• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2016

Нұрғиса берген ақ бата

536 рет
көрсетілді

Сан ғасырлардан жалғасын тапқан күйшілік өнер есті ұрпақ пен естір құлақ үшін талай дүлдүл өнерпаздарды шаршы топқа қосты. Елге танытты. Соның бірі де бірегейі қазақ елінің біртуар перзенті, дәулескер күйші, әйгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев. Жуырда ғана, Астанада ұлы композитордың туған күніне және шығармашылығына орайластырылып өткізілген концертте күйші Оспан Сүлейменовті кезіктіріп қалғаным бар-тын. Әрдайым адалдықтан айнымаған, иманжүзді ағамыздың сол кездесуде Нұрғиса Тілендиев туралы қысқа қайырған, аңызға бергісіз мына оқиға ойымнан шығар емес. Қазақ музыкасының сайыпқыраны Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Байжігіт, Дәулеткерей, Дина, т.б. қазақ күй өнерінің байырғы тектілігін сақтай білген қайталанбас өнер иесінің бұл оқиғадан өнері мен ұстаздық қырын ғана емес, оның қарапайым кісілік келбетіне тәнті боларыңыз хақ. – 1980 жылдың қазан айы. Алматыдағы мәдениет сала­сын­дағы білім жетілдіру инсти­тутының халық аспаптар оркестріне жетекші – дирижерлер дайындайтын бір айлық курсына келдім. Сол жылы облыстық мәдениет басқармасының жолдамасымен Жақсылық Мұқанов Целиноград қаласынан шақырылса, мен Қорғалжын ауданынан барған болатынмын, – деп бастады Оспан аға әңгімесін. – Ақмола өңірінде күйшілік өнерінің өркен жаюына зор үлес қосқан талантты күйші, сазгер Жақсылық Әйтемірұлы Мұқанов көне тарихқа бай, күй сиқырын тыңдарман жүрегіне шебер жеткізе білетін дарынды жан еді. Тәңірі сыйлаған өнердің киесін ол жан-жүрегімен ұға да, ұқтыра да білді. Күйшілік өнер дегеніңіз тынбай ізденуді талап ететіндіктен, әуелі бойдағы тума талант пен ішкі қуат бір-бірімен біте қайнасып, үйлесім табуы қажет. Осы салаға Жақсылық терең үңіліп, оны зерттеп, соңынан ерген шәкірттеріне үйрете білді. – Біздің тобымызда өзіміз сияқ­ты әр облыстан келген 25 адам бар. Курстың жетекшісі композитор Сейілхан Құсайынов. Біз ол ағамызды «Мереке» күйі арқылы танитынбыз. Алғашқы күннен өзінің білімімен, ұйымдастыру қа­білетінің молдығымен көзге түс­кен Жақсылықты топ жетекшісі етіп сайлап алдық. Ал мен мәдени іс-шараларды ұйымдастыратын кеңесші болдым. Осылай біздің курстың қызықты күндері басталып кетті. Осы кездің ең ұмытылмас сәті, ол, Нұрғиса Тілендиев ағамыздың біздің топқа дәріс беруі еді. Ұлы композитордың аудиторияға келген сәтін тағатсыздана күтіп жүретінбіз. Ол кісінің төбесі көрінгеннен жапа-тармағай орнымызға отыра қалып, сабақты ұйып тыңдаймыз. Кейбір замандастарға танымал тұлғаның біздің топқа дәріс беретінін айтып, әңгіме арасында мақтанып та қоямыз. Нұрғиса ағай бізді өзінің кіршіксіз ықылас-ниетімен бірден баурап алды. Біз болсақ, дарынды тұлғаның әр сөзін қалт жібермей, аузынан шыққан сөзді дәптерімізге түсіріп алушы едік. Жақсылық, мен және талдықорғандық күйші Әбдікәрім Кішікбаев үшеуміз бір бөлмеде тұрдық. Түн баласы көз ілмей, кезектесіп күй тартып, танымал адамдар жайында әңгіме қозғап, күйлердің шығу тарихы турасында қызу әңгіме-дүкен құратынбыз. Шіркін, жалындаған жас едік қой, бұл кезде, – дейді кейіпкеріміз өткен күндерді сағына еске алып. «Бірде Жақсылық досымыз: «Алдағы демалыс күні Нұрғиса Тілендиев ағамыздың үйіне бар­сақ қайтеді? «Жаңа қонысқа кі­ріпті» дейді, әрі аңызға бергісіз ағамыздың әңгімесі мен күйін тың­дап қайтайық. Дәріс үстінде көп ішінен суырылып сауал қойып, еркін сөйлесе де алмай­мыз», –демесі бар ма?! Бұл ұсынысымызға ұстазымыз келісе қояр ма екен деп іштей күдіктенсек те, ертеңіне сабақ арасында еті тірі Жақаң, ебін тауып, ағайдың үйіне алда­ғы жексенбі күні, сағат 12-де баратын болып келісіп келіпті. Міне, енді үшеуміз сол күнді тағат­сыздана күтіп, қобалжып жүрміз. Шәкірт деген атымыз бар, аздап жүрексініп те тұрмыз. Қанша де­генмен, адамның мысы басады ғой. Сол түн жаңбырлы болды. Біз асыға күткен жексенбінің та­ңы ерекше арайланып атты. Үшеуміз көше бойлай асықпай әңгімелесіп келеміз. Жолай гүл сатып алдық. Сөмкемізде азын-аулақ сыйлығымыз да жоқ емес. Келуін келсек те, жүрек шіркін атқақтай соғып, әбден тынышымыз қашты. «Қалай кіреміз, не деп сөйлесеміз, бізді қалай қарсы алар екен?». Осындай толқудан кейін Жақаң есіктің қоңырауын шыр еткізді. Ар жақтан: «Бұл кім?», – деген нәзік дауыс естілді. Біз болсақ, «Ағайға сәлем берейік деп келіп едік, кеше келіскенбіз», – деп жамырай жауап қаттық. Есікті ашқан жеңешеміз болар, бізді жылы жүзбен қарсы алды. – Бұлар кімдер екен? – деген арғы бөлмеден таныс дауыс естілді. – Мына жігіттер сізге сәлем берейін деп келіпті. – Залға өтіңдер, – деді әлгі дауы­с қатқылдау үнмен. «Атан түйе көпірден таяқ жейді» дегендей, сол баяғы Жақаңды алды­мызға салып, біз соңынан ілестік. – Ассалаумағалейкүм! – Уағалайкүмассалам! – Сәлемдерің дұрыс балалар екенсіңдер, төрлетіңдер, бүгін жең­гелеріңнің жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алған күнін білгендей тура келіпсіңдер. Есімі – Дариға болады, – деді. Біз әлгі гүлімізді жеңгейге ұсындық. Сосын ағамыз орнынан тұрып, бізді дас­тарқан басына шақырды. Жүзі жылы, күлкісі де шынайы жан екен. Дастарқан үсті дәмді тағамдарға толып тұр. Әңгіме арасында Нұраға бізден бұрын келген үстел басындағы қонағымен таныстырды. Филар­монияның директоры деп, аты-жөнін атап өтті. – Мына жігіттер бізге респуб­ликалық курсқа өз білімдерін же­тілдіруге келген. Мен бұларға дә­ріс оқып жүрмін, бүгін ағаларына бір еркелеп келгендері шығар, қысылмаңдар, алдағы дәмнен алып отырыңдар, – деді. Өздері өте көңілді. Ас үйдегі жеңгейге «Бізге үш рюмка әкел, құдайы қонақ­тармен де сенің дипломыңды «жуайық» демесі бар ма? Бағанадан әліптің артын бағып, үнсіз отырған үшеуміз бір-бірімізге қараймыз. Сәл үнсіздіктен кейін Жақаң: «Ағай, сіздер кешіріңіздер, қуа­ныш­тарыңызға ортақпыз! Біз үшін осыдан артық бақыт жоқ! Мүмкіндік болса, сіздің күйіңізді тыңдап, батаңызды алайық деп келіп едік», деді. Бұл сөзімізді әлгі қонағымыз да қоштай жөнелді. – Келген екенсіңдер, ал енді өздеріңді таныстыра отырыңдар, – деді Нұрғиса аға. Осы сәтті асы­ға күткендей, үшеуміз сайрай жө­­нелдік. Жанындағы қонағы: «Айт­тым ғой, бұл балалар тегін емес, әйтпесе, саған осылай келе ала ма? Үлкендерден «бата аламын» деп, ата-бабаларымыздан жалғасқан салт-дәстүрді сақтап кел­гендерің өте орынды! – деді. Арада біраз уақыт өте, Нұрағаң өз бөлмесінде сабақ оқып отырған қызын шақырып алып: – Айналайын, қалқам, маған жетінші нөмірлі домбырамды әкеп берші, – деді еркелете сөйлеп. Оның маңдайынан бір иіскеп, дом­бы­расын алды да, құлағын тек­серіп, пернелерді басып, қолын бір жүгіртіп өтті. Сосын қайтадан әлгі сүйкімді қызды шақырып, енді тоғы­­зыншы нөмірлі домбыраны алып келуге жұмсады. Бізде үн жоқ. Осы кезде досы: – Ағаларыңның он екі түрлі домбырасы бар, әрқайсысын өзі­нің көңіл күйіне қарай ойнайды, сендердің жолдарың болды, досымның бүгін ықыласы жақсы екен, – деді. Нұрғиса ағай қолындағы дом­бы­раның құлақ күйін келтіріп болған соң: – Күй тыңдауға келген екен­сіңдер, мен сендерге мына күйді тартып берейін, – деп бізге бұрын-соңды таныс емес бір күйді орындап шықты. Салалы саусақтардан шыққан сиқырлы үн бойымызды еріксіз билеп, балқытып барады. Ғажап! Бұл не деген құдірет! Дарынды сазгер күй ырғағымен қоса теңселіп, образға кіріп кеткендей әсерге бөледі. Бұған дейін мұндай шебер орындаушы­ны көрмегеніміз біздің сүттей ұйыған түр-келбетімізден бірден аңғарылады. Күй біткен соң үшеумізді өткір жанарымен бір шарпып өтті де: – Ал енді сендерді тыңдайық? – деп, бізге домбырасын ұсынды. Жақсылық лып етіп домбыраны қо­лына алды да: – Сіздің алдыңызда күй тарту бізге қиынға соғып тұр және зор бақыт деп түсінемін, – деді де Нұр­ағаң­ның бір күйін шебер ойнап шықты. – Мынау менің күйім ғой, – деп Нұрғиса ағамыз досына қарады. – Әне, айтпадым ба, бұлар тегін жігіттер емес, – деп тағы да ба­ғана­ғы сөзін қайталады әлгі досы. Жақсылықтың тартқан күйіне кө­ңілі толған ағамыз: – Сен менің мына күйімді қай­дан үйренгенсің? – деді. – Іздеген адам табады ғой, аға! Біз сіздің тағы да жаңа күйле­ріңіз­дің ноталарын сұрап алайық деп келдік. Рұқсат етсеңіз, біздің жақта ойнап, елге таратуға, – деп сөз арасында 1972 жылы ансамбль мүшесі ретінде шетелде, Германияда өнер көрсетіп, күй тартқанын айтып, со­ңынан өзінің бір күйін орындап берді. Ендігі кезек Әбдікәрімде! Ол «Бұлғын сусар» күйін тартып еді. – Сен не, сырттан келіп пе едің, мына күйді қайдан білесің? – Біз Қытайдан көшіп келгенбіз, бала кезімде үлкендерден үйренген­мін ғой, – деп жауап берді. Сосын келгелі бері осы бір қай­таланбас сәтті қалт жібермей, үнсіз ғана қойын кітапшаға түртіп отыр­ған маған қарап: – Сен бала неге үнсіз отырсың? – деп, қолыңнан не келеді деген­дей маған қарады. Осы кезде Жақсылық: «Бұл Оспан деген ініңіз, күйші, ақындығы бар жігіт. Жасы кіші болған соң біздерді сыйлап, үндемей отырғаны болар. Респуб­ликалық байқаулардың жүлдегері, күйшілік өнерімен Германияда, Польшада, былтыр ғана Венгрияда болып өнер көрсетіп келді», деді. Мен «Ата өсиеті» деген әнімді шыр­қап бердім. – Міне, Арқа жігіттерінің даусы осындай болады, атасының өсиетін тек есіне сақтап қана қоймай, әуен­ге айналдырған немересінің әнін естіген ата-анаға бұдан асқан зор қуаныш бар ма? – деді. Асыл ағамыздың осы бір сөзі менің жүрегімде мәңгі сақталып, әлі күнге құлағымның түбінен естілгендей болады. Бұл жолы аға­мыздың ешкімге ұқсамайтын, қай­таланбас қолтаңбасын көріп таң-тамаша қалдық. Бейнебір күй мерекесі өткендей әсермен оралдық. Нұрағаң біздерге ақ батасын беріп, асқақ көңілмен шығарып салды. Кейіннен ардақты ағамыз бізді «Отырар сазы» оркестрінің дайындығына бірнеше рет оқу жоспары бойынша шақырып, оркестрге жетекшілік етудің қыр-сырымен таныстырып, оркестр алдында жұмыс істеуге мүмкіндік бер­ді. Әсіресе, барлық топ ішінен Жақсылық Мұқановтың оркестр­мен орындаған жұмысын ерекше бағалап, атап өтті. Міне, өнер­де­гі әріптес достарыммен болған ұлы композитор, біртуар күйші Нұрғиса ағамызбен болған бақытты сәт­теріміз осындай, бұл сәт біздің есі­мізде мәңгі сақталары хақ, – деген еді Оспан ағамыз өткен күн­дерге көз жіберіп. Бұл күнде кейіпкеріміздің ұлы ұстазы Нұрғиса Тілендиев те, баяғы талай қызықты бірге өткізген үзеңгілес достары Жақсылық пен Әбдікәрім де бақилыққа аттанған. Алайда, сол күндерден естелік ретінде қалған мына фотосурет Оспан ағайдың көңіл сарайын кейде құлазытып, кейде сондай адамдарды жанына айнымас серік еткеніне қуанады. Бойын мақтаныш кернейді. Сол күндерді сағына есіне алады. Шабыты шарықтаған сәттерде кербез күй күмбірінен кө­кірегіне нұр құйылып, қимас дос­тарын күйден іздегендей көңілі алабұртып, керемет күй кешеді. Осындайда жанын жылытып, жүрегін жұбатып, ішіндегі шерді сыртқа шығарып алатыны бар. Бұл жолы ағамыздың жан сарайына үңіліп, жадында сақталған жайды бірге бөлісу еншісі маған бұйырған екен. Дүние алма-кезек. Кім біледі, бәлкім, өмір сонысымен де қызық шығар?!. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»