• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

Қоғамдық кеңестердің көтерер жүгі ауыр

261 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысы жөнінде баспасөз мәслихаты өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әбдіров пен Серік Сейдуманов қатысып, аталған жайттың жай-жапсары туралы айтып берді. «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парының 99-қадамы осы мәселеге арналып, қоғам­дық кеңестердің өкілеттік­тері мен мәртебесін заң­мен бекіту міндеті алға қойыл­ғаны белгілі. Осыған орай «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданып, 2016 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген болатын. Н.Әбді­ровтің айтуынша, ол заңда кеңес мүшелерінің жұмы­сына қажетті барлық жағдай қамтылған. Атап айтқан­да, оларға мемлекеттік орган­дар мүшелерімен бірлесіп, ең өзекті мәселелерді қарас­ты­руға мүмкіндік беріліп отыр. «Қоғамдық кеңестер қызметінің ауқымы өте кең. Ең бастысы – түрлі мә­селелерге қатысты қоғамның көзқарасын билік органдарына жеткізіп, екі тараптың өзара тиімді байланысын қамтамасыз ету. Өз кезегінде билік қоғамдық кеңестер қабылдаған әр шешімді қарауға міндетті болып табылады. Яғни, заңда көрсетілгендей, билік органдары көтерілген мәселеге қатысты сұраққа лайықты деңгейде жауап беріп, оны тиісті қоғамдық кеңестің атына жолдауы керек. Сондай-ақ, мұндай кеңестердің құзырына даму стратегиясын және азаматтардың құқықтары мен міндеттерін қарастыратын тиісті нормативтік актілерді талқылау жұмыстары жататынын атап өткен жөн. Сондықтан, қоғамдық кеңес­тердің құрылуы жергі­лікті мәслихаттардың жұмыс­тарына қолдау болары анық», – деді Мәжіліс депутаты. Сонымен қатар, Н.Әбдіров қоғамдық кеңестің жұмыс мерзімі үш жылдан аспайтынын айтты. Оның сөзіне қа­рағанда, көрсетілген уа­қыттан кейін жаңадан тағайындаулар жүргізіледі. Ал кеңестің құрамы жөнінде депутат: «Кеңес құрамының үштен екісі қоғам қайраткерлері мен жеке азаматтардан құралады. Ал қалған бір бөлігіне билік өкілдері енеді. Осы ретте, бір министрліктің жанынан құрылған қоғамдық кеңестің құрамына өзге ведомство өкілдері де мүше бола алатынын айтқым келеді», – деді. Одан бөлек, жиында қоғамдық кеңестің мүшелігіне азаматтардың 18 жастан бас­тап қабылданатыны белгілі болды. Алғашында 25 жастан бастау мәселесі сөз болған екен. Алайда, аталған заңды әзірлеушілер әдейі бұл талапты жеңілдетіп, 18 жасқа дейін төмендеткен. Себебі, қазіргі таңда жастардың басым бөлігі әлеуметтік желілерді белсенді қолданып, сол жерлерде өзекті мәселелерді талқылайтыны белгілі. Н.Әбдіров алдағы уа­қытта сондай белсенді жас­тар­ды қоғамдық кеңестер ала­ңы­на шақырып, бірлесіп жұ­мыс істеуге ұсыныс жасады. Сондай-ақ, Н.Әбдіров бү­гінде өзектілердің қатары­нан саналатын жер мәселе­сін талқылау барысында да қоғамдық кеңес мүше­лерінің қатысуы ерекше рөл атқа­ратынын тіліне тиек етті. Өз кезегінде С.Сей­думанов аталған кеңестің жұмы­сы 99-қадамда көрсетіл­ген стратегиялық жоспар­лар мен аумақтық даму бағ­дар­ламаларын, бюджеттерді, есептерді, мақсатты индика­тор­ларға қол жеткізуді, азамат­тардың құқықтары мен бос­тандықтарын қозғай­тын нормативтік-құқықтық акті­лер жобаларын, бағдарла­малық құжаттар жобаларын талқылау бөлігіндегі рөлдерін күшейтуге және мемлекеттік шешімдерді қабылдау ашық­тығын арттыруға септігін тигі­зетінін атап өтті. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан»