Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясы Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының көктемгі сессиясына қатысты. Делегация құрамына сенатор Георгий Ким енген болатын, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенаторлар Парламенттік Ассамблеяның төрағасы Педро Аграмунтпен, ГФР Бундестагының депутаты Аксел Фишермен, испандық депутат Жорди Чукламен, сондай-ақ, Болгария Халық жиналысының депутаты Хамид Хамидпен екіжақты кездесулер өткізді.
ЕКПА Саяси мәселелер және демократия жөніндегі комитетінің отырысында күн тәртібіндегі «Еуропалық Кеңестің Қазақстанмен қатынастары» тармағын талқылау аясында Ассамблея депутаттары А.Фишер және Ж.Чукла сөз алып, біздің елімізде өткен Парламент Мәжілісінің сайлауы туралы оң пікір білдірді және Қазақстанды Еуропалық Кеңестің сенімді әріптесі және аймақтағы тұрақтылық тірегі ретінде атап өтті.
ЕКПА депутаттары демократиялық қоғамның одан әрі дамуы жолында елеулі табыстарға қол жеткізген Қазақстан мен Еуропалық Кеңестің ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығы жөнінде ортақ пікірде болды.
Сенат Төрағасының орынбасары Еуропалық Кеңестің қылмыстық сот төрелігі саласындағы конвенцияларына Қазақстанның қосылуы басым міндет екенін атап өтті. Ол еуропалық әріптестерді бес институттық реформа – Ұлт Жоспары мазмұнымен, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасымен, сондай-ақ, демократиялық реформаларды одан әрі іске асыру жөніндегі қабылданған шаралармен таныстырды.