• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2016

Әлеуметтік желіде «Ғасыр лақтыруы» қызу талқыланып жатыр

285 рет
көрсетілді

АСТАНА. 23 сәуір. Олимпия ойындары жақындаған сайын әлеуметтік желіде өткен Олимпиадалардан сыр шертетін қызықты дүниелер жарияланып жатыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Солардың бірі 1972 жылы Мюнхень қаласында өткен Жазғы Ойындарда «Ғасыр лақтыруы» атанған күрес тәсіліне арналған. Қазір бұл постты facebook әлеуметтік желісінде 712 адам өз парақшаларында таратса, оған 1 400-ден астам адам лайк басқан, яғни постты ұнатамын деген бағасын берген. Постта салмағы 110 кило Германия балуаны Вильфрид Дитрихтің грек-рим күресінен өткен сында өзінен салмағы ауыр америкалық түйе балуан Крис Тейлордың белінен қысып, асыра лақтырғаны туралы жазылған. Осы постта салмағы 187 кило АҚШ балуанының құлап бара жатқан суреті жарияланған. Бұл суретті швед фотографтары түсірген. Ол сурет «Ғасыр лақтыруы» деп аталып кетті. Кейін америкалық балуан: «Бұл өмірде мені кілемнен жұлып алып, лақтыратын адам бар деп ешқашан ойлаған жоқпын. Мен қателескен екенмін», деген екен. Осы Олимпиадада Крис Тейлор грек-рим және еркін күрестен белдесті. Ол Вильфрид Дитрихтен жеңілгеннен кейін жартылай финалда еркін күрестен Кеңес Одағының атақты балуаны Александр Медведьтен ұтылып, қола жүлдені иеленді. Сол кезде Крис Тейлордың жасы 22-де болса, талай Олимпиаданың кілемінің шаңын қаққан Вильфрид Дитрихтің жасы 39-да болыпты. Бұған дейін Германия балуаны 1960 жылы еркін күрестен Рим Олимпиадасының чемпионы атанса, осы жарыста грек-рим күресінен күміс медальді, 1956 жылы Мельбурнде өткен Олимпиаданың күміс жүлдесін,1964 жылы Токио және 1968 жылы Мехико Олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алған болатын. Ол 1992 жылы 58 жасында Оңтүстік Африка Республикасында қайтыс болды. Ал Крис Тейлор 1979 жылы АҚШ-та 29 жасында  бақилық сапарға аттанды. Дастан Кенжалин. Дерек, фото: Facebook әлеуметтік желісі.