• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2016

Қылмыс қалай азаяды?

494 рет
көрсетілді

Бас бостандығынан айыр­у орындарынан босап шыққан адамдарды әлеуметтік оңалту мәселелері кеше Астанада өткен халықаралық сараптамалық кездесуде талқыланды. Аталған шара «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 33-қадамын іске асыру аясында «Пробация туралы» заңдық тұжырымдамаға ұсыныстарды пысықтау мақсатында өткізілді. Жалпы, соңғы жылдары елімізде әділ сотты және пенитенциарлық жүйені жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Тарқатып айтқанда, жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодекстерінде пробацияның шартты-үкім ету функциялары кеңейтіліп, пробациялық бақылау тек шартты сотталғандарға емес, сонымен қатар бостандығы шектелген азаматтарға да қатысты жүзеге асырылуда. Бұл ретте шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, мүдделі мем­лекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ, Еуропалық одақтың және Қазақстанның пробация саласындағы сарапшылары қатысты. Алғашқысында мерзімінен бұрын шартты босатылғандарға пробациялық бақылау белгілеу қарастырылса, екіншісінде бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан әрі әкімшілік қадағалау белгіленген адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдемдесу көзделеді. Бұдан бөлек, сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробацияларды енгізу ұсынылып отыр. Мұндай сотқа дейінгі пробацияда қылмыскердің психологиясы, әлеуметтік мінездемесі екшеледі және ол сот шешім шығарар алдында ескеріледі. Қазіргі таңда осы тәжірибе Ұлыбританияда, Венгрияда және Словакияда қолданылып келеді. Ал пенитенциарлық пробацияда бейімделу орталықтарында мерзімі аяқталуға 6 ай қалғандарға өмірге бейімделуге көмек көрсетіледі. Жалпы, шартты сотталғандар тарапынан қылмыстың қайталануын болдырмау мақсатында пробация қызметін құқықтық институт ретінде пайдалануға және олардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдемдесуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң 2012 жылдың ақпанында қабылданған болатын. Негізінен Қазақстан пробацияның екі моделін: үкімнен кейінгі және пенитенциардан кейінгі модельдерді қабылдағандығы мәлім. ІІМ Қылмыстық-атқару жү­йесі комитеті төрағасының орын­­­басары Мейрам Аюбаев жазалау түрлері бойынша пробация қыз­метінде есепте тұрғандардың саны 2014 жылы 39530 адам болса, 2015 жылы 48594 адамға жеткендігін алға тартты. Осылайша, пробация есебінде тұрғандар санының 23 пайызға артуы арқасында бұрын қылмыс жасағандардың қайта осындай әрекетке баруы 33 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, М.Аюбаев 34-қадамды жүзеге асыру үшін Қазақ­станда камерада ұстау мәселесін мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде шешу жолы қарастырылуда екендігімен де бөлісті. Елімізде түрмелердің типтік жобалары әзірленіп, халықаралық сараптамадан өткені мәлім болды. Оның алғашқысы Шымкент қаласында салынады деп күтілуде. Тіпті, жер телімі де бөлінген. Сыйымдылығы 1,5 мың адамға арналған еуропалық стандарттарға сай келетін түрме құрылысы 2017 жылдың басынан жүргізілмек. Орайы келгенде Еуропа одағы мен сот-құқықтық рефор­малар жүргізіп жатқан Қазақ­стан Республикасы арасындағы келісім негізінде алғашқысының қар­жыландыруымен құны 5,5 миллион еуролық жобаны Ұлыбритания әділет министрлігі, Нидерланды пробация қызметімен, сондай-ақ, Польшаның сот өндірісі және прокуратурасы мемлекеттік академиясымен әріптестік негізінде Солтүстік Ирландияның ынтымақтастық жө­ніндегі ұйымы жүзеге асыратыны белгілі болды. Қорыта айтқанда, талқылауға түскен заң жобасының қабылдануы қылмысты, түрмедегі адамдар санын азайтады деп күтілуде. Сонымен қатар, сотталған жандарды ұзақ қа­мақта ұстауға жұмсалатын мем­лекет қаржысын үнемдеуге мүм­кіндік туады. Ең бастысы, жазасын өтеп шық­қандарды қоғамға толыққанды азамат ретінде қайтаруға жағдай жасалмақ. Сондықтан да заң жобасының қабылдануы өте маңызды саналады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»