• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2016

Комиссия құру жайы қаралды

237 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында жер реформасы бойынша комиссия құру туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Аталған мәселе бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – комиссия жетекшісі Бақытжан Сағынтаев баяндады. Комиссия құрамына Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялардың, агробизнестің, салалық қауымдастықтардың өкілдері, ғалымдар және азаматтық белсенділер кіреді. Сонымен қатар, өңірлерді де көптеп қамту үшін комиссия жұмысына қоғамдық кеңестер де тартылатын болады. Сондай-ақ, отырыста комиссия жұмысын ұйымдастыру мәселесі бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың хабарламалары тыңдалды. Комиссияның саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен және өңірлермен өзара іс-қимылы туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, комиссия жұмысындағы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлі туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов сөз сөйледі. Талқылауды қорытындылай келе, Кәрім Мәсімов комиссия жұмысының еліміз жұртшылығы үшін маңызын атап көрсетті. Үкімет басшысы осыған байланысты Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне комиссия жұмысының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын ұйымдастырып, өңірлерде тиісті ақпараттық жұмыстарды жүргізуді тапсырды.