• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

Екібастұздағы «сақалды» құрылыс тонауға түсуде

377 рет
көрсетілді

Екібастұзда 2009 жылдың қазан айында басталған өңіраралық кәсіптік-техникалық орталық құрылысын сол кезде 17 айда бітеді, 2010 жылдың соңында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлады. Алайда, оқу орталығы 2010 жылдың 1 қыркүйегінде де, 2011 жылғы 1 сәуірде де, 2013 жылдың 1 қаңтарында да пайдалануға берілмеді. Құрылысы күмәнді орталық қазір су үстінде қалқып тұр. Биылғы 9 ақпанда «Егемен» сайтында жазған «Кешен суға кетіп барады» атты шағын хабарымызды 132 адам оқыпты. Кеншілер қаласындағы «Отын-энергетика саласына арналған техникалық және кәсіптік мамандар даярлау» жөніндегі өңіраралық орталықтың құрылысына республика бюджетінен 4,5 млрд.теңге бөлінді. Жалпы, Екібастұздағы алып орталық 14 бөліктен, яғни 14 жеке ғимараттан тұрады. Әрқайсысы 240 орындық екі жатақхана, 100 орындық қонақ үй, спорт ғимараты, әкімшілік корпус, 3 оқу ғимараты, 2 шеберхана жобаланып, бой көтерді. Мұнда 700 жас білім алмақшы еді. 2009 жылы бұл құрылысты салуға тапсырыс берген Білім және ғылым министрлігі. Біздің облыстан басқа мұндай орталықтар Өскеменде, Шымкентте, Атырауда қолға алынған. Құрылыс басталар кезде сол кездегі шенеуніктер осынау «болашақ техникалық Кембридждің» еліміз үшін маңыз­дылығын айтып, индустрияландыру міндеттеріне жауап беретін жоғары кәсіби мамандарды даярлауы тиіс жаңа заманауи оқу орны ашылады деген болатын. «Екібастұздық Кембрижді» «тұншықтырған» кешен құры­лысына жауапты саналатын алма­тылық «S&ER Company» компа­ниясының қайда екенін қазір ешкім білмейді. Бұл құрылысты көруге Астанадан кім келмеді десеңізші. Келген жоғары лауазымды шенеуніктер Екібастұздағы көмір және ауыр өнеркәсіпке арналған мамандарды даярлау орталығының құрылысын аяқ­тауға республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қарастыратындарын жеткізген еді. Ақыры, Өңірлік даму минис­трлігінің мемлекеттік сәулет-құрылысын бақылау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің шешімімен 2013 жылы құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Біз құрылыс жағдайын сонау 2009 жылдан бастап көріп-біліп жүрміз. Сыртына қарап-ақ ішіне кіруге қорқасың. Сапасыз құрылыс. Бірнеше жерден темір тіреулер орнатыпты. Монолитті негізгі қаңқасын тұрғызуда өрес­кел қателік жіберілгені анық­талыпты. Қыс кезінде бетондау жұмыстарын жүргізу технологиясын сақтамаудың кесірі­нен монолитті тіреуіштерде, ғи­мараттың қасбетінде сызаттар пайда болған. Ең басты қателік – кешен құрылысының ойпаң, батпаққа толы сазды жерден бой көтергені. Қазір алып кешен толықтай су түбіне кетіп барады. Оны бүкіл Екібастұз халқы көріп-біліп отыр. Жауапкершілік қайда, заң бар ма, жоқ па дейді олар. Көктемде еріген қардың, жаңбырдың суы орталықтың бірінші қабатын алып, жертөлелердің ішіне түгел толып кетті. Бұл жағдайды тұр­ғын­дар да, жергілікті басшылар, «Нұр Отанның» жергілікті ба­қылау бөлімдері бәрі көрді, деді бізбен әңгімесінде сол маңайда тұратындар. – Үйлеріміздің айналасының бәрі қазылған, құрылыс жұмыс­тарының ұзаққа созылуы қиын­дық тудырып отыр, – деп Естай атын­дағы көше тұрғындары көк­темде суға батып кете жаздаған орта­лықтың жағдайын айтып берді. Әуел баста құрылысты салар кезде шылқылдаған саз-батпақты бұл жердің жағдайын шенеуніктер ескермепті. Бас мердігер деп танылған «НИКО» ЖШС-нің қандай «қулық» ойлап тапқандары белгісіз, аяқ астынан 2011 жылғы 20 сәуірде өздерін банкрот деп жариялап, жұмысты тоқтатып кетіп қалады. Құрылысқа алаңдаған екібастұздық Аманқос Өтегенов бастаған сол кездегі депутаттар 2011 жылы сәуір айында Үкіметке шұғыл түрде хат та жазған. Мән-жайды түсінген Үкімет басшысы кешен 2011 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жауап жазады. Тіпті, Үкімет басшысы сол жылғы бір Үкімет отырысында «тендерді жеңіп алдыңдар ма, енді сол қаражатқа салып бітіріңдер, артық ақша сұралмасын», деген болатын. Облыстық прокуратура бас­пасөз орталығының мәлімет­терінше, орталық құрылысына бөлінген бюджеттік қаражаттың пайдаланылуына орай жергілікті прокурорлар тексеру жүргізеді. Тексеру барысында 2009 жылдың 22 қыркүйегінде Білім және ғылым министрлігі және «Niko» (Нико) арасында өңіраралық кәсіби орталықтың құрылысын жүргізу бойынша 4 508 264 090 теңге көлемінде мемлекеттік сатып алу туралы №401келісімшарт жа­салғаны анықталды. Ал «Niko» ЖШС тарапынан орындалған жұмыс актісінің жалпы құны 2 043 244, 346 мың теңге деп көр­сетілген. Білім және ғылым минис­трлігінің ұсынған құжат­тарына сәйкес, «Niko» ЖШС-іне 2 043 244 346 мың теңге аударылыпты. Алайда, тексеру барысында анықталғандай, орындалмаған жұмыстардың жалпы көлемі 10 865 700 теңгені құ­­райды. Сондай-ақ, жұмысты жүргізу барысында бекітілген жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқулар орын алғаны анық­талды. Қосалқы мердігер ұйым өкілінің түсіндірмесінен ны­сандағы құры­лыс-монтаж жұмыс­тары 2011 жылы тоқтатылыпты. Мемлекеттік сараптаманы ал­ғаннан кейін құрылыс мер­зімін ұзарту туралы мәселе қа­ралады, делінген прокурорлар мәліметінде. Енді не болды дейсіздер ғой? Қа­зір алып кешен құрылысы тонауға түсуде. Өйткені, еңбекақы төлемеген соң күзетшілер жан-жақ­қа кетіп қалған. Тонауға түспегенде несі қалды? Айтудан, жазудан шаршадық. Кешен бөлімше қызметкерлерінің бақылауында. Күнделікті қа­рап жүреміз. Нақты бір шара қол­данбаса, әрі қарай не болатыны белгісіз, деді бізбен әңгімесінде «Нұр Отанның» жергілікті бөлім­шесінің өкілдері. Су түбіне батып бара жат­қан алып құрылыс кешенін құт­қарып қалу енді мүмкін болар ма екен?! Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Екібастұз қаласы