«Егемен Қазақстанның» биылғы 1 сәуірдегі санында «Жат жерде жерленген жампоздар» (Ғ.Іскендерұлы) деген материал жарық көргені – сауапты іс болған екен. Шынында да, иісі қазаққа аты мағлұм талай арыстардың сүйегі шет жерлерде жатқаны – қабырғаны қайыстырарлық-ақ жағдай. Бұл тізімге енбегендер қаншама әлі?! Ел-жұрт боп түгендесек, – «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген, – жарықтықтардың алдындағы пенделік парызымызды біршама атқарғандай да болар ма едік!?
Осы ретте, газеттегі тізімге кірмей қалған, өзіміз білетін бір-жар тұлғаларды атай кеткенді және олардың ғұмырнамасына қосымша толықтырулар бере кетуді жөн көріп отырмыз. Өйткені, редакцияның ескертпесінде де: «Тұлғаларымызды түгендеу алдағы күннің еншісінде болмақшы. Оқырман тарапынан айтар ұсыныс-тілек болса, құлақ қоюға әзірміз», – делінген екен.
Сонымен...
Керей хан ұлы Бұрындық хан (туған, өлген жылдары белгісіз. Бірақ 1480 жылдан 1511 ж.дейін қазақ ханы болғаны анық). Жақсы болсын, жаман болсын, халқыңның ханы болған соң, атаусыз қалмағаны жөн. Сүйегі Өзбекстанда, Самарқанның «Шаһи-зинда» зиратында жатыр. Бұл туралы толығырақ мәліметті мен ертеректе «Түркістан» газетінде «Қазақтың Бұрындық ханы қайда жерленген?» деген материалымда жариялағанмын. Кейін, 2010 жылы «Тоғысар арнамыз бір толғанғанда...» атты кітабыма да осы тақырыппен енді.
Бөкей хан туралы мәліметке қосымша айтпақпын. Өйткені, «туған жылы белгісіз» делінген екен.
Бөкей ханның 1815 жылы өлгені анық. Ал, туған жылына келетін болсақ, оның басына қойылған құлпытастан артық дәлел іздеудің қажеті жоқ. Ал, осыдан 25 жылдай бұрын, мен республикалық баспасөздерде фотосуреттері жиі жарияланып жүретін белгілі фототілші Р.Дүйсенғалиевтің қолынан ол түсірген Бөкейдің құлпытасының суретін көріп, құлпытастағы жазудың мәтінін қойын дәптеріме түртіп алғанмын. Онда былай деп жазылған:
«Марқұм хан Бөкей Нұрғали хан («Нұралы хан» дегенді осылай жазыпты. – Қ.М.) ұғлының қылуеті. Тәмәм опат болды 50 жасында 1239 хижраның ауалында.
Үшбу... (?)» –делінген жерден құлпытас сынған; аржағында не жазылғаны беймәлім.
Демек, 50 жасында опат болған болса, өлген жылы 1815-тен 50-ді алып тастасақ, 1765 жылы туғаны анық болмай ма?
Бұдан былай: «1765 жылы туып, 1815 жылы өлген» деп жазғанымыз жөн.
Сырым ұлы Жүсіп (туған-өлген жылдарын нақтылау керек). Сырым Датұлының бірінші әйелінен туған ең үлкен ұлы. Заманының белгілі адамы. Әсіресе, Арынғазы ханды орыс патшасы шақырып алып, жібермей қойғанда, кейін Калугада мырзақамақта ұстағанда да: «Ханымызды жат жерге тастап кете алмаймыз», деп Қаражігіт Беутауұлы екеуі он жылдай Арынғазының қасында қалған мәрт азамат. Ақыры, орыс патшалығы елге жібермейтініне анық көзі жеткен соң, Арынғазы хан бұл екеуін (Жүсіп Сырымұлы мен Қаражігіт Бектауұлын) зорлап отырып елге қайтарған. Озбыр елдің мұндай жойдасыз зорлығына қаны қатқан Жүсіп, орыс отаршылдығын әшкерелеп, елде көп уағыз айтқан. Сол үшін қуғын көрген. Ақыры, орыс империясының саясатына мойынсұнбаған Жүсіп Сырымұлы Хиуа хандығына өтіп кетіп, сонда дүниеден өткен. Сүйегі сонда, Қарақалпақстандағы Бестөбе зиратында деседі. Анықтау керек.
Әбілқайыр хан ұлы Нұралы хан (1710 жылы туып, 1786 жылы өлген). Қазақ ханы. Сырым Датұлы бастаған халық қозғалысынан қорқып, әуелі Жайық бойындағы орыс бекінісіне барып паналаған. Кейін патша үкіметі өзіне қызмет істеген адамға жақсылығы ретінде, Уфаға алдыртқан. Отбасымен сонда тұрып, сонда өлген. Сүйегі Уфада мұсылман дәстүрімен жерленген.
Сырым Датұлы туралы: 1723 жылы туған деп жазыпсыздар. Қазақ совет энциклопедиясы тіпті 1712 жылы туған деп жазды (қараңыз: ҚСЭ., 10-том., 497-бет). Сырымның шешендік өнерін көп зерттеген марқұм Б.Адамбаев оралдық Үмбет Ыбыраев дейтін қарттың жобасымен «Сырым... 1750-1760 жылдардың арасында туды» деп те жазды. Бірақ қазір сырымтанушылар оны 1742 жылдары туған деген уәжге тоқтаған. 1992 жылы республика Сырымның 250 жылдығын да атап өтті. Содан бері орнығып келе жатқан, біршама дәлелденген нәрсені қырық саққа жүгіртудің еш қажеті жоқ деп ойлаймыз. Сондықтан 1742 жылы туып, 1802 жылы дүниеден өтті деп жазылғаны жөн.
Тарихи тұлғаларға байланысты деректердің барынша дәл де нақты келтірілгені – әркім әртүрлі бұлталаққа салуға жол бермейді; ғылыми бірізділікті қалыптастырады. Әйтпесе, әр дерек көзі әртүрлі сөйлеп, оқырманды шатастырады. Оның нақты мысалын ҰБТ тапсырған кезде оқушы балалардың алуан түрлі жауаптарынан естіп-біліп жүрміз.
«Егемен Қазақстанның» биылғы 30 наурыздағы санындағы: «Қазақстанның бес кереметі» деген жарияланымда Бекет ата мешіті туралы айтылған дерек те түзетілуі тиіс. Өйткені, бүкіл тарихи еңбектерде Бекет ата 1750 жылы туып,1813 жылы дүниеден өтті делінеді. Ендеше, ХVІІІ ғасырдың 50-нші жылы туған адам, Оғыландыдағы өзі салған кесенені XVІІ ғасырда қалай тұрғызады?! (Қараңыз: «XVІІ ғасырда бой көтерген бұл ескерткіш кесененің әдемілігінде шек жоқ», – деп жазылған.)
Бір бұл емес, тарихи тұлғалар мен тарихи орындар туралы жаңсақ айтылған пікірлердің қай-қайсысы да дер кезінде түзетіліп отырғаны жөн болар еді. Соны ескерсек екен.
Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ