• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2016

Жоғалған қыз табылды

545 рет
көрсетілді

«SOS!» деп айқайлағың келеді кейде. Адамдардың қатыгезденіп, жүрегі қатып, кісілік келбетін жоғалтып жатқанын көргенде кімнен көмек сұрарыңды да біл­мейсің. Қарапайым ғана адам­гершілік деп аталатын сезімнің өзі жоғалудың алдында тұр ғой. Мейірім дейтін үлкен қасиетті әркімнің бойынан кездестіре бермейсің бүгінде. Егер мейірім мен махаббат болса, онда жаңа туған сәбиін дәретханаға тастай ма? Адамдар қағаз ақша үшін бірін-бірі өлтіре ме? Тұтастай отбасын қойша қырып кете ме? Қыздың арын таптай ма? Адамдар із-түзсіз жоғалып кете ме? Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желі шулап қоя берді. Шиелі ауданының Бестам ауылында тұратын 16 жастағы қыз жоғалып кеткен. Тағы қандай сұмдық болды екен деп зәреміз кетті. Өйткені, жас қыздардың жоғалып, денесі таудың аңғарында, жолдың бойын­да табылып жатқан жағдай жоқ емес. Сәуірдің 18-і күні сабаққа кетіп, содан оралмаған оқушыны ағайын-туысқанынан бөлек, құқық қорғаушылар да сабылып іздеді. 2-сабақтан кейін ешкімге ештеңе айтпай кетіп қалған. Жұрт табанынан тозды. Әсіресе, Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі күні-түні жұмыс істеді. Жас қыздың жоғалу фак­тісі бойынша іздестіру шаралары жүргізіліп, жасөспірімнің тұр­паттық бейнесі, ерекше белгілері жасалды. Үйден кетіп қалуына себеп боларлық бар­лық жайттар жан-жақты қа­ралып, баруы мүмкін орындар тексеріліп, құрбылары мен дос­тарынан түсініктемелер алынды. Аталған фактіге себеп боларлық жайттар, барлық болжамдар жан-жақты қаралды. Осындай еңбектің арқасында қыз табылды. 21 сәуір күні түскі сағат 14.30 шамасында Қызылорда қаласынан қуанышты хабар келді. Жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторлары Абай Мәдиев пен Мақсат Сыздықов қызды Қызылорда қаласы, әуежай аумағындағы танысының үйінен тауып алған. Оның жалпы жағдайы жақсы деп бағаланып отыр. Ал үйінен не үшін кетіп қалғаны, неге ата-анасына амандығын айтып ескертпегені анықталып жатыр. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы