Ұлтарақтай жер – ата-бабаның намысы, қаны мен тері сіңген қастерлі дүние. Жесір дауының, мал дауының жарасы жазылғанмен, жерден қалған жараның орны ешқашан жазылмақ емес. Ол жара арада жылдар емес, ғасырлар өтсе де сыздап-сырқырауын қоймайтын дерт. Мұның бәрін әрбір елдердің тарихынан көріп-біліп келеміз.
Төрт тарабы ұлан-ғайыр кеңістікке ұласатын қазақтың дарқан даласы – қазақ халқының маңдайына біткен асыл құндылық, баға жетпес байлық. Бұл жер үшін қазақтың небір атпал азаматтары қару асынып, ат үстінде өмірін өткізді. Асты байлыққа толы киелі даланың үсті тату-тәтті тірліктің ұясы, берекелі елдің тұрағы.
Соңғы кездері ел арасында «жер шетелдіктерге сатылады екен» деген қауесет әңгіме пайда болды. Артынша, яғни сәуірдің 26-да Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Елбасы Н.Назарбаев бұл мәселені егжей-тегжейлі түсіндіріп, мәселенің мән-жайын баяндап берді. Жер шетелдік компанияларға және шетел азаматтарына сатылмайтындығын естіп қуандық. Қазіргі таңда бос жатқан ауылшаруашылық мақсатында пайдалануға тиісті жерлер өз еліміздің кәсіпкерлеріне жекеменшікке берілетін болды. Біз мұны қуана құптаймыз, себебі, Жер-ана. Ананың төсі бұлақ, құрсағы құтты. Біз осы жердің қазынасын елдің дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін пайдалануға тиіспіз. Қазақтың кең даласы шаңы шығып бос жатуға тиісті емес, оны іскерлікпен, шеберлікпен өңдеп, кәдеге жарата білу қажет.
Мен Маңғыстау даласына сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында келіп, бағбандық қызметке кірістім. Мамандығым агроном болған соң, Жер-ананың сырына құлақ түріп өскенмін. Әдетте жері шөлді, топырағы құнарсыз делінетін Маңғыстаудың ауылдық жерлеріне егін яғни қарбыз, қауын егуді бастадым. Оған қосымша, шөлге шыдамды, төзімді тал-ағаштардың түр-түрін отырғыздым. Ақтау қаласының үлкен көшелерін, жеке үйлердің маңайын абаттандыруды қолға алдым. Арнайы жылыжайда гүл, жеміс-жидек түрлерін өсіріп келемін. Бірнеше жас жұмысқа тартып, жермен тілдесе жұмыс жасаудың қыр-сырын меңгертіп жүрмін. Нәтижеміз өзімізді қуантады – қазір біздің бастамамыз жергілікті жұртшылықты қанаттандырып, бау-бақша шаруашылығымен айналысатын, егін егетін әріптестер көбейді. Қуанарлығы, барлығының да егіні баппен өсіп, жаз, күз мезгілдерінде маңғыстаулықтардың жеміс-жидек түрлерін сырттан тасымалдау қиындығын біраз жеңілдетті. Орталық базарларда, дүкен сөрелерінде Маңғыстаудың өз өнімдері көптеп сатылатын дәрежеге жеттік. Жердің бәрі құнарлы, тек оны лайықты пайдалана білу керек. Сондықтан, жер мәселесінде даурықпай, бос жатқан жерлерді тиімді пайдалана білуге шақырамын. Қазақтың кең даласын бос тастамай, егін егіп, басқа да кәсіп түрлерін дамыту арқылы еліміздің өркендеуіне үлес қосатын боламыз.
Құрбанәлі ГАЗИБЕКОВ,
бағбан, «Ала-Тоо» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы
Маңғыстау облысы