• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2016

Volkswagen компаниясы үш айда екі жарым миллион көлік сатты

443 рет
көрсетілді

АСТАНА. 27 сәуір. Германияның әйгілі Volkswagen AG автоконцерні 2016 жылдың алғашқы тоқсанында көлік сату көрсеткіші бойынша Toyota Motor Corp. компаниясынан алға шықты. Бұл туралы «Интерфакс» ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Toyota бұл көрсеткіш бойынша соңғы төрт жыл ішінде ешкімге жол бермеген. Алайда, Bloombeg агенттігінің хабарлауынша, қаңтар мен наурыз айлары аралығында 2,46 миллион көлік аз сатылып, 2,3 пайызға құлдыраған. Ал Volkswagen көлік сату көрсеткішін 0,8 пайызға, яғни 2,5 миллионға арттырды. Үштікке General Motors концерні енді. Бірақ бұл компания осыған дейінгі нәтижесінен 2,5 пайызға азайып, 2,36 миллион көлік сатты. Toyota осы жылдың ақпан айында құрамындағы Aichi Steel Corp. компаниясындағы апатты жағдайға байланысты бір апта жұмысын тоқтатқан болатын. Сонымен қатар, осы айда Жапонияның Кумамото префектурасында бірнеше мәрте болған жер сілкінісіне байланысты тағы да уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Автоконцерн басшылығы мұндай кедергілер кем дегенде 80 мыңға жуық автомашинаның құрастырылып шығуына зардабын тигізетінін мәлімдеді. Айта кетейік, Volkswagen-ге ауаға тарайтын қалдық көрсеткішін азайтып көрсететін құрылғы орнатқанына байланысты әлемнің бірнеше елдері ірі көлемді айыппұл салды. Аян Әбдуәли. Дерек: «Интерфакс». Фото: maximum-autoservice.ru.