• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Ұлы арманның философиясы

576 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламасымен танысып шыққаннан кейін бұл шын мәнінде ұлттық сананы ұйыстыратын, болашағымызға нық қадам жасауға серпін беретін құжат екендігіне көзіміз жетті. Онда Мемлекет басшысы 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңінің басталғандығын айтады. Ендігі мәселе, Елбасы айтқандай, ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуіміз қажет. Қазақ халқының рухын, еркі мен күшін қалай оятуға болады? Халқымыздың ұлтқа, Отанға қызмет етуге деген отансүйгіштік сезімін қандай жолмен оятып, бойына сіңдіре аламыз? Осы орасан зор энергияны қалыпты арнаға қалай бағыттауға болады? Бұлай істей аламыз ба? Бұған қатысты тарихта көптеген мысалдар бар: мысалы, мемлекет саналы түрде оянып, мол энергияны ел мүддесі үшін ұйымдастырып, бағыттай білген. Бұл тұрғыда тарихтағы кейбір халықтардың қандай да болмасын, бір идеяның негізінде, кейде қате болса да, ұлы істерді тудырғаны туралы мысалдарын еске түсірсек те жеткілікті. Егер әлемдік тәжірибеге сүйе­нетін болсақ, онда бұл секілді мысалдар аз кездеспейді. Ұзақ жылдар бойы саналы түрде мемлекет тарапынан насихатталған америкалық тәжірибені еске түсірелік. «Америкалық арман» – бұл жүз пайыз америкалық болып, жүз мың доллар табыс тауып, зәулім үй тұрғызу деген сөз. Яғни, бақуатты америкалық болу. Осы «америкалық арман» идео­логиясын мемлекет: мәдениет, өнер, әдебиет, БАҚ, кино және тағы басқа тетіктер арқылы рухани тұрғыда қоғамдық санаға ықпал етті. Оңтүстік Корея кішкентай мемлекет болғанымен, тарихы терең ел. Баласын жастайынан: «Сен корейсің, сен корей болып туылдың, сен ұлы тарихы бар елде туылдың. Біздің өткен тарихымыз өте бай. Бізде ұлы дәстүр, дін бар. Сен өз тарихыңды білуге және ұмытпауға тиіссің. Сен корей болғаныңа мақтануың керек. Бірақ біздің территория­мыз кішкентай, пайдалы қазба­лары­мыз жоқ, сондықтан біз тек өз «ақылымыз» бен білімімізге ғана сенуіміз керек. Білім табиғи пай­далы қазбалардың орнын алмас­тыра алады. Сондай-ақ, сен бас­қа халықтарды қуып жетіп, олар­дан басып озуың қажет», деп құлақ­тарына құяды. Қытай халыққа анық және түсінікті мақсаттарды жариялай отырып, қарыштап дамуда. Мысал үшін бес-он жылдың ішін­де қытай халқының әл-ауқатының өскені сонша, 2020 жылы Қытай әлемдегі әлеуетті ең жоға­ры елге айналуы тиіс. Қытай жетекшілерінің сөзі мен ісі бір-бірінен алшақ емес. Халық алға қойылған мақсаттардың орындаларына нық сенеді. Қытай хал­қы күн өткен сайын күнделікті тұр­мыстарының жақсарғанын сезінуде. Қытай философтарының пікірінше, Қытай қоғамындағы жеткен жетістіктер мемлекет бас­шыларының идеология мен бизнестің негізі етіп үш фи­ло­софиялық концепцияны бас­шы­лыққа алғандығының арқасы. Бұл концепциялар – Конфуций мен Лао-Цзының фил­о­софия­лық теориясынан бастау алады. Бұл теорияның негізгі мазмұны өзара тұтастықта: тұрақтылық, тепе-теңдік пен табысқа жетуді біл­діреді. Кон­фу­ций өзінің сая­си-әлеу­мет­тік философиясында «Елбасы әрқашанда – елбасы ор­­­н­ын­­­да, қызметші – қызметші ор­­­н­ын­­да, әке – әке орнында, ұл – ұл­дың орнында болуы керек», – деп әрбір қоғам мүшесінің өз міндеттерін жете сезініп, дұрыс атқаруы тиіс екендігін көрсетеді. Ойшылдың пікірінше, ең бастысы халықтың жүрегінде үкіметке деген, мемлекет билігінде жүр­ген қызметкерлерге деген сенім. Қазір­­гі таңдағы Қытай экономика­сы мен реформаларының үлкен же­тістікке жетуі – халық пен үкі­­мет басындағы адамдар ара­сын­­дағы берік сенімділіктің болуы, халықтың ауызбіршілігі, ең­бек­­ке деген ұмтылыстары және мем­­лекет қызметкерлерінің өз хал­қы­на деген таза пиғылы мен қызметі. Жапония өз реформаларына негіз етіп «Біз – бәріміз – бір отбасымыз» философиясына негізделген корпоративтік және ұжымшылдық идеяларын алды. Олар өз тәжірибелері арқылы нарық­тық қатынастар жүйесі батыс­тық капитализмнің негізін қалаушылар ұсынған индивидуализм принципімен ғана емес, сонымен бірге, корпоративтік пен ұжымдық негізінде де табысқа жетуге болатындығын дәлелдеді.  Жапондықтар өз экономикасын ұжымдық және корпоративтік принциптерге негіздей отырып, Азия мемлекеттерінің арасында алғашқылардың бірі болып, таңғажайып табысқа кенелді. Сондай-ақ, олар аз уақыт ішінде көптеген еуропалық дамыған мемлекеттерді қуып жетіп қана қойған жоқ, көптеген негізгі пара­метрлер бойынша оларды басып озды. Жапондықтар ұжым­дағы татулықты және корпо­ративтік рухты әрқашан насихаттап жүреді. Осы тұрғыда жапон мемлекетінің басшылары, кор­порация жетекшілері өз хал­қының ерік-жігері мен мақтансүйгіштігін, «самурайлық рухын» үнемі мақтанышпен насихаттап жүреді. Ресейде «Ресей жобасы» ар­қылы тарихқа бетбұрушылық бар. Отанға қызмет ету, Ресей империясын қайта жандандыру идеясы бар. Бүгінде империялық сананы оятуға бағытталған ке­шен­­ді әрекеттер, тұтас бағдар­ла­­ма­лар циклдерінің жүріп жатуы кез­дейсоқтық емес. Біздің алдымызда да біршама өзекті міндеттер тұр. Қазақ халқы­ның, қазақстандықтардың ұлттық санасын қалай оятуға болады? Осы жағдайда қалай болу керек? Халықты, оның рухын, жігерін немен оятуға болады? Халықты ұлы істер жасауға қалай ынталандыра аламыз? Тарих, мәдениет, дініміз қан­дай? Әлемдік өркениетте алар орнымыз қандай? Ұлттық сана­мыздың ерекшеліктері неде? Біздің ойымызша, тек осы сұрақ­тар­ға жауап табу арқылы ғана қазақ рухының қайта түлеуі турасында ой қозғауға болады. Осы сұрақтарға Елбасы жобасынан жауап таптық. Қазақстан үшін, қазақ ұлты­ның рухын жандандыру мін­детін шешу үшін ең алдымен, өзі­міздің шынайы тарихымызды, мәдениетіміз бен дінімізді терең пайымдап, сенуіміз қажет. Егер бұл мәселелерді өзіміздің тарих, мәдениет, идеология тұр­ғысынан қарастырсақ, біздің көзқарас бойынша, жекелеген спортшыларымыздың, мәдениет және ғылым қайраткерлерінің, қарапайым еңбек адамдарының, ардақты ұстаз, ақ халатты абзал жандардың, қарулы күштері­міздің жетістіктерін БАҚ арқылы көпшілікке насихаттап жет­кізіп отырсақ, жастарымызды отан­сүйгіштікке, патриоттық сезім­дерін оятуға үлкен септігін тигі­зері сөзсіз. Бұл өз кезегінде жас буынның осы мамандықтар мен кәсіп түрлеріне деген қызы­ғу­шылығын арттыра түсері анық. Бір кездері сөзбен әсер ете­­тін­біз. Бұл ұлы баба­лары­мыз­­­дың асыл құндылығы еді. Қазақ сөзге құлақ асты, сөзінде тұрды. Осындай қасиеттерді қазақ жас­­тарының бойына сіңіріп отыру ұлттық сана-сезімді қалып­тастырудың кепілі болар еді. Біздің алдымызда бір ғана мақ­сат, асқақ арман тұр – ол Елба­сымыз, Қазақстан Респуб­лика­сының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан­дай, болашақты бірге жасау, осы жол­­да аянбай тер төгу. Қазақ Елін әлемдік деңгейге көтеруге ат­салысу. Өз басыңның және Қа­зақ­стан халқының әл-ауқатын жақсарту. Жеке мүддені мемле-­ кет мүддесімен топтастыру. Иә, жеке мүдде арқылы ха­лық­­тың энергиясын ояту – адам­зат іс-әрекетінің күшті қоз­ғау­­шысы болатындығы бесенеден белгілі. Экономикадағы на­рық­тық жүйеде мұндай қозғау­шы күш ретінде екі негізгі принцип – тәуелсіз бәсекелестік және тәуелсіз баға қалыптастыру прин­­­­циптері – нарықтық жүйені ал­ға сүйрейді. Бұл турасында Ел­­басы Ұлт Жоспарында «Біз ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру бойынша жұмыстарды жалғастыра береміз», – деп атап көрсетеді. Ұлы жерлесіміз, Екінші Ұстаз, түркі дүниесінің ұлы ғұлама философы әл-Фараби фило­со­фиясының басты түйіні: мем­лекетті, оның әрбір мүшесін ізгі­лікке баулу, бақытқа жеткізу. Ол ақыл-парасат пен білімнің биік мәнін  дәріптеп өтті. Елба­сының «Ұлт Жоспары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында айтылған тұжы­рымдар Ұлы Ұстаздың ой-түйін­дерімен, арман-аңсар­лары­мен үндесіп жатқанын түсінеміз. Тарихи тәжірибе көрсеткен­дей, үлкен жетістіктерге тек қо­ғам алдында тұрған келелі мә­се­лелерді шешуге халықтың шы­ға­р­машылық күшін бағыттай білген, басын біріктіріп, ұйым­дастыра алған мемлекеттер ғана жете алады. Бұл халықтар өз та­рихын, дін, психология, мәде­ниетінің ерекшеліктерін пайдалана алды. Батыстық демократия модельдері тек еуропалық кеңіс­тікте ғана қанат жайып, өр­кендеді. Өзге құрлықтарда тек ұлт­тық мәдениет пен діни ерек­ше­ліктерге негізделген демократия түрлері ғана жемісті бола білді. Олай болса, демократияның бұл түр­лерін батыстық емес демок­ра­тия түрлеріне жатқызу қажет. Яғни, Елбасы айтқандай, біздің өз жолымыз, өз мақсат-мұра­ты­мыз, өз арманымыз бар. Ол  – Қазақ­стандық жол! Бұл тұр­ғыда, елі­міздің болашағы үшін жаңа қазақстандық арманға жетелейтін Ұлт Жоспарының ма­ңы­зы зор. Ұлт Жоспары – қа­зақ­стандық арманға бастайтын жолдың темірқазығы. Жақыпбек Алтаев, философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының директоры АЛМАТЫ