Шымкентте мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында алғашқы түрме салынады. Бұл бастаманы Ішкі істер министрлігі көтерді. Ведомствоның қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаевтың айтуынша, түрме салу үшін Шымкенттен жер учаскесі бөлінген.
Ол 1 500 адамға есептелген.
–Түрме мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында салынады. Оның құрылысы жоспар бойынша 2017 жылы басталады. Бұл мекемеде барлық режімдер болуы мүмкін, – дейді ол.
Сонымен бірге, еліміздің бес облысында мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында жекеменшік түрме салу үшін учаскелер бөлу жайы қарастырылып жатқанын, олар инвесторлардың көмегімен салынатынын айтты.
Алайда, түрме салуға қанша ақшаның қарастырылып отырғаны белгісіз. Шымкентте салынатын түрменің құрылысына да жұмсалатын ақшаның көлемі айтылмайды.
Рүстем ЖҰМАН