• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2016

Мақсат – жерді тиімді пайдалану

426 рет
көрсетілді

Жер халқымыздың басты байлығы. Сондықтан, оны барынша тиімді пайдалану қашанда күн тәртібінен түскен емес. Ұлттық экономика министрлігінің облыс әкімдігімен бірлесе отырып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру аясында өткізген кеңесінде Жер кодексіне және басқа заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер кеңінен түсіндірілді. Облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және ауыл әкімдері, ауылшаруашылық тауар өндірушілері қатысқан алқалы жиында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану, құрылыс саласындағы жаңа енгізілімдер, сондай-ақ, салық және кеден заңнамаларына енгізілетін өзгерістер сынды өзекті мәселелер талқыланды. Кеңесті қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиынға қатысушыларға бұл мәселеге өте жауапкершілікпен қарау керектігін қадап айтты. Ол облыста 25 миллион гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бар екенін, соның 1 миллион гектарға жуығы егіншілікке жарамды екенін тілге тиек ете келіп, 112 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқанын атап өтті. Биыл аукцион арқылы 184 мың гектар жер сатылатынын, осыншама алқапты сатуға дайындау құжаттарын жасауға 58 миллион теңге қаржы бөлінгенін жеткізді. Кеңесте сөз алған Ұлттық экономика вице-министрі Қайыр­бек Өскенбаевтың айтуынша, қазіргі күнде еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 99,5 миллион гектары, яғни 99,7 пайызы ұзақ мерзімді жалға берілген, тек 1,3 пайызы жеке меншікте екен. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 35 және 36-қадамдарын жүзеге асыру аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке-меншікке берудің жаңа тетігін енгізу үшін 2015 жылғы 2 қарашада «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды, бұл заң үстіміздегі жылғы 1 шіл­деден бастап күшіне енеді. Кеңесте «100 нақты қа­дам» Ұлт Жоспарының 44 және 45-қадамдарын, сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауын, Үкімет пен Ұлттық банктің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі 2016-2018 жылдарға арналған дағ­дарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру аясында салық жүйесін реформалау көзделгені әңгіме өзегіне айналды.  Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы