Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында екі елдің өзара ықпалдастығын, соның ішінде парламентаралық саладағы іс-қимылын нығайту мәселелері талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық көпжақты сипатта екенін, оған негіз қалаушы құжат ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт болып саналатынын және ол Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шешім қабылдауға ықпал еткенін атап өтті.
Бұл орайда Қазақстан Президенті осы интеграциялық бірлестіктің дамуына назар аударды, сондай-ақ, Еуропалық комиссия төрағасы Ж.-К.Юнкермен күзде Еуразиялық экономикалық одақ – Еуропалық одақ бірлескен форумын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.
Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы қабылдау үшін алғыс айтып, екі елдің арасындағы стратегиялық және достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсауға әзір екенін білдірді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы, сондай-ақ, В.Матвиенкоға Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.