Жеңіс күні құрметіне ашылды
Семейдің орталық алаңында музыкасы ойнап тұратын жаңа субұрқақ ашылды. Қала кіндігіндегі көкке шапшыған мөлдір суларымен, ғажайып сазымен, мың бұралған биімен һәм көрер көзге көркем түрлі-түстілігімен баураған бұл ерекше фонтан нысанына облыстық бюджеттен 205 миллион теңге жұмсалды. Оның көкке тік шаншылған суларының биіктігі 18 метрге дейін жетеді. Құрылысы өткен күзде басталып, 9 мамыр – Жеңіс күнінде пайдалануға берілді. Субұрқақ құрылысын «Семейпластком» кәсіпорны жүргізген.
Қала қауымы көп жиналған тұсаукесерде нысанның тұрғындар көңілінен шыққаны аңғарылды.
«Субұрқақтың өз диаметрі 30 метрді құраса, жоғары тостағанының биіктігі 8 метрге тең. Су ішінде 280 диодты жарық шамдары орнатылған. Ал ең басты ағысы жерден 18 метр биіктікке дейін шапшиды. Төрт жағында 4 бағана орналасқан. Су ағыстары танымал классикалық шығармалармен бірге бес түрлі түспен көмкеріле көтеріледі. Бұл жобада 10 әуен ойнайды», – делінген қала әкімдігі таратқан хабарламада.
Дәл осы іспетті ән салып, би билейтін әсем фонтандар былтыр облыс орталығында пайдалануға берілген болатын. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен салынған бұл субұрқақтар әзірге елімізде күрделі аквадизайнға ие ерекше нысандардың бірі болып отыр. Жеңіс күнінде семейліктерге шат-шадыман көңіл күй сыйлаған нысан тұсаукесері шаһардың барқыт аспанындағы отшашулармен аяқталды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»