жастар арасындағы Азия чемпионатында ерледі
Павлодарда 8 мамыр күні мәреге жеткен Азияның бокстан жастар арасындағы жетінші чемпионаты қазақстандықтардың зор жеңісімен аяқталды. Онда еліміздің жас былғары қолғап шеберлері 6 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынға көтерілді. Екінші орындағы Өзбекстан жастары 3 алтын, 3 күміс және 3 қола медальға қол жеткізді. Үшінші орынға шыққан жапон боксшыларында 1 алтын, 2 қола медаль бар.
Финалдық айқасты 49 килодағы қазақстандық Василий Самчук пен өзбек Отабек Холматов бастады. Онда біздің оғлан 2:1 есебімен басым түсті. Келесі салмақ дәрежесінде (52 кг) жапон Хайато Цуцуми кореялық Ли Хи-Сеопты осындай есеппен сүріндірді. Қазақстанға екінші алтын медальды 56 кг салмақтағы Серік Темірханов қырғыз Нурсултан Маматалиді 3:0 етіп жеңу арқылы алып берді. Өзбекстандық Билолбек Мирзарахимов үндістандық Анкуш Дахиамен айқаста 60 килоға дейінгі салмақтың «алтынын» еншіледі. Содан соңғы 64 кг салмақта да үндістандық боксшы ұтылып қалды. Ол – Айхуш Кулхирия қазақ Аятулла Тәкіжановқа есе жіберді.
Келесі 69 килоға дейінгі салмақта қазақстандық Олег Матвейчук пен өзбек Улугбек Собировтің арасындағы жекпе-жек те өте тартысты өтті. Оның қорытындысында төрешілер өзбек спортшысын жеңімпаз деп таныды. 75 кг салмақта қазақстандық Аман Қазанғапов түрікмен Нурягди Нурягдиевті 3:0 етіп ұтты. 81 килоға дейінгі салмақта Санжар Турсунов үндістандық Рейал Пуриді қатты тартыс үстінде жеңді. Ал соңғы екі салмақта Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары ұшырасып, екеуінде де біздің жігіттердің мерейлері үстем болды. Атап айтқанда, 91 килода Дмитрий Ахцигер – Шохруз Рахимовтан, 91 килодан ауыр салмақта Нұрдәулет Ұланұлы Абдулла Худогановтан басым түсті.
Қазақстандықтар сапынан чемпионаттың қола жүлдесін Айдос Арапов (52 кг), Қазбек Сәпенов (60 кг) және Елдияр Қамшыбеков (81 кг) алды.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ