• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

Жер қатынастарында түйткілді жайттар қалмасын

619 рет
көрсетілді

Батырхан Шү­ке­новтің қазасы кезінде әлеуметтік желілерге қа­тысушылардың бел­­сенділігіне әрі қуа­нып, әрі мұң­ға бат­қанмын. Қуан­ғаным – азамат­тары­мыздың елімізде болып жатқан оқи­ғаларға баға беруге, бір кісідей жұмылуға шамасы келіп-ақ қалғандығы еді. Мұң басқаны – осындай белсенділік халқымыз үшін тағдыршешті мәселелер бойынша кездесе қалса, оны бағыттау, игеру қиынға соғуы мүмкін екен деген уайымнан еді. Жер туралы мәнісін терең білмейтін азаматтардың алып-ұшпа әңгімелерінен осындай ірі қоғамдық пікір туындауы сол кездегі қо­бал­жуым­­ның не­гізсіз емес­тігін көр­сетті. Кез келген істе, әсі­ресе, қазіргідей ши­­кізат өндірісі құн­сыз­­данып, әлем­дік эконо­мика күрделі кезең­де тұрған шақта инвес­тициялық са­лым­дардың маңы­зы зор екенін жұрт­шылық жақсы біледі. Қазіргі заманғы соғыстар мен тайталасу әдістерінің ең алдымен өнімді ұқсатып сатуға тосқауыл болып, осыны шектейтін санкцияларды енгізуді қамтитыны бекер емес. Елбасы осыны алдын-ала бағамдап, ауыл шаруашылығы саласын басым бағыт деп белгілеп, он бес жылға жуық уақыттан бері саланы мемлекеттік реттеу мен қолдауды еселеп арттырып отырғаны бекерден-бекер емес. Жер кодексіне өзгерістер де экономиканың аграрлық секторын сауықтыруға, бүгінге дейін қабылданған шаралардың жүзеге аспай тұрған себептерін анықтап, реформа жолында басталған іс-әрекеттерді жеріне жеткізу, осы салада бизнес жүргізуді оңайлату мақсатында енгізілген еді. Біздің заңнамамыз шетелдіктер қатысатын мәмілелерге анағұрлым қатаң талаптар қоя­ды, ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлерді шетел аза­мат­тарына және шетелдің заңды тұл­ғаларына сатуға мүлде тыйым салады. 1995 жылғы 22 желтоқсанда қабыл­дан­ған Қазақстан Респуб­ли­касы Пре­зи­дентінің «Жер туралы» заң күші бар Жарлығында алғаш рет азаматтарға, оның ішінде шетел азаматтарына жерге жекеменшік құқығын беру нақтыланып қой­ған. Бірақ, бұл Жарлықта шетел­дік­­терге ауыл шаруашылығы жеріне жеке­мен­шік құқығын беру қара­сты­рыл­­ған жоқ, ол тек үйіргелік, қосал­қы шаруа­шы­лық, бағбандық, сая­жай, өндірістік және өн­дірістік емес құрылыс салу үшін бері­летін жер учаскелеріне ғана қатысты болды. Ең бірінші ауылшаруашылық жерін жекеменшікке алу 1994 жыл­дың 5 сәуі­рінде Президенттің «Жер қаты­нас­тарын одан әрі жетіл­діру туралы» Жар­лығына бай­ла­нысты жүзеге асы­рылды. Жар­л­ық­та Конституцияны бұз­бай-ақ ауылшаруашылық жерін жеке­мен­шікке беруге негіз қаланды. Жерді тұра­қты пай­д­а­лану құқығы арқылы сатуға, сый­лауға, жалға беруге және кепілге қоюға мүм­кін­дік жасалды. Осыдан бастап кең­шар басшыларының ішіндегі 20 жыл­дан артық еңбектенгендерге шаруашылық жерінің 10 пайызы тұрақты пайдалану құқығы сатыл­ды. Кейіннен бұл құқық жер пайдаланушылардың иелігіне өтті. 1995 жылғы 30 тамызда қабыл­дан­ған Конституцияның 6-бабын­дағы «Заң­дармен реттелген негіз­де жер жекемен­шікке бері­луі мүмкін» деген жаңа тұжырымына сәй­кес сол жылғы 22 желтоқсанда «Жер ту­ра­лы» Президенттің заң күші бар Жарлы­ғы қа­былданды. Онда «Қазақстанда жер заң­­мен көзделген тәртіп пен шектерде жеке­меншікте бола алады. Қазақстан Рес­­­­пуб­­­ликасы азаматтарына жер учас­ке­ле­рі өзіндік қосалқы шаруа­шылық үшін; бағ­бан­­дық үшін; саяжай құрылысы үшін; өн­­ді­­­ріс­­тік және өндірістік емес құры­лыс не­ме­­­се құрылыс салу үшін, соны­мен бір­ге, тұр­­ғын үй ғимараты және осы ғи­маратты (құ­­рыл­­ғы, құрылыс) қам­тамасыз етуге беріледі», делінді. Осы Жарлықтың нәтижесінде 2,5 миллион адамға үйіргелік жер берілді, 1,2 миллион отбасына қосал­қы шаруа­шылыққа, 112 мың гек­тар бағбандық үшін, 270 мың гек­тар 80500 адамға саяжай үшін берілді. Шетел азаматтары мен азамат­тығы жоқ тұлғаларға, мемле­кет­тік емес заңды тұл­ға­ларға жеке­мен­шікке жер учаскелері өн­ді­ріс­тік жә­не өндірістік емес сипаттағы құры­­­лыс, тұрғын үй үшін ғана берілетіні нақ­ты­ланды. Түрлі елдердегі жерді жеке­мен­шікке беру үрдісіне зер салсақ, АҚШ-та 40 па­йыз жер жекемен­шік­те, Францияда жер жекеменшікке беріледі, бірақ оны бас­қа тұлғаға сатуға тыйым салынған, жер­­ді тек жалға беруге ғана болады. Ұлы­­бри­­та­нияда жекеменшікке беріледі, бірақ шетел аза­­мат­тарына сатуға тыйым салын­ған. Ис­па­нияда жер жекеменшікке бері­леді, бі­рақ оны 12 жылға дейін сатуға бол­май­ды. Шве­цияда жер толығымен дерлік же­ке­­мен­шікте, жердің тек 2,4 пайы­зы ғана мем­лекетте. Польшада жер толық же­ке­­мен­шікте. Румы­ни­яда әр­бір отбасына ауыл ша­­руа­шы­лы­ғын жүргізу үшін 10 га жер те­гін бері­­ліп, 8 жылға дейін салықтан босатылған. Пәкістанда, Малайзияда, Мекси­ка­да, Колумбия мен Бразилияда жер жеке­меншікке сатылады. Болга­рия мен Венгрияда 90 пайыз жер жеке­мен­шік­те. Германияда шығыс өңіріндегі кейін қосылған жерлер 12 жылға жалға беріл­ген. Оларда жекеменшікке берілген, мұра­ға берілмейді, жер өңдеуге қабілеті бар адам­дарға сатылады. Жерді сатып алғандар 20 жылға дейін қайта сата алмайды. Чехия, Словакияда және Юго­славияда реституция арқылы жерлер бұр­ынғы иелеріне қайтарылып берілген. Чехияда 8 пайыз ғана жер мемлекет меншігінде. Қазір бұрын­ғы Югославия елдерінде 85 пайыз жер жекеменшікте. Посткеңестік елдер ішінде Ресей­де, Арменияда, Украинада, Литва, Латвия мен Эстонияда жерге жекеменшік бекітілген. Түрік­­менс­танда мемлекеттік қордағы және пайдаланылмай жатқан жерге жеке­мен­шік бар. Бүгінде 10 пайыз жер жекеменшікте. Израиль, Италия, Қытай елдерінде жер тек мемлекеттік меншікте. Қытайда жерді пайдалану құқығы ешбір шектеусіз саты­лады. Гол­лан­дияда да жерге мемле­кет­тік меншік негізінен сақталған, шаруа­лар жерді жалға ғана алады. Белоруссия мен Қырғызстанда құры­лыс­қа, қосалқы шаруашы­лыққа, бағбандық пен саяжай үшін жер жекеменшікке бері­леді. Өзбек­станда жекеменшікке тек құры­лыс салу үшін ғана беріледі. Австралияда «Шетелдік инвес­тиция­­лар­ды реттеу жөніндегі кеңес деп ата­латын (Foreign Investment Review Board (FIRB)» арнайы орган қызмет атқарады. Бұл орган Авс­тра­лияның заңнамасы жерді шетел­дік­терге сатуға тікелей тыйым сал­­майтынына қарамастан жерді шет­ел­­діктерге жекеменшікке беруге аса мұқият қарайды, көп ретте ұсы­­ныс­­тары кері қайтарылады. Демек, мем­­лекет тарапынан қатаң бақылау бар. Бірақ, ауылшаруашылық жерін нарық­тық айналымға қоспай, ол жер­лерді сақтау, жоғары өнім­ділік­ке жету болмайтыны бұрын­нан-ақ айтылып келген. Президентіміз 2002 жылы 16 сәуірде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында былай деді: «Жер туралы заңның «Ауыл шаруа­шы­лығы жерiне жекеменшiк керек пе?» дейтiн сауалға қайта­ратын жауабы болуға тиiс. Осы сұрақтың жауабын iздегенде бiз, әдетте, жердi сату – «Отанды сату» дейтiн тоғышарлық тұжы­рым­ға ойыса беремiз, ал жерге деген меншiктiң шаруаның ендiгi жер­де өз жерiн ешкiмнiң алып қоймай­ты­нына деген сенiмi мен үмiтi еке­нiн ескере бер­меймiз. Керек десе­ңiз, жерге деген мен­шiк – оны абат­тандыруға, өз бала­лары­на шұра­й­лы қалпында мирас етуге де­ген ынта-ықылас. Иесiз жер жетiм. Эко­ло­гия­лық апатқа алды­мен ұшы­рай­­тын да сол иесiз жер. Қа­за­қ­стан жағдайында жердi нарық ай­­на­лы­сына қосу дегенiмiз — пай­да­ла­ныл­май жатқан орасан зор ресурс­тар­ды экономикаға қосу деген сөз. ...Үкi­метке басқа елдердiң тәжi­ри­бесiн зерделеп, «қолдаймын» мен «қар­сымынды» қатар таразыға тарта келiп, осы заңның жобасын әзiрлеп, Парламентке енгiзудi тапсырамын. ­Жыл өткен сайын мемлекет пен қоғам­ның қызметi көбiнесе заңдармен рет­телетiн бола бастады. Сондықтан, Пар­ла­мент­тiң де, Үкiметтiң де осы заңдар бойын­­ша өмiр сүруге тиiс жандармен көбi­­­рек кеңескенi жөн. Әрине, бәрiн бiр­­ден шешiп тастау мүмкiн емес, сон­дық­тан, тө­зiмдiлiк таныту керек, ұсақ-түйек­ке ша­­шыла бер­мей, күш-қуатымызды қалап ал­ған басымдықтарымызға жұмыл­дыруы­­мыз керек. Бiздiң, атқару­шы және өкiл­дi билiктiң халық сай­лаған өкiлдерi ретiнде маңызды мем­лекеттiк мiндеттердi шешу бары­сында сезiм жетегiне iлесiп кетпей, салмақтылық көрсетiп, парасатқа жүгiнгенiмiз ләзiм». Міне, осылай хал­қымызға да, Парламентке де, Үкі­метке де қатысты аталы сөз бұ­дан 14 жыл бұрын айтылып қойған. Енді жерге жекеменшік мәселе­сінің құқықтық жағын талдап көре­лік. Ауыл­шаруашылық жерлерін жек­е­меншікке беру­ мен жалға беру мерзімін ұзарту мәсе­ле­сін заң­дас­ты­ру тектен-текке туындаған жоқ. «100 нақты қадам» Ұлт Жос­па­рының 35-36-қадамдары ауыл­шаруашылық жерінің меншігі мен тиімді пайдалануға ар­нал­ған. Онда былай делінеді: «35-қадам. Ауылшаруашылық жер­лерін тиімді пайдалану мақ­саты­мен оларды на­рық­­тық айна­лым­ға енгізу. Жер кодексіне және бас­қа да заң актілеріне өзгерістер енгізу. 36-қадам. Жер телімдерін мақ­сатты пайдалану түрін өзгерту­ге рұқсат алу ресімдерін жеңілдету. Ауылшаруашылық жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу. Барлық пайда­ла­ныл­май жатқан жерді алдағы уақыт­т­а жеке­шелендіру үшін мемлекеттік қорға беру». Бұл сөздерде бұрыннан қалыптасып келе жатқан ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке жалға беру мерзімін ұзарту және сату арқылы нарықтық айналымға енуін тереңдете түсу үшін жер заңын жетілдіру деген ой тұр. Көптеген ауылшаруашылық алқап­тары иесіздіктен жылдар бойы өңдел­мей, арамшөптер басып, деграда­цияға ұшырап жатыр. Оны түлету үшін ауылшаруашылық жерлері шетелдік компанияларға ширек ғасырға жалға берілмек деген тұжырым қарсылыққа тап болды. «Тәуелсіздіктің елең-алаңында колхоз-совхоздар бекер таратылды, орнына кооператив сияқты меншік формасын өзгерту жолымен-ақ жерге иеліктерді сақтап қалған да болатын еді. Белоруссия мен Өзбекстан бүгінде сол қалыппен өмір сүріп отыр», дегенді алға тартты сөйлегендер. «Қазақстанда жердің бүгінгідей дегра­да­цияға ұшырауына кім кінәлі? Ендігі жер­де Үкімет өзінің «жаңа жұмыс орындарын ашу, ауылдың инфрақұрылымын жақ­сарту, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру» сияқты міндеттерін жерді 25 жылға жал­ға беру арқылы жүзеге асырмақ болып отыр­ғаны қаншалықты дұрыс», дейді наразылар. Жер алқаптары шетелдіктерге жеке­мен­шікке берілмеуі тиіс деген талапқа қатыс­ты айтсақ, ондай ереже қабылданып, 1 шіл­деде күшіне енуі тиіс заңда тіптен көз­дел­меген де еді. Жалпы, шетелдiктерге жер сату туралы мәселе бұрын да, соңғы өзге­ріс­терде де ешқашан көтерілген және заң­д­астырылған емес. Қазақстандағы бүкіл жер қоры 272,5 миллион гектар, мәліметтерге қарағанда, оның 100,8 млн. гектары ауылшаруашылық жері, оның 1,3 миллион гектары біздің азаматтарымыздың меншігінде. 99,5 млн.га жердің 65058 гектары шетелдіктерге жалға берілген. Интернеттегі ақпараттарда оның ішінде 44942 гектары шет мем­лекеттердің қатысуымен құрылған бірлес­кен кәсіпорындарға берілген. Ал 10236 гектары – Ресейге, 7959 га – Кипр мемлекетіне, 859 га – Біріккен Араб Әмірліктеріне, 432 гектары – АҚШ-қа, 294 га – Германияға, 282 га – Қытайға, 45 гектары – Польшаға, 7 гектары Түркия­ға беріл­ген. Қалған 2,3 гектары 11 мем­ле­кетке 0,1-04 га көлемінде Беларусь Рес­пуб­­­ли­касы, Украина, Австралия, Израиль, Иран, Армения, Өзбек­стан, ОАР, Мол­до­ва, Бразилия, Латвия елдеріне беріліпті. Ең алдымен, елімізде жерге меншік құқы­ғының екі субъектісі бар екенін түсі­ніп алуға тиіспіз, өйткені, жерді сату мен жалға алу туралы болған жағдайларда осы екеуін білмеу мен шатастыру барлық келіспеушіліктің басты себебі болды. Оның біріншісі – жер учаскелерінің меншік иесі болу, олар – Қазақстан Республикасының аза­маттары, сондай-ақ, шетелдiктер мен аза­маттығы жоқ адамдар. Ондай жер учас­келеріне қосалқы шаруашылық; ба­ғ­бан­дық; саяжай және өндірістік және өн­ді­рістік емес құрылыс салуға арналған жер­лер жататыны заң­мен белгіленген. Демек, осы аталған тұл­ға­лар ғана жер учаскелеріне меншік иесі бола алады. Бұл категория ішінде ауылшаруашылық жері жоқ. Кодекстің 20-бабының 2-тармағында былай делінген: «Осы Кодексте белгi­ленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учас­келерiне жекеменшiк құқығының субъек­тiсi – азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодек­­сте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қа­зақ­­стан Республикасының азаматтары, сон­дай-ақ, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адам­дар ұғынылады». Бұл жерде бәрі түсі­нікті сияқты. Жердің меншік иесі бола алатындардың екінші түрі – ауыл шаруашылығын иеленуге құқығы бар тұлғалар. Даудың басы болған, 2016 жылдың 1 шілдесіне күшіне енетін Жер кодексі­нің 24-бабының 1-тармағындағы «1. Мем­лекет­тiк меншiктегi ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жер учаскелерi осы Кодекс­те белгiленген тәртiппен және жағдай­ларда жеке және заңды тұлғаларға жер пай­да­лану құқығымен және (немесе) жеке­мен­шiк құқығымен берiлуi мүмкiн», деген мәтіннің ауылшаруашылық жеріне қатысы жоқ. Осы тармақтың үшінші бөлігі кодекске енгізілген өзгерістерге орай жаңа редакцияда көзделген «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұл­ғалар, сондай-ақ, жарғылық капи­талындағы шетел­діктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетел­дік заңды тұлға­лардың үлесі елу па­йыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарт­тарымен уақытша жер пайдалану құқы­ғымен ғана иелене алады» деген мәтінге түсініспеушілік туындаған. Көп­шілік 25 жылды көп санайды. 24-бап, 2-тармақ, 2)-тармақшада: «Мәмiлелер жасалған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңна­ма­сына сәйкес шаруа немесе фермер қожа­лығын және тауарлы ауыл шаруа­шы­лы­ғы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаске­сi­не тұрақты жер пайдалану құқығын (ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығын) мемлекеттен бұған дейiн сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалары, осы Кодекс қолданысқа енгiзiлген кезден бастап осы Кодексте белгiленген жер учас­келерi нормаларының шегiнде жекеменшiк құқығын сатып алуға қосымша төлемақы алынбай, жер учас­келерi­нiң меншiк иелерiне айналады» делінген. Енді жерді жекеменшікке алып алған­дар мен ұзақ мерзімге жалға алғандар сол жердегі жолдардан өтуге, аумақтағы электр бағандарына, молаға, т.с.с. бұрын­нан орналасып қалған нүктелерге кіргізбей қояды, бабаларымның қабіріне барып дұға оқи алмай қаламын дегендерді Жер кодексіндегі сервитут деп аталатын мынадай ережемен таныстырып қояйын: «сервитут – бөтен жер учаскелерін шектеулі нысаналы пайдалану, оның ішінде, жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникацияларды тарту мен пайдалану, аңшылық және балық шаруашылықтары және өзге де мұқтаждар үшін пайдалану құқығы». Демек, бұл мәселеде де проб­лема жоқ, барлығы заңмен нақтыланған. Кодекстің 8-бабында: «Мемлекеттiң ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учас­­келерiн жекеменшiкке сатқаннан тү­се­тiн қаражат Ұлттық қорға аударылады» де­­­лін­ген. Ұлттық қор туралы арнайы заң бар, оның қаржысы терең зерттеулермен, ба­­­­сым ба­ғыттарға ғана жұмсалады. Бұл да «мем­­­лекет күнін көре алмағандықтан ата-ба­ба жерін сатқалы жатыр» деген сөздерге жауап. Ауылшаруашылық жерлерін шетел­дік­­­терге сатпау туралы халықтың тала­бы қордаланған проблемаларды ашып көрсетті. Оның негізінде халық тұр­мы­сының төмен­деуі, қымбатшылық, жеңіс бермей жатқан сы­байлас жемқор­лық, стратегиялық нысан­дар­дың жабық схе­малармен сатылып кетуі, әділ­­дікке жетудің бұралаң-бұлтағы мол жо­лы, мемлекеттік тілдің алмағайып халі, бі­лім саласындағы асығыстау жүр­гізілмек өз­ге­­рістер, т.б. про­блемалар жатыр. Халық бағ­­дар­­лама­лар­дағы уәде етіл­ген мерзімде емес, тап бүгін жақсы, лайықты өмір сүргісі келеді. Бұларға жерді жалға беру мен сату ұсыныс­тарынан туындаған күмәндерді сейіл­діруде Үкіметтің құлықсыздығы, халық­қа түсіндіру жұмыстарының қасаң­дануы қосылды. Бұрындары ел алдында заң­нама мен жаңа идеяларды түрлі түсін­діру жұмыстарына жұмылдырылатын Үкі­мет басшысы мен Бас прокурор сынды бедел­ді тұлғалардың жабық режімге өтіп, әрі кет­кенде ресми брифингтерде ғана моно­лог формасында түсіндірілуі басым болып қалыптасты. Осы жөнінде үстіміздегі жылғы 5 мамыр күні өткізілген жиында Елбасы дұрыс айтты. «Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына талпынып, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз деген мақсат ұстанып отырмыз. Бұл ұйымдағы, жалпы, дамыған елдердің ең бір жақсы стандарты – мұндай ел­дерд­ің үкіметі халық алдына күнде шы­ға­ды, үкімет мүшелерінің барлығы қоғам алдында құрдай жорғалайды. Ол ел­дер­дің министрлері бір мәселе туындай қал­са, жедел пікір білдіреді. Ал, бізде қалай? Ме­нің айтарым, брифингке келіп, жур­на­лис­тер­дің алдында қағазға жазылған мәті­н­ді оқып беру – ақпараттық жұмыс емес. Біз­дің министрлер брифингтерде жур­на­ли­с­­­тер­ден қашқанда, алдына жан сал­май­ды, қа­рапайым сұраққа жауап бермейді», – деді. Біздегі ауыл шаруашылығы мәселелері Үкімет басындағыларды шындап қызық­тыр­майтыны жер-жерлерде бұрын да айты­лып жүрген. Осыдан барып жер пай­даланудың ескіден келе жатқан үрдісі босаңсыды. Тіптен, әріден айтсақ, Абылай хан­ның арманы болған «халқымды жерді еміп өсетін ете алмадым» дегені, ол кез­дегі жер пайдалануды тым болмағанда малшы­лық өнерінің аса дамыған сәттері екенін есі­мізге аламыз. Социалистік қоғамдағы қоғам­дық меншіктің басым­дығы адамдарды мен­шік иелігінен айырғаны да кемшілік бол­ғаны көрініп тұр. Адамдар жерді пай­да­лану мен оны өз игілігіне жұмсау құқы­ғы­нан айыр­ыл­ған осы 70 жылдағы әдеттенген қоғам­дық меншікке тек айлық жалақы алу тәсілі ретінде қарастыру бүгінде зиянын тигізуде. Адамдар меншікті шындап иеленуге, оның игілігімен отбасын асы­рау­ды, содан төленетін салық арқылы қоғам­ға пайда келтіруге әлі де болса толық бейімделе алмай келеді. «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» деген қазақ мәтелі бар. Солай «өзімдікі» дей алмағандықтан, социализм қазақтары үйіндегі 5-6 тұяғына риза болды және оның жем-шөбін қоғамдық малға тиесілі игіліктен үзіп-жұлып алуды әдеттенді. Осы пиғылдан әлі де арыла алмай келеміз. Әсіресе, нарық экономикасына көшкелі бері егін салып, мал өсіруге бейімделгендер ауыл адамдарының жалпы көпшілігі болудан қалды. Мұны да 2012 жылдың 10 шілдесінде «Егемен Қазақстан» газетінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» ма­қаласында әдемі айтылды. «Рас, тәуелсіз­дік қоғамымызға еңбек еркінді­гін сый­ла­ды. Кеңес заманындағыдай мәж­бүр­леп жұмыс істету жоқ. Әркім нендей кәсіп­пен шұғылданамын десе де, еркі, қалауы біледі. Бірақ, күнгей мен көлеңке қатар жүретіні секілді бұл бостандықтың да екінші жағы бар екен. Өздерін өздері жұмыспен қамтып жүргендерді мемлекет қоғамға зәру мамандықтарға қайта, тегін оқытып жатқанда, жаңағы еңбек еркіндігін пайдаланып, жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындарға керекті мамандық алып, іске кірісудің орнына, қайсыбіреулер жеке­меншік машинасына мініп, ауыл арасында, қала ішінде жолаушы тасығанды артық көруде. «Жанымды қинап қайтемін, осы тірлігім пайдалы» дейтін секілді», деді. Жасыратыны жоқ, халықпен келіспей шешім қабылдау, өз өктемдігін жүргізуге тырысу біздің Үкіметке абырой әпермейді. Стихиялы түрде туындаған жер туралы талқылаулардың басты себебінің бірі – халықты ақпараттандырудың аздығы. Оған Кеңес кезінен қалған: «Айтқанды істе, басқада шаруаң болмасын» деген тәрбие алып келген құқықты түсінбеу қосылды. Абыз Әбіш ағаның: «Бүгінгі елдік – тыныштық, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі отаншылдық – төзім!» – дегені бүгінде ең керекті ұстаным. Жер телімдерін 49 жылға жалға беру туралы өзгеріс Жер кодексіне 2003 жылы енгізілген болатын. 2016 жылдың 1 шілдесі күні бұрын жасалған жалға беру туралы келісімшарттар заңды күшін жоймайтыны, есесіне, жалға алушылардың жер телімдерін жеңіл­дік­пен сатып алу мүмкіндігі пайда бола­ты­ны да, әкімдікке өтініш жазса бол­ғаны, сол жерде тікелей аукционсыз сату­ туралы келісімшарт жасалатыны, жер иесі атану үшін жалға алушы адам жердің кадастрлық бағасының 50 пайызын ғана төлесе жетерлік екендігі, қожалық иесіне жердің құнын бірден немесе 10 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік берілетіні де жете түсіндірілуі тиіс ережелер. Заңда аукцион қазақстандықтар үшін, ал конкурс шетелдіктер үшін өткізіледі деп анық жазылғанымен, мұндай жүйеде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді, аук­ционның өзі азаматтар арасында ашық бәсекелестікті күшейтеді, – деп айтыл­ғанымен, қарапайым тұрғындарға мұны дұрыстап түсіндірген ешкім болмады. Қазақстан азаматы жерін шетелдік азаматқа сатып пайда таба алмайтыны, олай етуге заңда нотариустардың мұндай келісімшарт жасауына тыйым салынғаны дер кезінде түсіндірілмеді. Осының бәрі қордаланып, Елбасының шұғыл шешімімен ғана қалпына кел­тірілді. Жерді жекеменшікке алып, жалға алып игеріп, шаруа өз нәпақасын айыруы қажет. Жер беру зайырлы мемлекеттердегідей жариялы түрде, ашық жүруі керек. «Жердің электронды картасын жасап, қай жер сатылатынын көрсетіп тұру керек» дегеннің де жаны бар. Жерді алған адам тиімді пайдаланбаса, Елбасы сөзінде айтылған комиссия қарап, ол жер қайтарылып, игере алатын, өзіне де, салық арқылы елге де пайда әкелетін адамға берілгені дұрыс. Адамдарды жер табыс көзі екендігіне үйрету, қалай ұқсатуды оқыту керек. Сонда ғана біз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын, экспорт деңгейін қамти алатын мемлекетке айналамыз. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кейбіреулер айтқандай, өзімізде өндірілетін тауарлардан халыққа қажет мөлшерінің 70-80 пайызын қамтамасыз етіп отыруды ұстану емес, өнімді қажеттіліктен екі есе арттырып шығаруға жету деген сөз. Сонда ғана бізде азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі және экспорттық тауар өндіруді жоспарлауға жетеміз. Ауыл шаруашылығын дамытып, экономикамызды өрістету үшін алып үш нарықтан (Ресей, Қытай, Иран) айырылып қалмау керектігі де айтылуда. Бұлардай алып нарықтан қашпауымыз керек. Біз үлкен нарыққа шықпай, өз бетімізше дами алмаймыз. Оларға керегі, өз нарығын қамтамасыз ете алатын, тиімді алыс-беріс жасай алатын біз секілді ел. «Осы үш алып нарық жылына 100 миллиард доллар тұратын азық-түлікке зәру. Біз соның 10-ақ пайызын алсақ, ауыл шаруашылығы өнімін 2-3 есеге өсіреміз. Бұл дегеніңіз, жаңа жұмыс көзі, еңсесін көтерген ауылдар, үлкен қаржы көзі», деді Елбасы. Талдауымыз көрсеткендей, жұртшы­лық­тың талаптарындағы басты мәселе заңда емес, Үкіметтің өзі ұсынған өзгеріс­терін қорғамауында, тіпті, қорғағысы келмеуінде. Сондықтан, Үкімет бұдан былай халықпен санасып, сұхбаттасып, пікір алысып отыру қажеттігін түсінгені жөн. «Жер туралы Заңның қабылданғанына 13 жыл болды. Оны көпшілік білмейтін болып шықты. Масқара ғой... Кеше ғана жер туралы сайт ашылды. Бірақ бұл да кешіккен шара. Әлі де ашылуы тиіс ақпараттар көп. Мысалы, көрші Ресейде кімнің меншігінде қанша гектар жер барын оп-оңай біле аласыз. Олар сондай тізімді жариялап отырады. Ал біз қай жер кімнің иелігінде екенін біле алмаймыз. Содан кейін күдік пен күмән қоюланады» дегенді айтты жақында менің бір әріптесім. Ауыл шаруашылығы жерін пайдалануды жақсарту жолында жеткен жетіс­тіктеріміз де мол. Астықты алқаптардағы жер пайдалану үдерісі көңіл толатындай жағдайда – жыл аралатып миллиард пұт астық жиналуда. Суармалы жер көлемі 1990 жылмен салыстырғанда 800 мың гектарға азайып кеткенімен, кейінгі жылдары жер пайдаланудағы жаңа технологиялар тиімді пайдаланылуда. Оның ішінде, тамшылатып суару технологиясы шаруалар еңбегінің тиімділігін арттырды. Оған қоса Сарыағаш ауданы бас болып, Оңтүстік өлкенің шаруалары жылыжайлар салуда үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бұрын Өзбекстаннан тасымалданатын көкөніс өнімдерімен бұдан былай республика халқын толықтай қамтамасыз ету мүмкіндігі туып отыр. Сөз соңында ғалым әрі ауылдан түлеп ұшқан перзент ретінде енді ғана құрыл­ған ар­найы комиссияға айтар нақты ұсы­ныс­тарым да бар, оны бөлек баяндармын. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген көнеден бізге жеткен мәтел бар. Сол айтқандай, Елбасының 6 мамырдағы «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлығы халық көңілінен шықты, түйткілді мәселелерге нүкте қойды. Ендігі мәселе – жыл аяғына дейін асықпай талдап, түрлі көзқараста болғанмен сындарлы ойлайтындардың пікір алмасуларын  ұйымдастырып, қоғамдық тыңдаулар өткізіп,  болашағымызға балта шаппайтын, ел үшін тиімді бір ортақ шешімге келеміз ғой деп үміттенемін. Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы АСТАНА