• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2016

Головкин кәсіпқой бокстағы 35-ші жеңісіне жетті

303 рет
көрсетілді

АСТАНА. 24 сәуір. Бүгін АҚШ-тың Калифорния штатының Инглвуд қаласында отандасымыз Геннадий Головкин америкалық Доминик Уэйдті жеңіп, кәсіпқой бокстағы 35-ші жеңісіне жетті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұл айқасты жанкүйерлер асыға күтті. Өйткені, Головкин жекпе-жекке WBC (Interim), WBA, IBF, IBO белбеулерін тіккен болатын. Кездесуде Головкин қарсыласын бірінші раундта нокдаунға жіберіп, екінші раундта сұлатып салды. Сөйтіп, жекпе-жек екі раундқа ғана созылып, отандасымыз кәсіпқой бокстағы 35 айқасының барлығын жеңіспен аяқтады. Соның ішінде 32 кездесудің 22-сінде уақытынан бұрын жеңіске жетті. Ал Уэйд алғаш рет қарсыласынан жеңілді. Бұған дейін ол 18 рет шаршы алаңға шығып, соның барлығын жеңген болатын.  Жекпе-жекте қазақстандық боксшы қатарынан 16-шы рет WBA тұжырымындағы чемпиондық белдікті қорғап қалды.Оның үстіне Головкиннің IBO атағын 13 рет, WBC (Interim) тұжырымындағы чемпиондық атақты төрт рет қорғап қалса, IBF атағын бір рет иеленген. Қазақстандық  боксшы Доминик Уэйдпен айқасы үшін 2 миллион АҚШ долларын алады. Уэйдке  500 000 доллар табыс етіледі.  Енді Головкин  Сауль Альварес пен Амир Хан арасында өтетін жекпе-жектің жеңімпазымен қолғап түйістіруі тиіс. Головкин IBF/IBO/WBA тұжырымдары бойынша әлем чемпионы әрі WBC тұжырымы бойынша әлемнің уақытша чемпионы. Сондықтан ол Альварестің WBC чемпиондық титулына үмітті.  Сол үшін Головкин Альваресті шаршы алаңға шақырып жатыр. Алайда, Альварестің командасы отандасымызға әлі нақты жауабын айтқан жоқ. Дастан Кенжалин. Дерек: еgemen.kz Фото: еgemen.kz, facebook әлеуметтік желісі