Шығыс өңірінде көктемгі санитарлық айлық басталды. Өткен сенбіде облыс орталығының тұрғындары қала аумағын тазалау, көріктендіру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Сенбіліктен шаһар басшысы Темірбек Қасымжанов та тыс қалған жоқ. Қолына күрек пен тырма ұстаған әкімдік жетекшісі қаланың жаңадан бой көтеріп келе жатқан №19 шағын ауданындағы тазалық жұмыстарына қатысты.
Екі айға созылатын санитарлық тазалық жұмыстарына қаладағы 27 ірі кәсіпорын, 12 жергілікті өзін-өзі басқару комитеті, 14 қалалық бөлім және облыстық департаменттер мен басқармалар, студенттер атсалысады. Жалпы алғанда, 6 мыңға жуық адам мен 100 техника шаһарды қыс бойы жиналған қоқыстан арылтады. Бұл жолы тұрғындардың ортақ күш-жігерімен саябақтар мен скверлер, аулалар тазаланды. Сондай-ақ, 500-ден астам жас көшеттер отырғызылып, 400 текше метрге жуық қоқыс қала аумағынан шығарылды. Жаңа шағын ауданда ашылған №46 орта мектептің маңайы мен К.Маркс даңғылы бойындағы тазалық шаралары барысында 100-ден астам көшет егілді. Қала әкімінің орынбасары Арман Ысқақовтың айтуынша, қаланы санитарлық тазалауға арналған екі айда 6 мыңнан астам жас көшет отырғызу жоспарланып отыр.
– Қаланың барлық аудандарының тұрғындары сенбілікке белсене қатысып жатыр. Тұрғындар тарапынан терең түсіністік, қоршаған ортаға деген қамқор көңіл байқалады. Сондықтан да олар тазалық шараларына үлкен үлес қосуда, – деді Арман Ысқақов.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН