• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2016

Ән көгінің қос қарлығашы

333 рет
көрсетілді

Шығыс өңірінде Қазақстанның халық әртістері, ағайынды Абдул­линдердің 100 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті. Мерейтой аясында облыстық драма театрында «Тағ­дыры бір – екі жұлдыз» атты кеш өтті. Мерекелік концертке келген қонақтарды Шалқар Рысханов жетекшілік ететін «Алтай» қазақ халық аспаптары ансамблі күймен қарсы алса, кеш шымылдығын Шығыс Қазақстан облысы әкімі­нің симфониялық оркестрі (бас дирижері А.Галсанов) ашты. Кон­церт барысында ағайынды Абдул­линдердің репертуарындағы белгілі шығар­малар орындалды. Мәселен, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреа­ты Шахимардан Әбілов «Абай» операсынан Абайдың ариясын, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач «Евгений Оне­гин» операсынан Онегиннің ариясын, Абай атындағы академиялық опе­ра және балет театрының әншісі Нұржан Бажекенов Ленскийдің ариясын орындап, жұртшылық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, Абай, Жаяу Мұса, Ақан сері, Э.Канио, Э.Капуло, Г.Подэльский және тағы басқа композиторлардың шығармалары көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Аталған кешке арнайы келген Мүслім Абдуллиннің қызы мен ұлы Ғалия, Сағынай Абдул­линдер, Ришат Абдуллиннің немересі, белгілі әнші Карина Абдул­лина да қатысып, көрермендерге әсем әндерін арнады. Жалпы, Шығыс Қазақстан Абай, Шәкәрім сияқты талай-талай ту­ма талантты туғызған, даланың өзіндей қоңыр үні күмбірлеген қос жұлдыз, ағайынды Абдуллиндерді де дүниеге әкелген киелі өлке! Өт­кен ғасырдың 1932-1933 жылдары елімізде тұңғыш рет ашылған музыкалық техникумның алғашқы тыңдаушыларының қатарында өнерге құштар жас таланттар Мүсілім мен Ришат та болды. Ән көгінің қос қарлығашы екі жылдан кейін Мәскеу мемлекеттік консерваториясына оқуға аттанған алғашқы топ құрамына қосылды. Ағалы-інілі әншілердің артистік қызметі 1938 жылы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрынан бастау алады. «Абай» операсынан кейін «Ев­гений Онегиннің» қойылуында да бір нәзік байланыс бар. Қазақ кө­рермендерін Чайковскийдің ға­жайып музыкасымен таныстырған спектакльде басты рөлдер Онегин мен Ленскийді Абуллиндер ойнаған болатын. Ағайынды әншілер бір-бірін өте жақсы түсінетін, сондықтан мұндай кереғар образдарды қызық­ты, шынайы, әрі табиғи бере білетін. Олардың әр жаңа рөлі замандастары тарапынан жұлдызды триумф ретінде бағаланды. Мүслімнің шеберлігін танытқан Ленскийдің ариясын кейін немере інісі, КСРО Халық әртісі Әлібек Дінішев те зор табыспен орындап, көрермен ықыласына бөленуі бекер емес. Бұл – ән қонған әулет. Әкелері Мүкім Абдуллин домбырада ойнаған. Оның сүйемелдеуімен бүкіл отбасы қосылып жиі ән айтатын-ды. Бүгінде Өскемен қаласында ағайынды Абдуллиндердің есімімен аталатын өнер училищесі бар. Атал­ған оқу орнында ағайынды Абдул­линдердің өмір жолынан сыр шертетін музей ашылған. 2008 жылдан бастап өнер училищесінде үздік 10 оқушыға ағайынды Абдул­линдер атындағы шәкіртақы тағайын­далып келеді. Вокалистер байқауының бас жүлдесін павлодарлық Лейла Қайыр иеленгенін айта кеткен ләзім. – Адамның сезімі мен ішкі дүниесін әуелі сөз жеткізеді, сөз жет­кізе алмағанды саз жеткізеді. Сондықтан, әйгілі әншілер Ришат пен Мүслім Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойы – Шығыс өңірінің ғана емес, бүкіл еліміздің қуанышы. Облыс орталығындағы қазіргі Жамбыл атындағы сая­бақтың аумағында бір кезде тұрғын үйлер болған екен. Сол үйде дүниеге келген қос жұлдыз бүкіл әлемге мәшһүр болып, еліміздің өнер саласын ілгерілетуге үлкен үлес қосты. Осы ретте облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының тапсырмасы бо­йынша, ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойы аясында жыл соңына дейін түрлі мәдени іс-шаралар өткізу көзделген, – деген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесін күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 320 миллион теңге қаражат бөлінетінін жеткізді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»  ӨСКЕМЕН