«Біз – қазақстандықтармыз! Біз – Үлкен Ел, Үлкен Отбасымыз. Қазақстанның мәңгілік мекені – Ұлы Дала еліне бата қонып, бақ дарысын! Кең-байтақ жеріміз, дарқан еліміз бар. Қолдаймыз, қорғаймыз. Бұл сөздерді әрқашанда мақтанышпен айтамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы- Патриоттық акті қабылдау арқылы бейбітшіліктің жаңа кезеңіне қадам жасады», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» тақырыбында ашылған XXIV сессиясында.
Иә, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы – әрбір қазақстандықтың, әрбір қазақ баласының жүрегінде деп ойлаймын. Бұл патриоттық сезімді жас ұрпақтың санасына сіңіру, әрине, біздің үлкендердің мақсаты. Бұл еліміздің алдағы болашағына деген патриоттық сенімнің беріктігіне бүгіннен-ақ негіз бола алады. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты мәртебелі жиынды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көріп біліп, тыңдап отырдық. Ассамблея XXIV сессиясының қорытындысы бойынша «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі да жария етілді. Біз мемлекеттік тілді қоғамды біріктірудің негізі, үштілділікті Елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты ретінде дамыту қағидатын ұстанатын боламыз. Осы алқалы жиында Елбасы тағы да жақсы, салиқалы, әрбір қазақтың жүрегіне жететін ойлы, ойлантатын сөздер айтты. Жердің мирас екенін жеткізді. Мәңгілік Ел деген ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға, немере, шөбереге жалғасатын Ұлы Дала жолы екенін еске салды.
«Бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы есімізде сақталады деп ойлаймын, өйткені бұл күннен бастап еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің жаңа кезеңі ашылады. Біз «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін салтанатты жағдайда қабылдадық. Сол үшін, осынау тарихи шешім қабылдағандарыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді», – деді Елбасы.
Жалпы, Патриоттық акті мазмұнында айтылғандай, Елбасымыздың көшбасшылығымен еліміздің жаңа тарихын жазудың биік мәртебесі мен жауапкершілігі біздің ұрпақтың үлесіне тиді. Қазір біздің қуатты еліміз бар, біздер сол елдің азаматымыз деп қай жерде болсақ та мақтанышпен айта алатын күнге де жеттік. Өйткені, біздер әртүрлі ұлт өкілдері бас қосып, бір ел, бір тағдыр жолында Болашағы Біртұтас Ел – Мәңгілік Елді құру жолында бірге келе жатырмыз. Әркім өз Отбасының амандығын сақтайды, сол арқылы үлкен мемлекетке қорған болады. Ұлтымызға тән қонақжайлық және еңбексүйгіштік қасиеттері, жалпы ғаламдық тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдарымен қосылып нығаяры сөзсіз. Мәңгілік Ел – ұрпақтан ұрпаққа аманат екені онсыз да түсінікті. Келешек ұрпақ, өсіп келе жатқан сәби құлағында Мәңгілік Ел, Тәуелсіздік, Астана деген сөздер жүретінімен де бақытты. Астанамен мақтанады. Жалпы, Отансүйгіштік, Мәңгілік Ел, Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім мақсаты – біздің күнделікті жұмысымызбен әрқашан бірге ғой.
Наурыз айында қаламызға «Менің Қазақстаным» пойызы аялдады. «Нұр Отан» партиясы қалалық бөлімшесінде өткен дөңгелек үстелге қалалық және аудандық этномәдени бірлестіктердің басшылары мен мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл күндері «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалында 11850 мүше бар болса, 55 бастауыш ұйымы жұмыс атқаруда. Партияға мүшелердің дені – кеншілер, жұмысшылар. Олар қаламызда орналасқан Ақсу ферроқорытпа зауыты мен «Еуроазиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-та еңбек етеді. Бүгінде партияның қалалық филиалы жылдық жоспарға сәйкес жұмыс атқаруда. Атап өтсек, әртүрлі салаларға бағытталған 12 жоба жүзеге асырылуда. Оларға қалалық мәслихат депутаттары жетекшілік етеді. Мәңгілік Ел, бұл – Инновация негізіндегі тұрақты Экономикалық өсім деген осы. Кеншілер мен энергетиктер қаласы еліміздің индустриялық және инновациялық күш-қуатының дамуына үлес қосуда. Барлық табиғи ресурстар мен қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарап еңбек етуде. Мәңгілік Ел, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы болса, еліміздің барлық табыстары мен жетістіктері қазақстандықтардың күн сайынғы еңбектерінің нәтижесі екені белгілі. Өйткені, елімізде Еңбек Адамына деген құрмет сақталған.
Сонымен қатар, Елбасы осынау акті арқылы барша қазақстандықтардың достық, бейбітшілік пен келісімнің бірыңғай құжаты қабылданғанын атап өтті. «Патриоттық актіде ұлы құндылықтар қамтылып отыр. Ондай құндылықтар – біздің халқымыздың ерік-жігерінің, дана шешімінің көрінісі. Акт кабинеттерде ойластырылған құжат емес, ол – Тәуелсіздігіміздің жемісі», – деді Елбасы. Біз осыған қуанамыз.
Айдос ОРАЗАЛИН,
«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының
орынбасары
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы