• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2016

Үлкен ел – үлкен отбасы

833 рет
көрсетілді

Ульяна және он бала Қаратаулық жиырма алты жастағы ана У.Ким он баланы бағып-қағып отыр Олар жайлы ойда-жоқта естіп, таңғалдым. Сосын арнайы барып көруге бел будым. Қаратау қаласындағы Ә.Шымырұлы көше­сіндегі кішкене үйдің дарбазасын ашқанымыз сол, жамырай амандасқан балаларды көріп, жүре­гімді қуаныш кернеді. Сәлден соң үйден шыққан жап-жас орыс келіншегі амандасты. Мына шүпір­леген жас өскіндердің асыраушысы әрі анасы (иә, оны бәрі солай деп атайтынын да білдім) Ульяна Ким болып шықты. Көктемнің алғашқы күні ғой. Есік алдындағы жеміс-жидектің бұтақтары бүршік жара бастапты. Көкөніс егетін алқаптың жерін қоқыстан, шөп-шаламнан тазарту да керек-ақ. Шамам келмейді деп жүрген ешқайсысы жоқ, бес-алты жасар балақай да осында. Бәріне бас-көз болып жүрген Ульянаның енесі, балақайлардың әжесі – Надежда Генхвановна Ким. Әңгімеміз жарасып жүре берді. – Келінім балалар үйінде өскен. Ата-ананың жоқтығының тақсыретін әбден тартқан. Жүрегі жұмсақ, жаны нәзік. Жетім көрсе – жебеп, жан шуағын төккісі келіп тұрады, – дейді енесі келінін мақтап. – Ульянаның өзі үшеу туды. Балам Валентин Оңтүстік Корея мемлекетінде жұ­мыс істеп жатыр. Жазға салым келіп, тұр­мысымызды көріп кетеді. Не керек, келінім жетім балаларды қамқорлығымызға алайық деді. Біз қарсылық жасаған жоқпыз. – Әрбір сәби ата-ана мейірімін аңсайды, – дейді Ульяна, – балалар үйінде жылы-жұмсақ жеп отырса да, аялы алақанды, өз үйі болғанын аңсайды. Өзім де сондай сәтті басымнан өткердім емес пе?! Осылай деп жас келіншек көзіне жас алды. Сөйтіп, енесі екеуі әуелі Меркідегі Савва, кейін ондағы балалар үйі жабылған соң Тараз қаласындағы Сармолдаев атындағы балалар үйін жағалап, қамқорлыққа бала асырап алуға ниет еткен. Со­дан бері, тиісті ұйымдардың келі­сімімен 5 баланы асырап, бағып отырған жағдайлары бар. Оның үстіне, Қаратау қаласынан ата-ана қарауынсыз қалған 3 қыз жазғы демалыстарында (олар колледжде оқиды) келіп, осы үйді паналайды екен. Сегіз баламен бірге өзінің ұл-қызы мен жиенінің үш баласы да шаңырақтың шаттығына айналған. Ульянаның «үлкендері» Нина Петровна Алматыда колледжде стилист-модельер мамандығына машықтануда, жаз шыға туған үйіне асығады ол. Ал Александр – 9, Анна – 7, Петр 5-сыныпта, Анатолий алғашқы дайындық сыныбында оқиды. Бәрі де қаладағы К.Маркс атындағы орта мектепте білім алып жүр. Виктория, Светлана, Любовь – қаладағы колледж білімгерлері. Бауырдай болып кеткен үш қыз да жазғы демалыстарында Ким отбасын паналайтын сияқты. – Оларға үйге келме деп айтуға дәтім де жетпейді, – дейді Надежда Генхвановна. – Келсе, құшақ жая қарсы аламын. Алмағайып заманда бір-екі баласын асырауға қауқары зорға жететін ата-аналарға бұл да бір өнеге аларлық іс емес пе?! – Бес балаға Үкімет 106 мың теңге жәрдемақы тағайындаған. Құ­дай­ға шүкір, киіміміз бүтін, тамағы­мыз тоқ, – дейді Ульяна Рома­новна. Әсіресе, корей этномәдени бірлес­тігі­нің мүшесі Екатерина Цойға алғы­сымыз шексіз. Қай кезде де қол­ұшын беруден бас тартпайды. Ол кісінің өзі үйге соғып, балалар­дың хал-жағдай­ларын біліп, жолы түс­песе телефон шалып тұрады. Екатерина – қалаға сыйлы кәсіп­кер, кісілігі мол әйел. Әңгіме арасында мен жақында ғана Қытайдағы 125 баланы асырап алған қазақ әйелі туралы фильм көргенімді, оны Қытай үкіметі шақырып алып, «Жыл адамы» деген атақ бергенін айтқанымда, Надежда: – Балалар үйіне барған сайын көздері мұңға толы балаларды көріп жүрегім қарс айырылады. Мейірімді жандар табылып, соларды асырап алса ғой, жетім деген болмаса ғой деп тілеймін, – дегенде, «Шіркін-ай» дегеннен басқа ештеңе айта алмадым. Көз алдыма дүниеге келген сәбилерін қоқысқа заттай лақтыра салатын көкек аналар елестеп, қамы­ғып қалдым. Солар, Ким әулетінен үлгі алып жатса, қанеки. «Балалы үй – базар» дегеніміз сол емес пе?! Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ  Жамбыл облысы, Қаратау қаласы