• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Білімді болсаң, жұмыс дайын

461 рет
көрсетілді

Өркениетті, әлемдегі озық елдердің жақсы тәжірибесі Қазақстан өміріне дендеп еніп қана қоймай, тәтті жемісін беріп жатыр. Бұрынырақта қызметтің майлы жілігіне тамыр-танысы жоқ адамдар іліге алмайтындай көрінетін. Мектепті «Алтын белгіге»,  жоғары оқу орнын «Қызыл дипломға» бітірген түлектердің өзі жұмыс таба алмай, тапқан жағдайда институтта өзінен қозы көш төмен оқыған, бірақ беделді қызметкердің, бай-бағланның баласының қол астында жұмыс жасап жатқанына намыстанар еді. Енді оған баяғыдай орын беріле бер­мейді. Біз мұны Мемлекеттік қызмет іс­тері министрлігінің ОҚО бойынша де­­партаментінде бос мемлекеттік әкім­­ші­лік лауазым үшін үміткерлерге кон­курс жариялаған комиссия жұмысына ба­­қы­лаушы болып шақырылғанда бай­қадық. Анығын айтсақ, мемлекеттік қыз­мет басқармасының бас маманы, мем­лекеттік қызмет көрсету басқар­масы­ның бас маманы, мемлекеттік қызмет сала­сын­дағы бақылау басқармасының бас ма­ма­ны, әкімшілік басқармасының бас маманы бос орындарына 16 үміткер құжат тап­сыр­ға­нымен, конкурсқа үшеуі келмей қалды. «Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Аталған заң Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ұсынған Ұлт Жос­­парының алғашқы бөліміндегі 15-қадам­да көрсетілген мемлекеттік аппаратт­ы кәсібилендіруге және оның дер­бесті­гін қамтамасыз етуге негізделген. Осын­дай жаңа реформа аясында «Б» кор­пусындағылар бір мекемеден екінші меке­меге ауысуды былай қойғанда, сол ме­кеменің ішінде сатылық өсуде мін­детті түрде ашық конкурстан өтетін болады. Яғни, іс басындағы мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық өсуі конкурс негізінде жүзеге асырылады. Бірінші кезекте сол мекеме ішіндегі қызметкерлер үшін ішкі конкурс жария­ланатын болады. Егер де осы конкурс­та қажетті кандидат табылмаса, екінші кезең барлық мемлекеттік қызметшілер үшін өткізіледі. Ол жерде де оң шешімі табыл­маса, үшінші кезең, яғни жалпы жұртшылық арасында конкурс өткізіледі. Ескере кететін жайт, бірінші және екінші кезеңдегі ішкі конкурсқа қаты­су үшін Қазақстанның заңнамаларын білуге арналған тестілеуден өтудің қажеті жоқ. Бұл тұста, Мемлекеттік қызмет іс­тері министрлігінің ОҚО бойынша де­партаментінде «Б» корпусының мем­лекеттік әкімшілік лауазымдарына орна­ласуға арналған барлық мемлекеттік ор­ган­дардың мемлекеттік қызметшілер ара­сында ішкі конкурс өтті. Департамент басшысының орынбасары Абдулла Есімхановтың конкурс барысы жөніндегі анықтамасы осы. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Айбек Шіманов басқарған комиссия (С-О-S санаты бойынша) үміткерлерге өзі таң­даған қызмет орындары бойынша сұ­рақ­тар қойып, білімі мен білігін саралады. Алға озып айтсақ, өздері мемлекеттік қыз­метте жүргендіктен, көпшілігі қамшы сал­дырған жоқ. Алайда, «күріш арасында күр­мек те су ішеді» дегендей, «өтсем – өттім, өтпесем – қайттым», деп келгендер де бар­шылық екен. Ал байқаушыға конкурс комиссиясының мүшелеріне, олардың ше­шім қабылдауына әсер етуге құқық беріл­меген. Ойымызды сұрады, айт­тық, қайт­тық. Әйтсе де, білімді білсем екен д­е­ген жастардың өсіп келе жатқандығы қуантты. Кадр тазалығы, ашықтық  – облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың қызметке келгеннен бері қолға алған бірегей мәселелерінің бірі. Облыс әкімдігінде де мемлекеттік қыз­метке алу үш түрлі сатылы конкурс­пен өтіп жатыр. Облыс әкімі аппараты бас­шы­сының орынбасары Әсет Байсынов бас­қар­ған комиссия жұмысына қатысып, Бейбіт Бәкірұлының кадр саясатында ашықтықты, жариялылықты қалайтынын тағы да ұғындық. Ал тоқетері – енді білімдінің ал­ды кең, маңдайы жарық, Елбасы саясаты өңірлерде осылайша іске асып жатыр. Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысында 8217 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Соның ішінде 5625  – ер, 2592 әйел азамат қызмет атқарса, 112-сі зейнеткерлік жасқа жақындағандар. Ал 1868 адам жас мемлекеттік қызметші болып табылады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы