АЛМАТЫ. 5 мамыр. Соңғы жылдары «Нағыз алматыша» қоғамдық қоры өткізіп жүрген «Ең үздік аула сыпырушы» байқауы Алматыда биыл да жалғасатын болды. Бұл туралы Қазақсан баспасөз клубына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Аулаларды таза ұстап, дуалдар мен жол жиектерін сырлау, гүлзарлар мен көк шалғынды тегістеп қырқуды өзіне міндет етіп алған жандарға арналған бұл байқаудың басталғанына биыл 4 жыл.
Ауқымды жобаның бірінші кезеңі биыл 1 мамырда басталып, 1 маусымға дейін созылады. Өтінімде үміткер туралы ақпаратты және оған бекітілген аумақты көрсету қажет. 15 маусымнан бастап 15 тамызға дейін созылатын екінші кезеңде дауыс беру өтпек. Байқаудың осы кезеңінде әрбір алматылық оның ойынша ең үздік аула сыпырушы деген мәртебеге лайық адамға өз дауысын бере алады.
Биылғы «Ең үздік аула сыпырушы» байқауының жүлде қоры 650 000 теңгені құрап отыр: бірінші орынға – 200 000 теңге, екінші орынға – 150 000 теңге беріледі. Үшінші орынға берілетін 100 000 теңгеге тең сыйлықты үш қатысушы ала алады.
Жыл сайын осы байқауға қаржылық демеушілік жасап келе жатқан «Эфес Қазақстан» компаниясы корпоративтік қатынастар департаментінің директоры Шыңғыс Қаскеев бұл жоба Қазақстанның ең ірі мегаполисіндегі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын және бұл компанияның корпоративтік-әлеуметтік жауапкершілігі аясында осы бастаманы қолдап отырғандығын айтады.
Айнаш Есали.
Дерек, фото: Қазақсан баспасөз клубы.