• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2016

Бес тіл білетін әжей

370 рет
көрсетілді

Қостанай қаласында бес тіл білетін Марфуға Селтекенова есімді әжей тұрады. Ол 1902 жылы Ресейде туып, кейін Қостанай облысының Меңдіқара ауданына көшіп келген. Биыл 114 жасқа толған кейуана әлі күнге дейін кітап оқып, ән салады. Марфуға әжей бала кезінде медреседе діни сауатын ашып, ана тілімен қатар орыс, араб, баш­құрт, татар тілдерін үйренген. Сол кезден бері бес тілдің біреуін де әлі ұмытқан емес. Әжейдің қызы Жібек Құрманованың айтуынша, анасы өмірдің барлық қиыншылықтарын көрген. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы қиын-қыстау кезде алғашқы қоса­ғынан ерте айырылып, шиеттей төрт баласымен қалған екен. Содан екінші рет тұрмыс құрып, тағы алты бала сүйіп, екі баланы ба­уыры­на басқан. Білетіндердің айтуынша, Мар­фуға әжейдің шаңырағы осы ай­мақтағы ең қадірлі, сыйлы отбасы. Ауылға келген қонақтар аттан түсіп, кейуананың үйіне арнайы келіп, амандасып кетеді екен. Қазір Марфуға Селтекенованың бес баласының көзі тірі. Оның немере, шөбере, шөпшегінің өзі алпысты алқымдаған. Олар Қазақстанның барлық өңіріне тараған. Әжейдің ұрпағы Дубайда, Ақтауда, Алматыда, Шымкентте, Челябіде, Астанада, Өскеменде тұ­рады. Бір күні қызы Жібек анасынан ұзақ өмір сүрудің сырын сұраса, «қалқам мен ешқашан ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Өмір бойы таза жүрдім. Табиғи, ұлттық тағам­мен тамақтандым. Бәріне сабыр сақтадым, көп еңбектендім, айналама мейіріммен қарадым. Менің ұзақ жа­сауымның сыры осы», деген екен. Дастан ЖҰМАБЕКҰЛЫ