• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Cөз сойыл № 26

418 рет
көрсетілді

Әзіл - оспақ, сын - сықақ * Бірде... Ол  жаққа асықпаған  жөн Астанада қазақтың көрнекті ақы­ны қайтыс болып, оның денесі Қаракерей Қабанбай кесенесі қа­сында ашылған жаңа пантеонға қойылды. Ол Астанадан жиырма шақты шақырым қашықтықта ор­наласқан. Астанадағы сол жаға­­лаудағы «Көрме» үйінде өт­кен шы­ғарып салуға арналған қа­ралы жиыннан соң жазушылар Сауыт­бек Абдрахманов, Әлі­бек Асқаров пен Парижден келіп жет­кен ақын Олжас Сүлей­ме­нов үшеуі бір машинамен пантеон­дағы зиратқа қарай топырақ са­луға кетіп бара жатып Әлібек жүргі­зушісіне: – Біздің машинада Олжекең отыр, қорықпай алдағы машиналарды басып оза бер, – дейді қалжыңдап. Сонда Олжекең: – Ол жаққа асықпаған жөн... – деген екен. Менен  басқалардың бәрі  халал  екен... Жазушы Қалихан Ысқақтың 80 жылдық мерейтойы мен Қаратай батырдың ескерткішін ашу рәсіміне Қатонқарағайға Астана мен Алматыдан жазушылар Кәмел Жүністегі, Әлібек Асқаров, Бексұлтан Нұржеке, Кәдір­бек Сегізбай, Қуанышбай Құр­манғалимен бірге ақын Әділ­­ғазы Қайырбеков та келеді. Алыс­тан келген қонақтарды Қатон­қа­рағай ауылындағы «Баян» қонақ­үйіне әкеліп орналастырады. Сонда Әділғазы Қайырбеков, Кәмел Жүністегі, тарихшы Ахмет Тоқтабай төртеуміз бір бөлмеге жайғастық. Сұрастыра келсек, мен де, Кәмел де, Ахмет те арақ-шарап ішпейтіндер болып шықтық. Сонда Әділғазы: – Менен басқалардың бәрі халал екен ғой, – дегені. Тағы  да  бұрынғы әйеліме  үйлендім Бірде жазушы Әлібек Асқа­ровтың жұбайы Зәйгүлдің 60 жас­қа, Әлібек пен Зәйгүлдің тұр­мыс құрғанына 40 жыл толуын атап өтті. Мерейтой барысын­да балалары Әлібек пен Зәйгүл­дің қолына алтын жүзік кигі­зіп, «қырық жылдан соң неке­ле­рің жаңадан қиылды» деп тойға келушілер екеуін жаппай құттықтады. Сонда Әлекең: – Тағы да бұ­рын­ғы әйеліме үйлендім бе? – дегені. Қолда бірдеңе болғанға не жетсін «Фолиант» баспасының үш қабатты жаңа үйінде отыр­ғаны­мызда екінші қабаттың ортасына есік орнатып, құлыптап қойды. Адамдар әрі-бері сапырылысып жүре бермесін дегені ғой. Енді түс кезінде екінші қабаттың бір шетіндегі асханаға бару үшін бірінші қабатқа түсіп, айналып отырып қайтадан екінші қабатқа шығатын болдық. Байқасам, біздің екінші қабатта отыратын «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы Думан Рамазанда ортадағы есіктің кілті бар екен. Өзі ашып, өзі жауып жүр. Бір жолы ол мені сол есіктен кіргізіп, қайтарда қайта шығарып жауып болды да, қолындағы кілтін жоғары көтеріп: – Қолда бірдеңе болғанға не жетсін?!. – дегені бар. Қайырды НАЗЫРБАЕВ Астана Сау адам  жынды болады Бір демалып қайтайын деп, Тәттімен қоса тәтті әңгіме  айтайын деп, Мейрамханаға келіп едік, Көңілге жастық желік еніп, Бірақ қайдан келдік деп «еңіредік». Себебі, шетелдік айқай музыка Жер дүниені жаңғыртты, Басымызды қаңғыртты. Ылғи бір жалаңаш-жалпы адамдар, Реті жоқ алаңдар, «Жайлат» деп едік бізге келіп ұрысты, Қабақтарынан қар жауып тырысты: «Похорон» емес бұл орын» – Деп алды да құтырып кетті. Талай жұрт тысқа сытылып кетті. Иә, кейбір мейрамхана, Көңілді кірлетіп, мұңды қылады, Сау адамды жынды қылады. «Привет..!» Мен «шопыр» деген адаммын, Рульге ғана алаңмын. Атақты байдың қатыны, Асып төгілген «ақылы» Мені бастап жүреді, «Қатты айда» деп қақсап жүреді. «Супермаркетті» көргенде, Дәл алдына келгенде: «Мына жер балшық екен, Шашыранды шалшық екен, Тротуарға» шығып тоқта» – деді, «Нарушение ғой» деп едім, «Қайдағыны соқпа» деді. Сосын, «амал который», тоқтадым, Сол кезде іздегенге сұраған, Жол полициясы бір адам, Ысқырып келіп сес берді. О, құданың құдіреті-ай, Қатынды көріп абдырап, Тұмсық суы салбырап – «Привет !» деп «честь» берді... «Суфит»  қылды Аңды қойып, өрістегі малды атқан, Көздеріне көк мұз болып қан қатқан. Көпке момын, іс-қимылы жауыздық, Бар еді бір құдай ұрып, ант атқан. Сол сұр жылан қалды бір кез ұсталып, Заң-зәкүннің уысына түсті анық. Ұрымталын таба қойды ұрымыз, Көтерілген іс қағазы «қысқарып». Мәнісі боп мәселе де шешілді, Бір жылқыға бір миллион кесілді. Мал иесі «көк қағазға» көміліп, «Құрсыншы» деп ұрымызды кешірді. Заң да жұмсақ болады екен мұндайда, Қылығы бар бататұғын шымбайға. Тергеушінің маңдай жағы тершиді, Көзін қысып, келе қалды ыңғайға. Айлар өтті, тістеді ұры бармағын, Артқа салып жүрген еді салмағын. Бір миллион алып кеткен «батырдың» Қорадағы «суфит» қылды бар малын. Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ Маңғыстау облысы Сұрақ-жауап Журналист бір топ ауыл тұрғындарына сауал қойып тұр: – Ауыл әкімдерінің сайлауынан не күтесіз? – Бір қап ұн, бір қап күріш пен бір қорап макарон, екі литр пісте май... *** – Алло, сәлеметсіз бе, бұл әкімнің қабылдау бөлмесі ме? – Иә. – Мен келесі әкімнің қабылдауына жазылып қояйын деп едім. – Неге? – Осы жолғысы да ұзақ отырмайтын сияқты ғой... *** Бай адам таңғы алтыда тұрып жүгiрiп жүрсе керек. Оған кедей адам қарсы ұшырасыпты: – Байеке, неге жүгiрiп жүрсiз? – Түк тәбетiм жоқ. Таңғы асқа тәбетiм ашылсын деп жүгiрiп жүрмiн. Өзiң неге жүгiрiп жүрсiң? – Мен өзiмнiң тәбетiме таңғы ас iздеп жүгiрiп жүрмiн. *** Белгілі суретшіге қойылған сұрақ: – Суретші үшін ғажап жаңалық – оның алғашқы сурет көрмесі шығар? – Ол үшін ғажап жаңалық – алғаш рет оның әйтеуір бір суретінің ұрлануы... Тайраңдаған  «тарақан» «Тарақан» фирмасының төрағасы Тарақбай қарауындағыларды жинап, орындығын сықырлата тарғыл даусымен жиналысты бастап кетті. – Жарандар, бүгінгі жиналысымыз бұрынғыдан өзгешелеу болғалы тұр. Өтіп кеткен қой жылы фирмамыз үшін жамандық әке­ле қоймады. Себе­бі, әр фирма құпиясы болады, соны жоспарлы жүргізе білдік. Біз шы­ғаратын «Тарақанға өлім!» дәрісін тек өзіміздің еліміз пайдаланып қойған жоқ, мына көршілес ел де сатып алды. Ал басқалар да сатып алғанда табыс тіпті көбейетін еді. Бірдемемізді сезіп қойды ма, сатып алудан бас тартты ғой. Сол «бірдемені» сезіп отырған боларсыздар, шығаратын дәріміздің аты «Тарақанға өлім!» деп аталғанмен де, оларды түп-тұқиянымен жойып жібермейміз. Егер бұл байғұстарды жойып жіберсек, болашақта аты дардай фирмамыздың жабылып, сандалып қалатынымыз анық. Сондықтан, іштерің біліп отыр, дәріміздің дозасы қырықаяқты байғұстарды түгел өлтіріп тастамайды, тек бірер күнге ұйықтатады. Ал, арық-тұрықтары өлетіні белгілі. Біздің өнімімізді пайда­ланушылар үйіндегі өріп жүрген сол арық-тұрақтарының өлгеніне мәз. Осылай болмайынша нарық көшіне тағы ілесе алмаймыз. Қай ел еді, «Күншуақ» дей ме, «Күншығыс» дей ме, солардың дүниелерінде де «срок» бар ғой, – деп Тарақбай айналасындағыларға бір қарап қойып, тарғыл даусымен жиналысты әрі қарай жалғастырды. – Өздерің білесіңдер, азды-көпті еңбегіміз орынды бағаланып та жатыр. Кешегі жиында басшылық ал­ғыс айтып иығыма шапан жапса, алаңда біздің фирманың ел алдын­дағы сіңірген еңбегі үшін шула­ған боз­балаларға тарақан суреті салын­ған футболкаларды кигізіп, секек­теткені тағы бар. Олар «Тарақанға өлім!» деп ұрандатқанда, көзіме жас келгенін де байқамай қалдым. Ал «Насеком» деп аталатын ұйымнан менің атыма «Жылтыр қағаз» ал­ғыс хат келгеніне тағы өздеріңіз куә­сіздер. Так што, алғыстан, марапаттан құралақан емеспіз. Енді әңгімемнің негізгі идеясына көшейік. Біз жаңаша өмір сүрмесек, өзімізді-өзіміз қамшылайтын бірдеңе таппасақ бәсекелестерімізден қалып қоюмыз мүмкін. Өйткені, естіп жатырмын, осы қаланың шет жағынан «Көк шыбын» деген фирма ашылғалы жатыр дейді. Ал, «Көк шыбынға өлім!», «Көк шыбын жойылсын, құрысын!» деген екі дәрі шығарса да көк шыбын жойылмайтынын жақсы білесіңдер. Себебі, ауылдағылар шиеттей балалары үшін қора-қорасымен маңырама, мөңіремелерді базарға әкеліп қан сасытуда... Қан бар жерде көк шыбын болады. Міне, пайда көк шыбында болып тұр ғой. Сондықтан, менің айтайын деп отырған идеям – фирманың жанынан «Бүргеден тазарайық!» деген қосалқы шаруашылық ашуды ойлап отырмын. Мен тарақаннан әлдеқайда кішкентай, тіпті, көзге көрінбейтін бұл құрғырды неге айтып отырмын? Өйткені, биыл мешін жылы екенін естеріңе саламын. Күні бойы тарақандармен «күресіп» үйге шаршап барғанда тез қалғып кетуің үшін газет, тілебизор қарайтыным бар. Сонда тілебизордан үсті-басын қасынып отыратын, Дарвин айтқан «аталарымызды» көремін. Ал, әр жыл өз иесіне ұқсастау келеді ғой. Яғни, мешінмен бірге бүрге де келеді. Майекең, то есть мешін жыл бойы «креслода» отырғанда қасынып отырмай жайбарақат отырсын деген оймен іске кіріселік. Тағы бір айтарым бар, ол бүргеден тазартатын «Бүргетарақ» жасау. Соны фирмамызда шығарып, майе­кеңді ғана тарап қоймай, оған қа­лың жұрт­шылықты тартсақ, фирмамыздың тасы өрге домалары сөзсіз. Сонда әлгі бізбен бәсекеге түс­пекші болып жүрген «Көк шыбын» фирмасы көздеріне көк шыбын үймелеп, өзінен өзі құрып кететіні айдан анық, – деп Тарақбай соны идеясын аяқтады. Ғажайып идеяны тыңдап отыр­ғандар: – Ғажап! Ғажап, Тарақа, сіз бол­масаңыз біз күн көре алмай та­рақан те­ріп кетеміз ғой, – деп шулап қоя берді. – Олай болса, – деді Тарақбай сөзін қайтадан жалғастырып, – Масабек, сен босқа ызыңдамай, дүниежүзілік «Насеком» ұйымымен хабарласып, тиісті патентін алумен шұғылдан. Ал, Қоңызбай, сен қосалқы фирманың шығыс-кірістерін, бизнес-планын әзірле. Шегіртбек, сен «Бүргеден таза­рай­ық!» дәрісін жасауды қолға ал. Бірақ бүрге байғұстардың үрім-бұтағымен жойылып кетпеу жағын мұқият ойластыр... Енді қалғандарың тара­қаншыламай, шыбыншыламай өз жұмыстарыңа кірісіңдер, – деп зілді тапсырманы беріп тастады. Сөйтіп, жаңа да ғажап идеямен қаруланған «Тарақан» фирмасы қызу іске кірісіп жатты... Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ Батыс Қазақстан облысы * Ал керек болса! Аңдамай сөйлеп... Осы жылдың 28 наурызында кешкілік теледидардан «Ұлы даланың құпиялары» атты хабардан жылқы жөнінде жөні түзу көрсетілімді тамашалап отырып, мына бір «айта салдымды» тыңдап: «Ойпыр-ай, бұлай дегені несі екен!?» деп таңғалдым! Сондағысы мынау: – Жылқының етін жеп, қы­мызын ішкен адам батыр ке­леді, басқа елді жаулап ала береді. Бір аяқ астың екі аяқ желігі бар, Еуропаға дейін барғызды... – дейді... Осы пікірден кейін мен былай деп ой түйдім: «Әлемдегі барлық дамыған мемлекеттер, барлық білімді халықтар өз құпияларын өз­дері ашып беріп, ұшпаққа тү­гел жетіп болып ең соңында қалған біз ғана ма?.. Сонда бұл не? Ақталу ма, мақтану ма? «Мақтаншақтың арты ашық», – дейтін, «Аңдамай сөйлеп, ауырмай өлмейік», ағайын! Зекебай СОЛТАНБАЕВ Павлодар облысы * Ауылдың айтқыштары МОЛДА МЕН АСАБА – Кешегі кеңестік заманда жиын, жиналыс, кеңестерде парторг, комсорг, үгітші, хатшы, директорлар аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеуші еді. Бүгіндері тізгін кімдердің қо­лына көшті? – Қазір адамдардың басы көбіне торқалы тойда, қаралы жиында ғана қосылады ғой. Өлімде – молданың, тойда – асабаның ғана аузына қараймыз. ҚҰЛАҒЫ – ЛОКАТОР, АУЫЗЫ – ДЗОТ – Келіншек-ау, бір ауылда тұрып біле бермейміз. Заман өзгерді ғой... Келін түсіріпсің, қайырлы болсын! Келінің қалай?! Құлағының тесігі бар ма, былай?! Менің келінімнің бір құлағынан кірген сөз, екінші құлағынан шығып кетеді. – Сенің келінің шүкір екен онда. Біздің «қарағымның» құлағынан кір­ген сөз табанда аузынан өзге­ріп шы­ғып жатады. Түрлендіріп айт­қан­да құлағы – локатор, ауызы – дзот. «ҮШ МЕЗГІЛ ТАМАҒЫН БЕРІП...» – Қиқым ердің жасы елуге келіп, қаланың қақ ортасындағы мейрамханада дүрілдетіп тойын өткізіп жатты. Кезегімен сөз алған кұрдасы Сиқым «...деп, деп,» келіп, той иесінің әйеліне: – Сылқымбике-ау, Қиқымды иттей ұста, – демесі бар ма?! Тыңдап отырған бәлен құлақ тым-тырыс. Тамақ ішіп-жеп отырғандар тамағы не әрі, не бері жүрмей кептелді де қалды. Ойын-күлкі де су сепкендей тыйылды. Сол тыныштықты бұзып, тамағын кенеп, Сиқым тағы да: – Иә, иттей ұста. Таңертең алдына тамағын, түсте түстігін, кешке асын бер де артынан тамағын басып, бойын жазуға серуенге жіберіп отыр, – деп еді, жұрт ду күлді. Айтса айтқандай-ау. Сапар ӘБІЛКӘКІМТЕГІ ҚОСТАНАЙ БАЛА ТІЛІ – БАЛ... МАИ қызметкерінің кішкентай баласы әкесіне: – Сіз жүргізушілерден қорықпайсыз ба? – Жоқ, балам, қорықпаймын! – Онда неге ылғи жол бойында тығылып тұрасыз? *  *  * Баласы үйдің төбесін бояп жатқан әкесінің қимылына қызыға қарап тұрады. Шешесі: – Балам, дұрыстап үйреніп ал, кейін өскенде көмектесесің. – Не, әкем оған дейін бояп бітіре алмай ма? *  *  * Екі бала әңгімелесіп тұр: – Сенің інің нешеде? – Бір жаста. – Қызық, менің күшігім бір жаста болса да жүгіріп жүреді. – Енді оның төрт аяғы бар ғой. *  *  * Футболдан Қазақстан құрамасы немістерден ойсырай ұтылып жатыр. Осыны теледидардан бақылап отырған ардагер қарт: – Баяғыда біз немістерді жеңіп едік... Немересі: – Ата, онда сіздердің жаттық­тырушыларыңыз мықты болған шығар...

*Әзілің жарасса...

«Вокруг смеха журналынан алынды.

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР