Таяуда Астанадағы Ұлттық мұрағат ғимаратында ЮНЕСКО белгілеген мерекелік іс-шаралар аясында «Алашорда» қазақ ұлттық үкіметінің көшбасшысы және төрағасы, I Мемлекеттік Думаның депутаты, түркі халықтарының ардақты ұлы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан – Алаш көсемі» атты дөңгелек үстел және көрнекті саяси қайраткердің мерейтойы құрметіне белгілі қазақстандық суретші Е.Айтуаровтың «Тәуелсіздік үшін күрескен Әлихан» картинасының тұсаукесері өткізілді.
Шара мақсаты – XX ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын насихаттай отырып, Қазақстанның территориялық тұтастығын қорғап қалған қазақ елінің даңқты ұлының тағдырына қатысты жайттардан құлағдар ету. Дөңгелек үстелді Ұлттық мұрағат директоры Марат Әбсеметов ашты. Содан соң Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлы, «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, Мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған, т.б. алыс-жақын шетел тарихшы-ғалымдары мен мұрағатшылар қауымы қатысып, есімі исі түрікке мәшһүр болған ардақты Алаш ұлының өмірінен тың деректер келтірді. Тақырып төңірегінде Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси және ғылыми қызметі жайында еркін пікір алмасулар болып, құжаттық көрмеден тың дүниелер таныстырылды. Онда «Алашорда» партиясы көшбасшысының құжаттары (білім аттестаты, тұтқындалушының анкетасы, тергеу хаттамалары, фото және бейнеқұжаттар және т.б.), Ә.Бөкейхан мен «Алаш» саяси партиясы қозғалысына қатысты жазылған қазақстандық жазушылар мен ғалымдардың еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»