• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2016

Жұлдызы биік кемеңгер

704 рет
көрсетілді

Елбасы туралы жаңа фильм

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ел­басы жолы: Жұлдыздар тоғысқанда» кино­эпо­пеясының премьералық көрсетіліміне барды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Фильм 1984 жыл мен 1991 жыл аралығындағы кезеңді қамтиды. Туынды жаңа тәуелсіз мемле­кет­тердің құрылуы, соның ішінде Қазақстан Рес­публикасы туралы баяндайды. Бұдан бөлек, картина Қазақстанның Тұңғыш Президентінің елді реформалаудағы рөлі, сондай-ақ, оның бүгінде жаһандық ауқымдағы жобаларға айналған бастамалары жөнінде әңгімелейді. Фильм режиссері – Ресей Федерациясы Мем­лекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің халық әртісі Сергей Снежкин. Кинолента Алматыда және Ал­маты облысында, Астанада, Қарағандыда, Мәс­кеу мен Санкт-Петербургте түсірілген. Карти­наны сомдау жұмысына жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысқан. «Жұлдыздар тоғысқанда» картинасы 2016 жылғы 28 сәуірде жалпыұлттық прокатқа шыға­ры­лады.

Жұлдызы биік кемеңгер

туралы  көркем туынды көрерменге жол тартты

Тәуелсіз еліміздің тағдыры үшін тәуекелге бел байлаған Елбасының ерен ерлігін баяндайтын тағы бір туынды дүниеге келді. Елбасы туралы киноэпопеяның алғашқы төрт  сериясын қазақ­стандық режиссер Рүстем Әбдіра­шев тү­сір­­­генін естеріңізге саламыз. Олар­­­дың қатарында, «Балалық шағым­­ның аспаны», «Отты өзен», «Темір­тау», «Тығырықтан жол тапқан» фильмдері бар. Осылардың барлығы Елбасының қалыптасу, өсу жолын баян­дайды. «Киноэпопеяның бесінші бөлі­мінде біз Кеңес өкіметінің құлауы мен тәуелсіз Қазақстанның өмірге келуін көрсетуді мақсат еттік», – деді фильмге қатысты баспасөз мәс­лихатында Мәде­ниет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы. «Біз фильмнің қоюшы-режиссері кім болады деген сұраққа көп ой­ландық. Оның шығармашылық тәжірибесіне баса назар аудардық. Бұл жағынан келгенде Сергей Снежкиннің еңбектері, оның тү­сірген фильмдері бізді тәнті етті. Алғашқы кездесудің өзінде ол бізге, ойдан шығарылған емес, шынайы туынды көрсетуге сөз берді», – дейді министр. Мәдениет және спорт ми­нис­тр­­лігінің тапсырысы бойын­ша түсірілген «Жұл­дыздар то­ғысқанда» көркем фильмінің ре­жиссері – Ресей Федерациясы Мем­лекеттік сыйлығының лауреаты, Ре­сей­дің халық әртісі – Сергей Снеж­кин. Ол жұртшылыққа «Белая гвардия», «Брежнев», «Цветы календулы», «Женский роман» сияқты туындыларымен танымал. Маңызды фильмнің мазмұны Кеңес Одағының құлауы, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, оның ішінде Қазақстан Республикасы туралы баяндайды. Фильм 1984-1991 жылдар ара­лығын қамтиды. Аталмыш көркем фильм ел тарихындағы елеулі оқиғаларға зер салып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасының қоғам өмірі­нің бар саласында ат­қар­ған рөлін, сондай-ақ, Мемлекет басшысының дүниежүзілік ау­қымда ынтымақ­тастықты арт­тыру­дағы айрықша қызметін саралайды. Кинотуындының сарынына мән бере­тін болсақ, ағылшын жа­зу­шы­­сы Дже­­реми Вильсон Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір­баянын жазу үшін онымен кездесуге қол жеткізеді. Алайда, журна­лист пен Елбасының белгіленген сұхбаты бүкіл елді аралаумен та­­рихқа көз жүгірткен салиқалы саяхатқа ұштасады. Сұхбат барысында Президент пен Вильсон кең-байтақ даладан қар басқан тауға, көпқабатты зәулім ғимараттан киіз үйге, 2015 жылдан 1950 жылға, 1986 жылға, 1989 жылға, 1991 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларға ауысып отырады. Ел картасындағы әрбір нысан – Президент өмірбаянының айғағы. Қазақстан астанасындағы биік ғимараттардың үстінен тік­ұшақпен ұшып өту, әлемдегі ең үлкен көмір разрезінде серуендеу арқылы Вильсон өзі үшін бір жаңа­лық ашқандай болады. Келесі күні Президенттің Алматыға ісса­пары және сұхбаты аяқталады. Нұрсұлтан Назарбаевтың ант қа­был­дап, Қазақстан Тәуелсіздігі үшін мойнына жауапкершілік алған залында Вильсон мен Президент қоштасады. «Жұлдыздар то­ғысқанда» ки­но­кар­тинасының сце­нарийін режиссер Сергей Снеж­кин Нұрсұлтан Назарбаевтың өз шығармаларын негізге ала отырып жазып шыққан екен. Туындыны айшықтау барысында Елбасының жеке естеліктері де молынан пай­­­­­­даланылғаны бай­қалып тұрды. Түсірілімнің негізгі бөлігі Алматы және Алматы облысында өтсе, ал, қалғаны Астана, Қарағанды, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында жүргізілген. Түсірілімге барлығы 70-тен астам нысан пайдаланылыпты. Оның ішінде Мәскеудегі Кремль, «Националь» қонақ үйі, Қа­ра­ғандыдағы Кен­шілер мәдениет сарайы (1989 жылғы шахтерлер  ереуілі), сондай-ақ, Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы  Орталық Комитетінің Бас хатшысы  Михаил Гор­бачевтің 1985 жылы  Целиноград  облысына келген іссапары кезінде Астрахан ауданының  астық алқабында да біраз оқиға желісі өріле түскен. Ал тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жас­тарының күресі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Санкт-Петербург қаласындағы «RWS» кино­сту­диясының ау­мағында сом­далған. Фильмді жасауда Қазақстан мен Ресей кинематогра­фистерінен құралған  тәжірибелі халықаралық топ жұмылдырылған. Туын­дының бас продюсері Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Тасболат Мере­кенов. Қоюшы суретші – Дмитрий Татарников, қоюшы операторы – Сергей Мачильский. «Жұлдыздар тоғысқанда» филь­мінің композиторы Ресей кинематография өнері және ғы­лымы ұлт­тық академия­сы та­ға­йын­даған «Алтын қыран» сый­лы­ғының үш мәрте иегері Юрий Потенко. Басты рөлді қазақстандық танымал актер Берік Айтжанов сомдады. Сон­дай-ақ, фильмге Алтынай Нөгербек, Алдабек Шал­баев, Азамат Сатыбалды, Ға­ни Құлжанов, Еркебұлан Дайыров, Жанел Ма­қажанова, Динара Бақтыбаева, Қарлығаш Мұхамеджанова түсіп, жоғары дең­гейде ойнап шықты деу­ге болады. Айта кететін тағы бір жайт, фильм­дегі танымал тарихи тұлға­ларды,  КСРО президенті Михаил Горбачев, Ресей президенті Борис Ельцин,  АҚШ президенттері – Джордж Буш және Билл Клинтон, Сауд Арабиясының ко­ролі Фахд әл-Сауд және Палестина ав­то­номиясының басшысы Ясир Арафат сынды әлемге әйгілі мемлекет қайраткерлерінің бейнелерін  Игорь Угольников, Сергей Гармаш, Дарья Мороз, Алексей Гуськов, Хью Фрейзер, Ричард Кордери, Стивен Пейси сияқты ресейлік және шетелдік  актерлер сомдаған. Картинаны жасап өмірге келтіру жолында 10 000-ға жуық адам атсалысқан туындының Қазақ елі үшін мәні мен маңызы жоғары тұрары даусыз. Кешегі туындының тұсаукес­еріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, фильмді басынан аяғына дейін отырып тамашалауы жоба авторлары мен түсірілім тобына үлкен жауапкершілік жүктеді десек, артық айтқандық болмас, сірә. Ел тарихына тікелей байланыс­ты болғандықтан бұл туындының басқалардан бәсі жоғары. Бодан­дықтан босаған елдің бақыты мен қуанышы қапысыз көрініс тапқан бұл фильмді әрбір қазақстандық көруге тиіс деп ойлаймын. Бұл туындыдағы ерекше есте  сақталар бір сәт – Елбасының қажылық жасауы дер едім. Ол кісінің Қағбаға кіріп, одан шыққан кезінде толассыз жаңбырдың жауғаны жәй нәрсе емес. Онда бір үлкен мән жатқаны сөзсіз. Көркем туындыда әсерлі тұстар көп кездеседі. Көріп отырған көрерменнің көңіліне қаншалықты дәрежеде әсер етіп отыр­ғанын олардың дүркін-дүркін қол шапалақтауынан да байқауға болар еді. Туын­дыға деген  ризашылықтан туған бұл жағдай фильмнің эмоцияны ойнатуы өте жоғары деңгейде екенін көрсетсе керек. Туындының тұсаукесер кешіне биліктің биі­гінде отырған бірқатар азаматтар да атбасын бұрды. Елбасының өмір жолындағы басып өткен баспалдақтарын суреттейтін туындылар жетерлік. Қаншама кітаптар мен мақалалар оқырман қауым­ға жол тартты. Сан түрлі деректі фильм­дер де дүниеге келді. Мұны да солардың жалғасы деп қабылдау керек. Бұл шығарманың шынайылығы – Елбасының Тәуелсіздіктің қарсаңымен алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау күндердегі соқтықпалы­соқпақты жолын дәл беруінде деуге болады. Тәй-тәй басқан тәуелсіз Қазақстанның абыройын, мүддесін алшаң басқан алпауыт елдердің алдында қорғап сөйлегені басшының парасаттылығы десек болмай ма?! Елім деп еңбек еткен Елбасының  жанында жүріп, қиындық құрсауына түскенде сынаққа төтеп бермей жалт бұрылған замандастары болғанын да осы фильм арқылы танып білдік. «Жыртығымызға жыртыңдап күлген» мемлекеттердің мысын екі ауыз сөзбен басқаны, мойындағысы келмегендердің мойнын бұрғызғаны, осының барлығы көркем шығармада Нұрсұлтан Назарбаев сынды ел бағына туған басшымыздың кемеңгерлігін көр­сетіп, көңілімізге қуаныш сыйлап тұрды. Кеңес өкіметі кеңірдегімізден ұстап, кеудемізден басса да намысымызды жыға алмады. Аталмыш туынды арқылы алдағы жарық сәуле мен жақсылықтан ешқашан үмітті үзбеу керек деген қағиданы танығандаймыз. Тынымсыз тіршіліктің тағы бір таңы атты. Біреуге күдік­пен, біреуге үмітпен келетін әр­бір күннің әсері әсте бөлек. Әрқайсының өзіне тән жаңалығы да, даралығы да бар. Көкжиектен көтерілген әрбір күн адамзат баласына берілген мүмкіндік. Оны я жақсылыққа, я жамандыққа пайдалану пенденің өз еркінде. Атың озып, алға шығуды армандайсың ба, онда аянбай еңбек ет, талмай талаптан, тынбай қызмет қыл. Туындыны тамашалау барысында Елбасының еңбекқорлығына, табандылығына тәнті боласыз. Осындай Президентіміздің барына сүйсіндік. Бостандық деген ұғымның қаншалықты қадірлі екенін ұғындық. Күдік, күмән, толқу. Кеңес Одағы ыдырап, егемендігін жария­лаған тәуесіздік алған Қазақ жұрты үшін алғашқы жылдары тар жол, тайғақ кешумен пара-пар болғаны белгілі. Зауыттардың барлығы дерлік қаңырап бос қалғанын, жастардың жұмыссыз, халықтың халі сол тұста барынша төмендегенін тарихтан таныдық. Ел тұтқасын қолға алған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің еңсесін тіктеуге барын салды. Маңдай тер, машақатпен келген еркіндіктің еңсесі пәс тартпай, сол үшін де тұғырда тұруы тиіс. Үзіліссіз үш сағатқа созылған туындыны тамашалап, саясатқа саяхат жасап, Елбасы ғұмырбаянының, өрелі еңбегінің бұрын білмеген тұстарын танып, ел үшін еткен қызметтеріне қызығып, бір түрлі шаттанып, шалқып шықтық. Талай­дан таптырмай жүрген қымбат, сағынышты сәтпен қауыш­қан сияқты сезілді өзіме. Мінәжатпен басталған фильм­де тәуелсіздігімізге тәубе етуге үн­дей­тін сарын бар. Барымызды бағалауға, қолдағының қадірін білуге, жарқын болашаққа сенуге үндейтін туынды өз көрер­менін табатыны талассыз. Жолбасшысы көреген ел­дің көші де көрікті боларына «Жұлдыздар  тоғыс­қанда»  фильмі көзімізді тағы бір кәміл жеткізгендей сергек те, өргек сезімге бөлендік. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»

*Көрермендер лебізі

Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Үш сағаттық фильмді терең тебіреніспен тамашаладық. Бұл дегеніңіз, туындының жоғары деңгейде жасалғанын байқатса керек. Көріп отырған көрерменнің бәрі фильмнің басты рөліндегі кейіпкерге алаңдап, елдің тағдырына елеңдеп отырды десем артық айтқандық болмас, сірә. Бұл ретте, Қазақстан мен Ресей кинематографистерінің еңбектерін атап өту керек.  Менің ойымша фильм жақсы шыққан. Әсіресе, келешек ұрпақ үшін берері мол. Елбасының өмір жолымен танысу арқылы олар Отанға деген адалдықты үйренеді. Асылы Осман, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: Фильм ұнап қана қойған жоқ, ол – ғажап туын­ды дер едім. Оны тамашалау барысында біз Қазақстанның өткен тарихына үңілдік. Сол тұста біздің мемлекеттің алдында қайда барамыз деген маңызды сұрақ тұрды. Біз көргеніміздей, елдің ертеңі бұлыңғыр болмас үшін, елбасқарушы тұлғаның саяси сауаты терең, дұрыс таңдау жасай білуі маңызды міндет. Сонда ғана ол елді кез келген қиындықтан алып шыға алады. Аталмыш туынды кешегі тарихымыздан сыр шертіп қана қоймай, бүгінгі ұрпақтың да тәрбиесіне тікелей әсер етеді. Мен жастарға осы фильмді көруге кеңес беремін. Ондағы кейіпкерлердің іс-әрекетіне, шешім шығару шеберлігіне мән берсе екен деймін.

* Киногерлер лебізі

 Хью ФРЕЙЗЕР, белгілі америкалық актер, фильмде ағылшын тілшісі Джереми Вильсонның рөлін сомдаған: – Тү­сі­­­рілім жұ­мыстары өте жоға­ры деңгейде өт­ті. Мық­ты командамен жұмыс істедім. Бе­рік Айт­­жа­нов Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін өте жоғары деңгейде сомдап шықты. Кезінде бір­қатар саясаткердің рөлдерін ойнағаннан кейін маған тілші рөлін алып шығу қиынға соққан жоқ. Сценарий ұнағандықтан, бірден келістім. Астана көше­лерінің көрінісі өте тамаша. Халқы қонақжай. Қазақ фильмінде ойнау – мен үшін үлкен мәртебе. Сергей СНЕЖКИН, фильм режиссері: – Менің жасым 62-де. Және бұл фильм­де болып жат­­қан оқи­­ға­лар­дың барлығы ме­­нің басымнан өт­кен. Бұл – менің де тағдырым. Сондықтан, мен көрген за­ман­ның соқ­пағы мен қиындығы осы фильмде көрсетіліп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев сияқты басшысы бар Қазақстан бақытты деп санаймын. «Эпизодтардың бірінде журналист Елбасына, сіз қалай Президент болдыңыз деп сұрақ қояды. Ол, аздаған үзілістен соң, «Жұлдыздар то­ғыс­қанда» деп жауап береді. Шынында да, ол тәуелсіз Қазақ­станның президенті болсын деген ешқандай философиялық тұжырым немесе математикалық формула жоқ. Қазақстан Ком­партиясының ХVI съезінде оның тағдыры қыл үстінде тұрды. Себебі, олардың билігі өзіндік ойы бар кез келген адамның басын алуға жететін еді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев олар­дан тайсалмай батыл баяндама жасай білді. Менің ойымша, «Жұлдыздар тоғысады» деген осы. Алдағы уақытта да бірнеше жаңа жобаны бірлесе жасауға дайынмын. Алтынай НӨГЕРБЕК, актриса: – Мен бұл фильм­де Сара Ал­пыс­қы­зының рө­лінде ойнадым. Әри­не, бірінші ханым бо­лу қошемет, құр­­­мет, ел алдында жүру ол бір бөлек. Бірақ әр нәрсенің екінші жағы бар ғой. Оның астарында қандай қиындықтар жатыр? Күйеуі үшін үнемі алаңдайды. Жұбайы үнемі жолда, ел алдында. Сондықтан, біз сол жағынан баруға тырыстық. Әйелдің ері үшін алаңдаған бейнесін көрсетуге талпындық.