• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2016

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығы  №407 2015 жылғы 22 желтоқсан Астана қаласы

250 рет
көрсетілді

  Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыларды беру қағидаларын бекіту туралы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 сәуірдегі Заңының 4-1-бабының 2-2) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыларды беру қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті: 1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамамен белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркелуін; 2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін электрондық тасымалдағышта елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы нормативті құқықтық актілерінің эталонды бақылау банкіне енгізу үшін елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық түрдегі осы бұйрықтың көшірмелерін жолдауды; 3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын; 4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А.МҰХАМЕДИҰЛЫ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 22 желтоқсандағы №407 бұйрығымен бекітілген Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыларды беру қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыларды беру қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйлықақы беру тәртібін анықтайды. 2. Үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйлықақы (бұдан әрі – сыйлықақы) Қазақстан Республикасында тіркелген және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуірдегі Заңының 5-бабы 1-тармағының 1) тармақшасымен (бұдан әрі – Заң) көзделген бағыттар бойынша өз қызметін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдарға (бұдан әрі – үкіметтік емес ұйымдар) беріледі. 3. Сыйлықақы республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі әлеуметтік міндеттерді шешуге айтарлықтай үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдарға беріледі. 4. Сыйлықақы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласында уәкілетті органмен (бұдан әрі – уәкілетті орган) беріледі. 5. Бір немесе бірнеше номинациядағы сыйлықақы Заңмен көзделген әрбір бағыт бойынша анықталады. 6. Сыйлықақыны алуға сол бір ғана үкіметтік емес ұйымдарды қатарынан үш жыл ішінде қайта ұсынуға жол берілмейді. Сол бір ғана үкіметтік емес ұйым сыйлықақыны алуға бір номинациядан артық номинация бойынша ұсыныла алмайды. 7. Бір номинация бойынша сыйлықақы бір немесе бір мезгілде бірнеше ізденушіге берілуі мүмкін. Бұл жағдайда сыйлықақы олардың арасында тең бөлінеді. 8. Сыйлықақының ең төменгі мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерін құрайды. 2. Сыйлықақыларды беру тәртібі 9. Уәкілетті орган сыйлықақыны алу үшін үкіметтік емес ұйымдарды ұсыну жөнінде сұранымдарды (бұдан әрі – сұраным) қабылдау туралы хабарландыруды жыл сайын 1 шілдеден кеш емес республикалық баспасөзде орналастырады. 10. Сұранымдар үкіметтік емес ұйымдармен, мемлекеттік органдармен уәкілетті органға жыл сайын 1 қыркүйекке дейін жолданады. 11. Сұранымға келесі құжаттар ұсынылады: 1) бірінші басшы немесе оның міндетін атқаратын тұлға қол қойған үкіметтік емес ұйымның, мемлекеттік органның ресми бланкінде (А4 форматындағы екі парақтан көп емес) ұсыныс; 2) үкіметтік емес ұйымның қызметі, жұмыс тәжірибесі, аймақта және/немесе мемлекетте азаматтық қоғамның дамуына әлеуметтік үлесі туралы анықтама; 3) үкіметтік емес ұйым қызметінің соңғы жыл кезеңіндегі жетістіктері туралы қысқаша мінездеме; 4) үкіметтік емес ұйым қызметі туралы қоғам (басқа үкіметтік емес ұйым) өкілдерінің ұсынымдары (екі ұсынымнан кем емес). 12. Уәкілетті орган ұсынылған құжаттарды 11 желтоқсаннан кешіктірмей қарастырады. 13. Құжаттарды қарастыру үшін уәкілетті орган конкурстық комиссияны құрайды. Конкурстық комиссияның құрамына уәкілетті органның, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сыйлықақыны беру бағыттарына сәйкес мамандар, сарапшылар кіреді. 14. Уәкілетті орган сұранымдарды қабылдау мерзімі өткен күннен кейін он жұмыс күннің ішінде конкурстық комиссияға құжаттарды қарау үшін жолдайды. 15. Конкурстық комиссия сұранымдарды қарау нәтижесінде кандидатураларды іріктейді және номинациялар бойынша сыйлықақыларды беру үшін кандидатуралар бойынша ұсыныстарды уәкілетті органға енгізеді. 16. Конкурстық комиссияның ұсыныстары хаттамамен рәсімделеді және оған конкурстық комиссия мүшелерінің қолдары қойылады. 17. Конкурстық комиссия қарастырғаннан кейін уәкілетті орган құжаттарды және конкурстық комиссияның хаттамасын Уәкілетті орган жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесіне (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) енгізеді. 18. Үйлестіру кеңесі құжаттарды, конкурстық комиссияның хаттамасын қарастырады және номинациялар бойынша сыйлықақыларды беру үшін ұсынылған кандидатуралар бойынша негізделген ұсынымдармен шешімді уәкілетті органға енгізеді. 19. Үйлестіру кеңесінің шешімі хаттамамен рәсімделеді және оған Үйлестіру кеңесі мүшелерінің қолдары қойылады. 20. Уәкілетті орган үкіметтік емес ұйымдарға сыйлықақыларды беру туралы шешім қабылдайды және қабылданған шешім туралы мерзімді баспа басылымдарда жариялайды. 21. Қабылданған шешімге сәйкес уәкілетті орган үкіметтік емес ұйымдарға осы қағиданың қосымшасына сәйкес нысан бойынша дипломды табыстайды және сыйлықақыны үкіметтік емес ұйымның ұсынған сұранымында көрсетілген банк шотына аударады. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыларды беру қағидаларына қосымша Нысан ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРҒА АРНАЛҒАН СЫЙЛЫҚАҚЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ ДИПЛОМ _________________________________________ (үкіметтік емес ұйымның атауы) _________________________________________ _________________________________________ үшін берілді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі ____________________________________________ (Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), қолы) Астана, 20__ жыл Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 31 желтоқсандағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №12664 болып енгізілді.