ҚОСТАНАЙ. 28 сәуір. Ішкі істер министрлігі Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында «Ислам және зайырлы қоғам» атты діни семинар өтті. Оған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің басшысы, ғұламалар кеңесінің хатшысы, PhD докторы Ершат Оңғаров, Қостанай облыстық, қалалық мешіттерінің бас имамдары және облыс аудандарынан келген өкіл имамдар қатысты. Діни тәрбие саласындағы көптеген мәселелер көтерілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бас қосуда алдымен академияның бастығы, полиция полковнигі Мирлан Қызылов қонақтарды оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігінен, болашақ полицейлер – курсанттарға беріліп жатқан оқу-тәрбие жұмыстарынан хабардар етті.
Ершат Оңғаров семинарға қатысушы курсанттарға елімізде діни ахуалдың біршама тұрақтанғанын, дегенмен әлі де құқық қорғау органдарымен бірлесіп, көптеген жұмыстар атқарылу керектігін тілге тиек етті. Ол: «Елдің бірлігі мен татулығын сақтап қалу үшін адамдарға алдымен күшті иман керек. Бүгінгі таңда көптеген қандастарымыз теріс ағымды, жалған исламдық қозғалыстарға кіріп кетуде. Бізге солардың алдын алып, бауырларымыздың адаспауына жол бермей, ислам діні туралы дұрыс ақпарат таратуымыз қажет» – деді.
Курсанттар мен әріптестер зор қызығушылықпен қонаққа көкейлерінде жүрген сұрақтарын, ұсыныстарын қойды. Екі сағатқа созылған семинарда құқық қорғау органдарының болашақ қызметкерлері – жас курсанттарға ислам діні туралы насихаттық мол ақпарат жеткізілді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, фото: egemen.kz.