Үндістанның Харьяна штатында бұдан бірнеше апта бұрын 72 жастағы Далджинжер Каур есімді әйел алғаш рет ана атанды. Перзенттің әкесі – Мохиндер Синг Гилланың жасы қазір 79-да екен. Бұл жағдай сәуірдің 19-ы күні орын алғанымен, ақпарат беттерінде бірер күн бұрын ғана жарияланды.
Отау тіккелі 46 жылдан бері әйел бала көтере алмай келген. Алайда, жасанды жолмен бала көтерудің мүмкіндігі туралы естігенде, «әулиеден әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыдырмаса да», екі білектерін сыбана барын салып ізденуге кірісіп кеткен. Үміт оты қайта тұтанған ерлі-зайыптылар соңғы екі жыл бойы қаладағы үздік клиникаларда үздіксіз ем қабылдап, қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасаған.
– Шыны керек, бейнебір өзге әлемде жүргендеймін. Туған баламның барына әлі де сене алар емеспін. Жаратқан біздің күні-түні жасаған дұғамызды қабыл алды. Тұңғышым өмірге келгелі толыққанды отбасында өмір сүріп жүргенімді сезінгендей болдым. Жасым жетпістен асса да бойымдағы күш-қуатым әлі қайтқан жоқ, сәбиімді өзім бағып-қағамын. Жұбайым да қамқор жан, маған барынша көмек көрсетіп жүр. Ал ұлымыздың есімін ақылдаса келе Армаан деп қоюды жөн көрдік, – дейді Далджинжер Каур.
Ең қызығы, әлемді таңырқатқан бұл жағдай Үндістанға таңсық емес сияқты. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни 2008 жылы Уттар-Прадеш штатында егде тартқан 72 жастағы әйел босанып, егіз баланы дүниеге әкелген екен.
Дәрігерлердің айтуынша, 45 жастан кейін әйелдердің бала көтеру мүмкіндігі айтарлықтай төмендейді. Ал 50 жастан асқандардың дені сау бала тууы екіталай болса керек. Дегенмен, Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»