• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2016

Жабағы балуанның жарты тонналық тасы

584 рет
көрсетілді

Оны көтергендерге қомақты жүлде бар Бала кезімізде Шы­­ғыс өңірінің Тар­­­бағатай ауданы, Ма­ңырақ ауы­лы ма­ңындағы «Қайыр­бай бұлақ» ат­ты қыстаудың төменгі жағындағы жотаның басында «Жабағы балуан көтерген» дейтін ұзыншақ келген тас жататын. Ер­жеткенде білгенім, бұл тасты 1860 жылдың басында Дәулетбай батырдың ұрпағы Танысқожа Естайұлы Жабағы балуан жылқышылармен бәстесіп, Маңырақ тауының теріскей тарапында орналасқан сайдан арқасына салып, шамамен 2,5 шақырым төменде жатқан Қайырбай би зиратының жанындағы жотаның етегіне алып келген. Оны 1885 жылдар шамасында Дәулетбай батырдың Қыстаубайынан тараған ұрпағы, Қаражан Түктіұлы Уаңбай құшақтай көтеріп, сол жотаның басына шығарып тастайды. 1960 жылдары тарихын әкесі Қай­садан естіген Бақдәулет досы Сақ­таған екеуі тасты бір аунатып кетеді. Тарихына анам Бақзейнелден қаныққан мен де 1993 жылдың жазында тастың бір бұрышынан көтеріп, қарсы жағына айналдырдым. Бірер ай өткен соң Қараша Бақытхан Сақарбекұлының шөп көтергіш тракторымен тіркемеге тиеп, әкем Тоқтарбектің үйіне алып келдім. Тасты Оразхан Ораз­ғалиұлының мұрындық болуымен 2015 жылы мамырда ашылған Дәулетбай батыр ескерткішінің жанына тарихын хаттатып, жәдігер ретінде қойдым. Енді бұл таспен сайыс ұйым­дастыруға ойтүрткі болған жағдайды айтайын. Дәулетбай батырдың ескерткішінің орнатылуына орай жасалған салтанатты астан кейін Арман Дөртуыл және Бектас Төлебай деген азаматтар 40 мың теңге жүлде тігіп, тас аудару жарысын ұйымдастырды. Оншақты талапкер күштерін сынап көріп, Сайболат ұрпағы Ермек деген азамат тасты бір аунатып, жүлдеге ие болды. Қазіргі кезде Дәулетбай батыр­дың ұрпағы Оралбек Дүкенбаев пен Болат Мықиянов «Жүлде қорына 1 миллион теңгеден астам қаржы тігіп, жарысты республика және облыс көлемінде өткіземіз» деп ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кетті. Сондықтан, күші тасыған азаматтар биыл 7 мамырда өтетін тас көтеру сайысына келе алады. Жарыс Ақжар ауылындағы Дәулетбай батыр ескерткішінің жанында өтеді. Тастың салмағы – 460 кило. Жарыс шартында тас­ты құшақтап көтеру, тік тұрғызу, болмағанда аунату қарастырылған.  Төлепберген ТОҚТАРБЕКҰЛЫ, «Ер Дәулетбай» атындағы қордың мүшесі Шығыс Қазақстан облысы,