• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2016

Милитаризм де меңдуана секілді

561 рет
көрсетілді

* Сырт көз – сыншы Адамның санасы мен миын мейлінше улайды Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесі Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясатының тереңдігін тағы да байқатып берді. Мұны халықаралық сарапшылардың басым көпшілігі қадап айтып отыр. Андрей КАЗАНЦЕВ, МГИМО сарапшысы, саяси ғылымдар докторы (Ресей): – Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядро­лық қауіпсіздік жөнінде­гі IV саммитте сөй­леген сөзі оның ұзақ жыл­дар­дан бері әлем­дегі бей­бітшілікті сақ­тауға байланысты ұс­танып келе жатқан пози­циясына берік екенін тағы бір мәрте танытты. Ол тұтастай алғандағы адамзаттың алдында тұрған орасан зор маңызы бар проблеманы қозғады. Мани­фесте көтерілген мәселенің планеталық деңгейде маңызы мен мәні бар. Ал қазіргі халықаралық ауқымдағы шиеленіс пен жанжалдың өрісі барынша кеңіп, оның қауіптілігі шарықтау шегіне жетіп тұрған, соның ішінде ядролық қару қолдану жолымен болып қалуы ықтимал соғыстың лаңы көрініп қалып тұрған кезеңде, әсіресе, Корей түбе­гіндегі ахуалдың қатты ушыға бастаған уақытында мұндағы жұрт назарына ұсынылып отырған байыпты бастамалардың салмағы еселеп арта түсер еді. Сөз жоқ, Назарбаев қазіргі таңдағы әлемдегі ең өзекті де шетін мәселені қозғап отыр. Шынын айту керек, манифесте айтылған ұсы­ныс­тар­дың көпшілігі бірден шешіле салатын мәселелер емес. Оны орындап шығуға уақыт керек. Бірақ қалайда біреу оларды халықаралық қауым­дастыққа жеткізуі керек еді ғой. Әйтпесе, адамзат баласының тіршілігі тоқтап қалатын уақыт жа­қындай береді. Осы бастаманы Нұрсұлтан Әбішұлы­ның қолға алғаны қандай жақсы болған! Мен өзім бұл кісінің инициативасын қызу қолдаймын. Аталмыш құнды құжатты прогресшіл адамзат баласының түгел қолдап жатқаны да байқалады. Оның БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесі секілді халықаралық аса беделді ұйымдарда ресми құжат ретінде қабылдануының өзі манифестің салмағы мен маңызын байқата түседі. Айта кетуіміз керек, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жылдар бойы халықаралық деңгейде осындай сан алуан инициативаларды ұсынумен келеді. Бұл жолғы манифест солардың заңды жалғасы іспеттес. Мұны менің көптеген сарапшы әріптестерім де айтып отыр. Қазақстан ұдайы кең ауқымды бастамалар көтеру арқылы өзінің сыртқы саясатын жақсы қалыптастырып келеді. Оның жұрттың бәрімен дос, тату-тәтті жағдайда өмір сүруге деген ұмтылысы мақтауға тұрарлық. Сонымен бірге, бәрін ашық та бүкпесіз айтатынымен ерекшеленіп отыр. Юрий ПОПОВ, «Колокол Нагасаки» АҚ жетекшісі (Беларусь): – Мен әлемнің Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастама­сына құлақ түретініне, оның ма­нифест жүзінде атап көрсеткен пробле­ма­ларын шешуге ат­са­­­лысатынына бек сене­мін. Қазір халық­ара­лық қауымдастық Қазақ­станның бастама­сын қолдап отыр. Кезінде Қазақстан лидері бүкіл әлем үшін және бейбітшілік үшін аса маңызды қадамды – ядролық сынақ полигонын жабуға батыл шешім қабылдауымен ерекшеленген болатын. Ядролық қаруға ие болу – жан-жағыңды ажал оғын себуге дайын отырумен қорқытуға тең нәрсе. Бұл – басқа жұрттың үнемі үрейге берілуіне жол ашатын түйт­кілді тетік. Одан саналы түрде бас тартқан Қазақстан сол кезде әлем қауымдастығының ыстық ықыласына бөленіп еді. Енді жер бетін ядролық апаттың аранынан алып қалу жолындағы тағы бір тың бастамасымен жұрт назарын аударды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарулары бар елдер басшыларын Пандора жәшігі ішінде сақталып тұратын қауіп-қатер кілтін құртуға шақырып отыр. Дарио ЧИТАТИ, Жоғары геосаяси «Еуразия» бағдарламасының жетекшісі (Италия): – Біздің институт­тың ғалымдары Қазақ­стан­ның бейбітшілік жөніндегі бастамасын қызу қолдайды. Ол өте дер кезінде және нақ­ты айтылған ұсыныс болды. Осы арқылы Нұрсұлтан Назарбаев әлем халықтарының көпшілігінің көңілінде жүрген ойды дөп басып, олардың толғанған мәселелерін алға шығарды. Қазақстанның Вашингтонда өткен саммитке қаты­суының өзі оның көп векторлы сыртқы сая­сатты өте табысты жүргізіп келе жатқанынан хабар береді. Ал оның лидері қай кезде де Батыс әлемімен үнқатысуға келе алатынын тағы да айқын көрсетіп берді. Орталық Азия мемлекетінің басшысы қазіргі заманғы соғыс вирусының тарап бара жатуының қаупін өте айшықты тілмен суреттеп берді, мили­таризмнің күшейіп келе жатқанынан жұрттың бәрін сақтандырды. Расында да, милитаризм деген меңдуана сияқты, оның уына елтіген адам санасы мен миына зор зақым келтіреді. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан Президентінің ұсыныстары өзінің көкейкестілігімен біздің еркімізді билеп алды. Барынша адал да шыншылдықпен айтылған сөзді сол қалпында қабылдамау мүмкін емес. Осы ретте бізге Қазақстан екі әлемнің ортасындағы диалогтың алаңы бола алатындай қалып танытты. Мұның атын екі ортадағы алтын көпір ретінде де атауға болады. Дмитрий ВЕРХОТУРОВ, Қазіргі заманғы Ауғанстанды зерттеу орталығының сарапшысы (Ресей): – Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев құрастырған «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің пайда болуы – әлемдегі өте бір есте қаларлық та­ны­мал оқиға. Ол соңғы жыл­дары әлемнің саяси аренасында ешбір мем­лекеттің, тіпті, БҰҰ-ның өзінің жұртты ашық­тан ашық бейбітшілікке, қарусыздануға шақыруды қойып тұрған уақытында шықты. Мұның арғы жағында ядролық қарудан бас тартуға және уранды сондай қару жасау дәрежесіне дейін жеткізбеуге үндеу жатыр. Манифест халықаралық салада қысым, санкция, текетірес күшейіп тұрған, бәсекелес жақтардың жүйкелері жұқарып, әр нәрседен күдік алып тұрған кезінде жарияланды. Осының бәрі әлем үшін де, біздің әрбіріміз үшін де аса маңызды нәрсе. Саммитте Қазақстан лидерінің сөзі барынша дәлелді де тұжырымды естілді. Әйтпесе, баллистикалық ракеталардың іске қосылып кетуіне жарты қадамдай қалған кездер де болып қалып жатыр. Ал бүкіл әлем бір-бірімен қырғи-қабақ болып, соғысып жатқан күннің өзінде белгілі бір тұлғалардың бейбіт өмірді үндейтін абыз болуы қажет-ақ жайт. Міне, сол рөлді өзінің Астанасын әлдеқашан әлемдегі бейбітшілік үшін күрестің орталығына айналдырып алған лидер алып кетті. Нұрсұлтан Назарбаев қашаннан бейбіт бастамаларды көтеретіндігімен, бейбітшілік пен қарусыздануды қолдайтындығымен белгілі болған тұлға ретінде бұл жолы да өзін өте жақсы қырынан көрсетті. Әлбетте, белгілі бір себептермен жер беті жаппай соғыстың лаңына тағы еніп кетпейтініне, онда қиратушы қару-жарақтың ең қуатты түрлерінің қолданысқа қосылмасына қазір ешкім кепілдік бере алмайды. Алайда, соған қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев сынды бітімгердің үні маңызды бола түседі. Омер ОЗКАЯ, саясаттанушы (Түркия): – Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың уранды жаппай қырып-жоятын қару жасау деңгейіне дейін жеткізбеу жөнін­дегі идеясы көңілге қонымды. Иә, уранды мүл­­дем өндір­мей қою­ға болмас. Ал Қазақ­станның оны атом энер­­гиясы мақсатында ғана пайдалану жөніндегі бас­­тамасы біздің бәрімізді бір тұйықтан шығарып жібе­реді. Алаңдаушылық тудырып отырған жайт­тың – қару жасауға мүмкіндік беретін деңгейге дейін уранды байыту ісінің тамырына балта шабу қажеттігін айрықша атап өткен. Осы ретте, Қазақстанның әлемде бірінші болып төмен байытылған уран банкін құруға ұмтылуы бұл елдің геосаяси рөлін еселеп арттыра түседі. Вашингтонда өткен саммитте бұл бастама қызу қолдау тапты. Оны бірден 17 елдің қолдап шығуы да осыны көрсетеді. Біз өткен жүзжылдықты мұнай ғасыры ретін­де таныдық. «Қара алтын» сол кезден бас­тап қазірге дейін біздің өміріміз бен тыныс-тіршілігімізге орасан зор әсерін тиігізіп келеді. Бірақ болашақтағы энергия көзі ол емес, атом стан­салары болғалы тұр. Енді тек атом электр стан­салары ғана біздің энергияға деген сұра­нысы­­мызды өтей алады. Ал Қазақстан әлемдегі уран қорының көптігі жағынан көш басындағы мем­­ле­кеттердің бірінен табылады. Осының негі­зін­де бұл елдің әлеуеті жаңа ғасырда да жо­ғары болмағанын аңғару қиын емес.  Шетел ақпарат агенттіктерінің материалдары бойынша дайындалды