Жақында іссапармен оңтүстік облыстарға жолым түсті. Соңғы кезде қызыл мияның шетелге сатылып жатқанын жиі еститін едім. Соған іссапарда анық көзім жетті.
Қызылорда облысының Сырдария өзеніне жақын елді мекендердің бірінде пысықайлар бағалы шөпті үлкен қорапты көліктерге тиеп, Қытайға өткізіп жатыр екен. Одан пайда тауып жатқандары да шамалы. Күніне көлікке тиеп, Түркістан асырып сатқаны үшін небәрі 2 000 теңге ғана алады.
Ал қызыл мияның ұнтақ ретінде өндірісте қолданылатын тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, минералды тұздар, қызыл мия қышқылы, күрделі қанттар және крахмал сияқты көптеген дәрумендер бар. Осы қасиеттеріне байланысты өскін медицина мен тамақ өнеркәсібінде пайдаланылады. Бұдан басқа, оның жапырағы мен сабағы ертеден мал азығы ретінде дайындалып келеді.
Жергілікті тұрғындардың айтуларына қарағанда, қызыл мия жердің құнарын сақтаушы да көрінеді. Қазір осынау өскінге қырғидай тиіп, шетелге сатып жатқан кесапаттардың кесірінен соқамен қопарылған жерлер батпаққа, сор топыраққа айналып жатыр. Ең қорқыныштысы, аталмыш өскіннің тәтті тамырын сорып күнелтетін жәндіктер, құрт-құмырсқалар жер бетіне шығып, бақшалық дақылдар мен жеміс ағаштарын баудай түсіруде. Енді бұған шұғыл шара қолданбаса болмайды.
Ескендір ЕРТАЙ,
журналист
Қызылорда облысы