• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2016

*Қатысушылар лебізі

271 рет
көрсетілді

Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қоғам қайраткері: – Қазақстан халқы Ассамблеясын алғаш ойға алған кезде Елбасымыз елімізде өмір сүретін 130-дан астам ұлт өкілдерінің басын бір шаңырақтың астына жиып, айрандай ұйыған мемлекет құруды армандаған. Себебі, Кеңес Одағы тараған алғашқы жылдарда әртүрлі әңгімелер айтылып, сол кезде қордаланып қалған ұлтаралық мәселелер ушыға бастады. Тіпті, кей­бір бұрынғы одақтас елдерде қақтығыстар болып та жатты. Сондай дау-жанжалға бармас үшін Президентіміз Ассамблеяны құрып, бірлік пен ын­тымақтың үлгі-өнегесін көрсетті. Міне, Елбасының осындай көрегенділігінің арқасында біз 25 жыл бойы тәуелсіз елде тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Былтыр Қазақстан халқы Ассамблея­сының жылы деп жарияланып, соның аясында айтарлықтай жұмыстар атқарыл­ды. Сол кезде де бұл құрылымның халық­ты біріктіретін күш екеніне тағы бір көз жеткіздік. Қазіргідей тұрақсыз геосаяси жағдай кезінде мұндай күш ерекше рөл атқарады. Себебі, бүгінде ақшасы бар инвесторлар қанша жерден қазба байлығы көп болса дауы өршіп тұрған елдерге бармайды. Оларға Қазақстан сияқты бейбіт, тыныш мемлекет керек. Сондықтан, біз осы басымдығымызды алдыңғы лекке қою арқылы әлемде болып жатқан оқиғаларды өз игілігімізге пайдалануымыз орынды. Бүгінгі сессияда аталған мақсатта қандай тетіктерді іске қосуымыз керектігі айтылып, өзекті мәселелер талқыланды. Сол себепті де, бұл жиынның елге берері мол. Данильбек САРАТОВ, «Вайнах» чешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы (Орал): – Қазақстан халқы Ассамблеясы – Елбасының құрған ең сенімді қоғамдық институты. Оған Ассамблеяның алғашқы сессиясынан бастап қатысқан кезімде-ақ анық көз жеткізген едім. Алғашқы жиыннан-ақ Қазақстанда тіршілік кешкен әрбір ұлт өкілі өз үйлеріне, айналасындағы адамдарға жылылықтың, мейірімділіктің, бейбітшіліктің кішкентай бір бөлшегін алып қайтқандай болып едік. 1995 жылдан бері әр сессияда Елбасының айтқан ой-пайымдарын елге насихаттап келеміз. Ынтымақ, бірлік, келісім, тұрақтылық – бұлар еліміздің ең басты құндылығы. Біз қазіргі таңда да осы ойды қоғам ішінде насихаттап келеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Президенттің сенімінен шығуға бар күш-жігерін салады деп ойлаймын. Мен өзім Қостанай облысында дүниеге келдім. Біраз жыл Алматы облысында тұрдым, ал 1979 жылдан бері Орал қаласын мекен етіп келемін. Жалпы, Қазақстанда 30-40 мыңға тарта чешен-ингуш ұлтының өкілдері қоныстанған. Өзім басқаратын «Вайнах» чешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрамында шамамен 580-ге тарта адам бар. Бұған қоса, еліміздің әрбір облысында да чешен-ингуш мәдени орталықтары бар. Олардың барлығы қазақ жерінің дамуына, өркендеуіне қал-қадерінше үлес қоса алады деп ойлаймын. Белла ГАЗДИЕВА, Ақмола облысы, Целиноград  ауданы, Родина ауылдық  округінің әкімі: – Мен үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының әр сессиясы – мереке. Бұл жерде адамдардың жүзінен қуанышты, сенімді, көтеріңкі көңіл-күйді көруге болады. Еліміздегі барлық ұлт өкілдері бас қосатын осынау жиынды мемлекетіміздің шағын үлгісі деп айтсақ та артық емес. Себебі, Қазақстанның әр түкпірінде халықтар осындай достық қарым-қатынаста өмір сүріп отыр. Біздің бұл тәжірибемізге бүгінде әлем қызыға қарап, кейбір мемлекеттер өздерінде осындай инс­титуттар құруда. Бірақ Қазақстан халқы Ассамб­леясының ауқымы мен мақсат-мүддесі олардан әлдеқайда кең әрі озық тұрғанын айтуымыз керек. Тағы бір назар аударатын жайт, былтыр Ассамблеяның 20 жылдығына орай рухани, мәдени және ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде қазақ халқы үшін бірлік пен берекенің үлгісіндей болған тайқазанды символ етіп, елді аралау арқылы тұтастығымызды одан әрі бекіте түстік. Аталған игі бастамалардың нәтижесінде әлем Ассамблеяның не екеніне, бүгінде ең өзекті мәселе саналатын халықтар достығының негізі ортақ мақсат-мұратпен сабақтасатынына және осы тәжірибені жүзеге асыру арқылы Қазақстанның ынтымақ, бірлігі жарасқан елге айналғанына көз жеткізді. Бұл, әрине, ел Президентінің сара саясатының жемісі. Вячеслав СОЛОДИЛОВ, Орал қаласындағы  «Орал-Яик казактары» қоғамдық бірлестігінің өкілі: – Қазір әлемдік қоғамдастық қиын кезеңді бастан өткеруде. Алпауыт елдер ара­сындағы қырғиқабақ күшейіп, Жер бетін тұрақсыздық жайлап тұр. Десек те, Қазақстан сол қоғамдастықтың бір мүшесі болғанына қарамастан, бейбітшілік пен бірліктің туын төмен түсірмей, өзгелерге үлгі болып қала беруде. Шын мәнінде, қазіргідей алма­ғайып заманда бұлайша берік ұстаныммен бір қалыпта тұру өте көп күшті қажет етеді. Алайда, Елба­сының қажыр-қайраты мен парасатының арқа­сында бізге бұл мүмкін болып отыр. Осы ретте, мен өзімнің 1997 және 1998 жылдары осындай дана басшымен екі рет кездесіп, казак атамандарының атынан Президентімізге сыйлық бергенімді мақтанышпен айтқым келеді. Себебі, бұл – менің өмірімдегі ең жарқын сәттердің бірі. Қазақстандағы бірлік пен ынтымақтың сақталуына Ассамблеяның қосып отырған үлесін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бірнеше ұлттар мен этностардың бір үйдің баласындай өмір сүруі сол Ассамблея жұмысының жемісі. Сондықтан, оның жұмысын насихаттаудан еш жалықпауымыз керек. Сол мақсатпен күні кеше елордамыздағы Ұлттық музейде Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған зал ашылды. Бұл – өскелең ұрпаққа бірліктің, татулықтың, достықтың үлгісін паш ететін керемет бастама. Алдағы уақытта мұндай игі істер өз жалғасын тауып, кейінгі ұрпақ бүгінгі аға буын салып кеткен даңғыл жолмен жүретініне сенімдімін. Санам БЕШІРОВА, «Ұйғыр әйелдері» республикалық этномәдени орталығының төрайымы: – Соңғы төрт жыл қатарынан Қазақ­стан халқы Ассамблеясының сессиясына тұрақты қатысып келемін. Бұл жерде бірлік пен ынтымақтан бөлек, әлемдік ауқымдағы мәселелер, экономикалық және саяси тақырыптар сөз болады. Осыдан-ақ аталған жиынның маңызы қаншалықты жоғары екенін ұғамыз. Жалпы, жыл сайын еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің осылай бас қосып, бір үстел басында сұхбаттасуы Қазақстандағы тұрақтылық пен татулықтың белгісін көрсетеді. Бұл сессия біз сияқты өзге ұлттар үшін тәжірибемізбен бөлісіп, пікірлесетін тиімді алаң болып табылады. Сондықтан, біздер әр жылы осы басқосуды асыға күтеміз. Кейін сессияда сөз болған өзекті мәселелерді, олардың шешімдерін ауыл-аймағымыздағы өз ұлтымыздың өкілдеріне жеткізіп, берілген тапсырмалар мен міндеттерді орындау барысын талқылаймыз. Яғни, Ассамблеяға халықтар арасындағы бірлікті сақтап отырған, өзара байланыстың ұтымдылығын қамтамасыз ететін ең тиімді ғылыми институт деп баға беруге әбден болады. Қазақта «бірлік болса, тірлік болады» деген сөз бар. Бұл сөздің мән-мағынасы өте тереңде. Себебі, бірлік бар жерде береке болады. Оның жарқын үлгісі ретінде Қазақстанды айтсақ жеткілікті. Бүгінде біздің елдің бұл артықшылығын бүкіл әлем мойындап, қызыға әрі қызғана қарап отыр. Одан бөлек, қазіргі таңда еліміздегі барлық ұлт өкілдері Қазақстанды өздерінің жалғыз Отаны санайтынын айрықша атап өткен жөн. Олар балаларын патриотизмге тәрбиелеп, қазақтың тілінен бастап, салт-дәстүрін тек құрметтеп қана қоймай, үйренуге үгіттеуде. Бұл бізге жасалған жақсылықтың бір қарымтасы ғана. Ал оны толық өтеу әсте мүмкін емес деп ойлаймын. Ергаш СҰЛТАНОВ, Маңғыстау облыстық «Пахтакор» этномәдени бірлестігінің төрағасы: – Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы барша қазақстандыққа сенім мен жігер беретін ауқымды іс-шара. Әлемдегі қазіргі қақтығыстардың кейбірі ұлтаралық мәселелерге байланысты екенін ескерсек, бұл жиынды сондай келеңсіздіктердің алдын алатын басты тетік десек те, артық емес. Оның үстіне, бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт өкілдерінің ауызбіршілікте өмір сүруі мүмкін еместей көрінетін қазіргі жағдайда біз осы жетістігімізбен мақтануымыз керек. Мұның бәрі осыншама халықтың мақсат-мүддесін бір арнаға тоғыстырған Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі. Мені Президентіміздің Ассамблеяның жұмысын тікелей қадағалап, оның аясындағы әрбір іс-шараны назарында ұстап отыратыны қуантады. Оны жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдаулары мен мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындап беретін стратегиялық бағдарламаларынан да көруге болады. Мысалы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында біртектілік пен бірлік мәселесіне ерекше мән беріліп, Қазақстан халқының тұтастығын нығайтатын бірқатар басым бағыттар атап көрсетілген. Сонымен қатар, Ассамблеяның тағы бір артықшылығы ретінде еліміздегі халықтардың мемлекеттік тілді үйренуіне мұрындық болып отырған жұмысын айтуға болады. Бүгінде Қазақстандағы барлық этномәдени бірлестіктердің жанында қазақ тілін үйрететін арнайы мектептер жұмыс істейді. Бұл біріншіден, бізге жарты құртын жарып, бүтін құртын бөліп беріп отырған қазақ халқына деген құрмет болса, екіншіден, Конституцияға бойұсынып, мемлекеттік тілді меңгеру екенін жеткізгім келеді. Елена КИМ, Қызылорда облыстық «Қазақстан корейлері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: – Қазіргі таңда Қазақстан әлемге бір­лігімен, тұрақтылығымен, бейбітсүй­гіш­тігімен және тыныштығымен танылған мемлекет деп айтуға толық негіз бар. Ассам­блеяның арқасында еліміздің әр өңіріне достық пен татулықтың сәулесі түсіп, тамыр жайды. Соның арқасында ауыл-ай­мақтар мен аудан, облыс орталықтары мызғы­мас бірліктің мекеніне айналды. Бұл, өз кезегінде, тұтас Қазақстанның гүлденуіне кепіл беретін құндылық. Ассамблеяның биылғы жиынында да әдеттегідей бірқатар өзекті мәселелер сөз болып, халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауаптар берілді. Жалпы, біздер, Қызылорда корейлері, жыл сайын Ассамблеяның сессиясын асыға күтеміз. Себебі, осы басқосуда еліміздің өзге өңірінде тұратын корейлермен, басқа да достарымызбен көрісіп, сессия барысында талқыланатын тақырыптар аясында пікір алмасып, тәжірибемізбен бөлісеміз. Реті келгенде, біздің бірлестіктің жұмысы жөнінде қысқаша айта кетейін. Біздер бірлестік аясындағы жұмыста өз тілімізді, ділімізді және салт-дәстүрімізді сақтауға басымдық бергенімізбен, бірінші кезекке мемлекеттік тілді үйретуді шығардық. Бұл бізге ұлттық құндылығымызды сақтап қана қоймай, насихаттауға барлық жағдайды жасап отырған қазақ халқына деген құрметіміз. Бүгінде бірлестік жанында қазақ тілін үйрететін жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Негізі Сыр өңірінде тұратын корейлер қазақ тілін айтарлықтай деңгейде біледі. Әсіресе, ауылдық жерлерде тұратындар мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Бұған мысал ретінде екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің алғашқы жаттықтырушысы, ауыр атлетикадан елімізге белгілі маман Вилорий Пакты айтуға болады. Міне, осындай жұмыстарымызды көрген Оңтүстік Кореядан келетін туыстарымыз әрдайым ерекше таңданыстарын білдіріп кетеді. Олар Қазақстанды бейбітшіліктің және мүмкіндіктердің ордасы деп санайды. Владимир ТОЛОКОННИКОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Орыс қоғамдастығы Қызылорда облыстық филиалының басшысы: – Мемлекет басшысы айтқандай, тек ауызбірлігі жарасқан ел ғана кез келген тар жол, тайғақ кешуден қиналмай өтеді. Осы сөзге қарап Қазақстан халқы Ассам­блея­сының атқарып отырған жұмысын бағамдай беруге болады. Бұл құрылым біздің бейбітшілігіміз бен бірлігіміздің ең басты ұстыны. Қазір әлемде болып жатқан қақтығыстар мен жанжалдардың көпшілігі бірлік пен ортақ келісімнің болмауынан туындап жатыр. Сондықтан, халықтардың ынтымағын тұрақтылық пен қарқынды дамудың кепілі деп айтсақ, қателеспейміз. Осы мәселелердің барлығын тереңнен зерттеп, оның алдын алу жолдарын ойластырған Елбасы бұдан 21 жыл бұрын Ассамблеяның құрылуына түрткі болды. Меніңше, Нұрсұлтан Назарбаев бұл шешімімен тек Қазақстандағы бейбітшілік пен өркендеудің алғышартын бекіткен жоқ, бүкіл әлемнің болашағы үшін игі қадам жасады. Олай дейтін себебім, бүгінде ешқандай нәтиже бермейтін ұлтаралық және дінаралық қақтығыстардан шаршаған әлем Қазақстанның осы бір тәжірибесіне назар аударып, үлгі алуда. Дегенмен, ешқашан қазіргі жетістікпен тоқмейілсуге болмайды. Әлі де болса татулық пен тұрақтылықтың іргесін нығайту жолында жұмыс істеуіміз керек. Себебі, бүгінде діннің атын жамылған топтар өздерінің арам пи­ғылдарын жүзеге асыру үшін еш нәрседен тайын­байтынын бірнеше рет дәлелдеді. Ондай жанкеш­тілерге өзіміздің бірлігімізбен, ынтымағымызбен ғана тосқауыл бола аламыз. Егер әркім өз жолын таңдап, терроршылармен өзінше күрессе, оның нәтижесіз болып шығуы да әбден мүмкін. Ал қазіргідей кез келген кедергіден жұдырықтай жұмылып өтсек, іс-әрекетіміз нәтижелі болмақ. Сондықтан, осындай әлемді алаңдатқан өзекті мәселелерді де қамтитын Ассамблеяның атқарған жұмысынан алдағы уақытта атқаратын жұмысының ауқымы кең екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Елена МАЩИНСКАЯ, Ақмола облыстық чуваш этно-мәдени орталығының төрайымы: – Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына осымен төртінші рет қатысып отырмын. Біздің орталық осыдан 2 жыл бұрын құрылды. Оны құрудағы басты мақсат – чуваш халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтау, кейінгі ұрпаққа аманаттау. Орталықтың жанында арнайы мектеп жұмыс істейді, онда чуваш ұлтының тілі мен әдет-ғұрпы үйретіліп, насихатталады. Жалпы, Қазақстандағы барлық этномәдени орталықтардың міндеті – өз тілі мен ділін, әдет-ғұрпын ғана сақтау ғана емес, біздің міндетіміз – бейбітшілікті насихаттау. Жалпы, Ақмола облысында чуваш ұлтының мыңға тарта өкілі бар. Ал республика бойынша халықтың 0,3 пайызын құрайды. Біз аз болсақ та қазақ жерінің дамуына, гүлденуіне, бейбітшілік тұғырының берік орнығуына күш-жігерімізді жұмсай беретін боламыз.