін кәсіп­орындардың көптеп ашылуына мұрындық болды. Облыс әкімдігі 2020 жылға дейін ақ мақта көлемін 420 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Соның нәтижесінде 90 пайызы отандық тоқыма фабрикаларында өңделмек. « AZALA Textile» – елі­міз­дегі тоқыма өндірісінің көшбас­шыларының бірі. Елбасы мақтаны терең өңдеп, жіп иіруден бас­тап тоқыма өндірісін жақсы жолға қойған фабриканы аралап, дайын өнімдерімен таныс­ты. Тоқымашылардың жанына келіп, тігіп жатқан дүниелерін көрді. «Баяғыда шешеміз тігін машинасының құлағын қолымен айналдырып көйлек тігер еді, ал сендер жаңа технологияның жемісін көріп жатырсыңдар», – деді Мемлекет басшысы. Содан соң өзін күтіп тұрған фабрика жұмысшыларының қасы­на келген. «Еліміздің өз мақтасы бар. Сырттан шикізат тасымаймыз. Тоқыма өндірісін толық жолға қойсақ, бүгіндері сырттан тасымалданатын киім-кешектерді өзіміз тігіп, еліміздің әлеуетін көтереміз. Импорттық тауарлар орнын алмастыру – Қазақстан­ның экономикалық саясатының ма­ңыз­ды міндеттерінің бірі, индус­трия­лан­дырудың түпкі мақсаты сол», – деді әңгіме орайында Президент. Фабриканың жұмысшы-қыз­меткерлерімен емен-жар­қын әңгімелесіп, ара-арасында әзілдесіп алған Нұрсұлтан Әбішұлы олармен естелікке суретке түсті. Елба­сына фабрика­ның тыныс-тір­шілігін толығы­мен баяндаған кәсіпорынның құрылтайшысы Бауыржан Жамалов тоқыма өндірісінің болашағы жайлы да жан-жақты айтып берді. 2005 жылы, осы кәсіпорынның жұмысы енді басталғанда Елбасы сәттілік тілеп, жаңа технология жетістіктерін пайдалануға Үкімет тарапынан көмек болатындығын айтқан болатын. Кәсіпорынды аяғынан тұрғызуға жұмсалған 6,5 млрд. теңгенің алғашқы траншы 3,5 млрд. болса, кейінірек 2,5 млрд. бөлінген. Ал, 1 млрд. – зауыт құрылтайшысының өз қаржысы. Бауыржан Жамаловтың әкесі Салдар ақсақал – Мақтарал өңірінде айтулы мақта зауытын іске қосқан азамат. Ал «AZALA Textile» серіктестігінің сырттан шикізат сатып алатындай мұқтаж­дығы жоқ, өз өнімі өзін толық қамтамасыз етуге жетеді. Мақта зауыты мен жіп, мата дайындау цехы толық күшінде. Егер дайын өнімдер бөлімі жақсы қарқын алса, несиеден үш-төрт жылдың көлемінде құтылуға мүмкіндігі бар екен. Оған алғышарттар жоқ емес. Әзірге тоқыма бұйымдары ішкі нарықтың қажетін өтеп жатыр. Халықаралық сауда белгісі бар ірі маркеттермен келісімшарттар жасалған. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Түркия кәсіпкерлері сырттан тасымалданатын дайын өнімдерін «AZALA Textile» өнім­дерімен алмастырған. Оның сыртында, «AZALA Textile» – Қазақстан Қорғаныс министр­лігінің «Жасампаз» жобасына кірген ең ірі бес фабриканың бірі. Министрліктен келген өкілдер мұндағы әскери формалардың тігілу сапасына жоғары баға беріп­ті. Бұл – мемлекеттік тап­сырыс то­қы­­ма өндірісінің жұмы­с ауқы­мын кеңейтеді деген сөз. Ал ол – жақ­сы табыс. Оңтүстіктегі тоқы­­­ма өн­дірісінің алым­дылығы, сапа­сының жоға­ры­лығы алыстағы Афри­каның Гана мемлекетіндегі кәсіп­керлерді қызықтырған сыңай­лы. Яғни, енді халықаралық сауда айна­лымына шығуына мүмкіндік беріледі. – Осының бәрі Сіздің арқаңыз Нұрсұлтан Әбішұлы, – деді Бауыржан Салдарұлы. – Қиын кезде қолтығымыздан демеп, қанат бітірдіңіз. Мақта, мата клас­терін қалыптастырып, алдағы жұ­мы­сымызды оңтайландырып бердіңіз. Соның арқасында Қазақстан­ның жеңіл өнеркәсібі аяғынан тұрып қана қоймай, мемлекет қажетін, тұтынушылардың тапсырысын орындайтындай биікке көтерілді. Сол үшін Сізге барша жеңіл өнеркәсіп саласы қызмет­керлерінің атынан алғыс айтамыз. Елбасы «AZALA Textile» фабрикасының аты нені білдіре­тіндігін сұраған. Ал Бауыржан Салдарұлындай қазақтың дарабоз баласының шаңырағында бес қыз, үш ұл талшыбықтай жайқалып өсіп келеді. Фабрика атауы сол қарлығаштай бес қыздың есімінің алғашқы әріптерінен құралыпты. Айтқандай, «AZALA Textile» серіктестігі қонақ үйге не керек, бәрін өте сапалы тігеді. Бауыржан Салдарұлы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне өз өнімдерімен қатысуға ниетті. Яғни, Қазақстан өнеркәсібінің тағы бір тынысы ашылмақ. Елбасы Шымкентте 1 миллиондай халық бар екенін, оған Бауыржандай оғландардың үлес қосып жатқандығын әзілге сүйей айтып, «Біз көбеюіміз керек, сонда бүгінгімізден де мықты боламыз», – деді. «AZALA Textile» серіктес­тігінен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәрі-дәрмек шығарумен айналысатын «Химфарм» акцио­нерлік қоғамы фарма­цевтика­лық компаниясында болды. 130 жыл­дық тарихы бар «Химфарм» АҚ бүгінде жылы­на жалпы сомасы 16,5 млрд. теңге болатын 1,2 млрд. таблет­ка мен капсулалар және түйіршіктер, 300 млн. ампула, 6 млн. инфузия, 40 млн. антибиотик құтылары мен 26 млн. шәрбат құтылары сынды дәрі-дәрмектің 200-ден астам түрін шығарады. Қазақстан Республикасында тегін медициналық көмектің кепіл­дендірілген көлемінің шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттардың жалпы көлемінің үштен бір бөлігі­нен артығын шығарып, жеткізетін «Химфарм» АҚ-та 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Сауда белгісі «SANTO Member of Polpharma group» болып табылатын «Химфарм» АҚ бүгінгі күні өндірілген өнімдерін бес мемлекетке – Ресейге, Моңғолияға, Қырғызстанға, Тәжікстанға және Түрікменстанға экспорттап, сату көлемін жоғарылату мақсатында Қырғызстанда өкілдігін тіркеді. Ендігі жоспар Өзбекстанның на­ры­ғына шығу және Ресейдегі ала­тын орнының ауқымын кеңейту болып отыр. Мәселен, 2015 жылы құны 1,3 млрд. теңгеден асатын дәрі-дәрмек жоғарыда аталған мемлекеттерге экспортталған. Жалпы, өңірімізде іске қо­сыл­­­ған жобалардың 94 пайызы жоспарланған қуаттылықта жұ­мыс істеп жатыр. Мысалы, 2015 жылы облыста өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 668,4 млрд. теңгені құрап, 3,1 пайызға артты. Бұл көр­­сет­кіш бойынша облыс 98,4 па­йыздық көрсеткішке жетіп, респуб­ликада 5-орынға шықты. Тұтастай алғанда, кәсіпорын елдің жалпы дәрі-дәрмек нарығының 5 пайыздан астамын қамтиды және дәрілік заттардың ішкі өндірісінің 50 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы «Химфармда» еңбек ұжымымен кез­­десіп, жаңа цехтың ашылуы­мен құттықтады. Қазақстан өзіне қажетті көп дәрі-дәрмекті сырт­тан сатып алып келді. Ал «Химфарм» АҚ-тың дәрілік препараттар нары­ғында бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа табыстарға жетуге мүмкіндігі бар. «Химфармның» отандық фармацевтика саласында көшбасшы боларлықтай жағдайы барын айтқан Елбасы әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуларына тілек­тестік білдіріп, отбасыла­рына баянды бақыт тіледі. Ал цех ең­беккерлері Қазақстан Пре­зи­­дентіне осы салаға көңіл бөліп отыр­ғаны үшін алғыс айтты.  Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ