• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2016

Кожедубтың авиамеханигі

605 рет
көрсетілді

болған қазақ қызы Мәдина Ысқақова туралы баян «Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, мен кезінде көптеген Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесіп, олардың ұрыс даласында көрсеткен ерліктері туралы, елін қорғау жолында қаза тапқан жолдастары жөнінде өз ауыздарынан естіп, жазып алған болатынмын. Сол кездескендердің ішінде үш мәрте Кеңес Одағының Батыры, атағы жер жарған ұшқыш Иван КОЖЕДУБ және оның кәсіби шебер-механигі, қазақ қызы Мәдина ЫСҚАҚОВА бар еді. Талай жыл өтсе де, журналистік кітапшамда естеліктері қалды. Бұл 1980-ші жылдардың басы болатын. Мамыр айында өтетін Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Мәскеудегі «Красная звезда» редакция газетіне авиация генерал-полковнигі (кейіннен авиация маршалы) Иван Кожедуб келеді дегенде, біз, әскери журналистер, қуанышымыз қойнымызға сыймады. Осы екі майдангердің естен кетпес естеліктерін, олардың батырлықтарын, осынау бізге бейбіт өмірді алып беруге қосқан үлесін жас ұрпақ білсін дедім. «Нағыз батырдың батыры...» Сұңғақ бойлы, жүзінен шуақ төгілген, рухы зор әйгілі батыр Кожедуб қолымды қысып, сәлемімді қабылдаған соң, өзінің жауынгерлік өмірі туралы әңгімесін бас­тады. Батыр Украинадағы Сумы облысына қарасты Ображиевка атты шағын ауылда туған екен. Соғысқа дейін Кожедуб Шостка химиялық-технология техникумында және аэроклубта оқыпты. Сонымен бірге, Чугуев әскери-авиациялық училищесін аяқтап 5-ші әуе армиясына қарасты 240-шы жойғыш авиациялық полкіне келеді. Иван Никитович аспанға соғыстың басынан атақты авиаконструктор Семен Лавочкиннің «Ла-5» жойғыш ұшағымен, ал 1944 жылғы мамырдан сталинградтық ара өсіруші Василий Конев өз ақшасына ұшақты жасатып, сыйға тартқан «Ла-5ФН» жойғыш ұшағымен аспанға 330 рет көтеріліп, фашистердің 62 ұшағын жойып, талай бекінісіне шабуыл жасаған. Осы ерлігі үшін ол үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Курск шайқасында ол жаудың бомбалаушы «Юнкерс-87» ұшағын жойып, жауынгерлік есебін ашады. Соғысты әйгілі батыр майор шенінде, авиаполктің командирінің орынбасары болып аяқтайды. «Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі» дегендей, Иван Никитовичтің көргені, түйгені мол. Демек, батыр ұшқыштың қаһармандық істеріне Мәдина апамыздың да қосқан үлесі көп екенін естіп, мен генералға сұрақ қойдым: – Шебер-механигіңіз Ысқақова туралы не айтар едіңіз? – Кожедуб жымиып, жайымен тіл қатты: – Мэри Пикфорд-Ысқақова ма? Мен қазақ қызын 1920-30-шы жылдардағы Голливуд кино, театр шебері, кербез, талдырмаш актриса Пикфордқа ұқсататынмын. Мәдинаның шағын бойы, тынымсыз еңбегі, сұлулығы, әдемі дауысы атақты актерге келетін. Ысқақова туралы тамаша сөздерді тізбелеп жалғастыра беруге болады. – Ол мен сияқты үш мәрте батыр болмаса да, қарындасымның ерлігі айтарлықтай. Ұшағымды күн демей, түн демей жауынгерлік ұрысқа баптап, менің атағымды асқақтатқан сол нәзік қазақ қызы Мәдина Ысқақова мен Виктор Иванов, Мария Раздорская сияқтылар емес пе? Кожедуб Кожедуб болар ма еді, егер де менің қасымда тия­нақты көмекшілер қол ұшын бермесе, жойғыш ұшағым сақадай сай болмаса? Ұрыстың күрделілігі мен ерекшелігін олар талай рет өз бастарынан өткізді. Басқаша айтқанда, ұрыс нәтижесі осы мамандармен байланысты еді. Ысқақова «КП-12» оттегімен жабдықтау құралының, тағы басқа авиациялық аспаптардың жұмыс істеу жағдайына жауапты болатын. 330 рет аспанға көтерілгенімде, Мәдинаның тиянақтылығының, жауапкершілігінің арқасында құралдар сағат секілді жұмыс істеді, – деді атақты ұшқыш. Шынында да, ол өзінің кітабында көптеген майдандас жолдастары туралы айта алмапты. Бірақ олардың батырлықтары осы күнге дейін есінде екен. – Солардың ішінде Мәдина қарын­дасым­ның жасаған ерлігі ерекше. Менің көзқарасымша, Ысқақова нағыз батыр­дың батыры. Әскер қатарына шақыруға жасы жетпеген «сары ауыз балапанның» өжеттік танытып, соғысқа сұранып кел­гені де ерлік емес пе! Ерлігіне тағы бір мы­сал келтірейін. Майданда күтпеген жерде әртүрлі жағдайлар кездеседі. Соғыс заңы қатал ғой. Әдеттегідей күн­делікті жауынгерлік тапсырмамен біз фашистердің бекінісіне ұшып кеттік. Аэродромды зенитшілер қорғайтын. Ымырт түсе әлдеқайдан гитлершілердің ұшақтары аэродромға шабуыл жасайды. Алғашында зенитшілер тажалдарға күшті атыспен соққы береді. Өкінішке қарай, бірнеше сарбаз ауыр жарақат алады. Ал бірінен кейін бірі қайталанған жаудың шабуылы өрши түседі. Фашистердің ұшақтары бомбалаумен бірге, аэродромды оқтың астына алады. Осы қысылтаяңда оларға менің эскадрильямның мамандары көмекке келеді. Олар жаралы зенитшілермен бірлесе іс-қимыл жасап, дұшпандарға тойтарыс береді. Айрықша батырлық пен батылдық танытқандардың ішінде Ысқақова да болады. Ол жаралан­ғандардың жарасын таңып, ауыр жара­қатқа ұшыраған зенитшінің орнына отырып, фашистің ұшағын дәл көздеп атып, отқа айналдырады, – деп еді сонда атақты әскери ұшқыш. Мәдина Курск иіні, Украина, Молдавия, Венгрия, Чехословакия жерлерінде болған маңызды шайқастарға қатысып, қайсарлық танытыпты. Қаруластарын оның жандүниесі, адамгершілігі мен өжеттігі таңғалдырады екен. Өйткені, жаралы болған күннің өзінде саптан кетпейтін көрінеді. «Жолдас командир, мен госпитальге бармаймын, шыдаймын, өз қызметімді ойдағыдай атқарамын, ұшақ «дәрігердің» тексеруінсіз ұшпайды ғой», деп отырып алатын болыпты. Уақыт тығыз болса да, заматта әріптестерімен бірге «Ла-5», соңынан «Ла-7» ұшақтарын жауынгерлік ұшуға дайындап қояды екен. – Өзінің қызметіне намысты болатын. Қандай қысылтаяң сәт кездессе де қаһарланбайтын, жүзінен шуақ кетпейтін. Күйіп-піскенді, налығанды ұнатпайтын, өмірге нұрлана қарайтын. Бір сөзбен айтқанда, тағдырына риза-тын. Бос уақыт болған кезде біздің көңілімізді қазақ, орыс және украин әндерімен көтеретін. Қазақ әндерін алғаш рет соғыс басталған кезде сіздің елде естіп едім. Біздің авиаучилищеміз уақытша қауіпсіздендіріліп, Шымкент қаласына көшірілген болатын. Мәдина туған жерінің әндерін нақышына кел­тіріп орындағанда, қазақтың кең даласы, адамдарының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы есіме түсіп, қатты әсерленетін едім... Біздер, ұшқыштар, әсіресе, Яков Шведовтің «Смуглянка» әнін ұнататынбыз, ол туған жерімізге деген сағынышымызды басатын, рухымызды көтеретін. «Қарындасым, украин әндерін қайдан білесің?» – деп таңдана сұрағанымда, Мәдина маған қарап: «Біздің ауылда украиндар көп тұрады», деп жауап қайтарып еді. Әлі есімде, Украина жеріне біздің 240 жойғыш авиациялық полкіміз ұшып кіргенде, Днепр үшін сұмдық шайқас жүріп жатқан. Ал Мәдина майданда жүрген әкесін, ағаларын есіне алып, сағынышын, уайымын әнмен басатын, деп еді әңгімеміз кезінде үш мәрте батыр. Полк командирі, авиация майоры Игнатий Солдатенко украин жігіті, жақ­сы жауынгер досы, ұшқыш, авиация кіші лейтенанты Вано Габуния бір жауынгерлік тапсырмадан оралмайды. Игнатий Семенович командир әрі ұшқыш ретіндегі тәжірибесін 1937 жылы Испания жеріндегі шайқастарға қатысып, жинаған екен. Жасаған ерліктері үшін бірнеше «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған. – Игнатий Семенович Солдатенко командирлік тізгінді қолына алған күн­­нен бастап ұшқыштардың, қару-жарақ мамандарының, мотористер­дің, шебер-механиктердің жауынгерлік дайындықтарымен бірге, көңіл-күйлеріне де назар аударатын. Әрбір сарбаз, сержант, офицермен кең сөйлесіп, жағдайын сұрап, көмегін аямайтын. Әсіресе, гвардия сержанты Ысқақованың Отан алдында абыроймен атқарған қызметі мен ерлігін әр кез әділ бағалайтын. Сонымен бірге, табысты іс-қимылдары үшін Жоғарғы Бас қолбасшының алғысы да оған бірнеше рет жарияланды. Сөз жоқ, әскери марапат Мәдинаны қуанышқа бөлеп, шаттандыратын, ерлікке жігерлендіре түсетін, – деген Кожедуб жеңіл күрсініп, әңгімесін әрі сабақтаған еді: «Шіркін, уақыт болса Қазақстанға барып, Мәдина қарындасыммен кездесіп, соғысты, майдангерлерді еске алып, асықпай елін бірге аралап шығар едік...». Мен Иван Никитовичпен кездескен уақытта атағы жер жарған ұшқыш Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің Бас штаб академиясын табысты аяқтап, Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында әскери қызмет атқаратын.  Соғыс ардагері Ысқақованың естелігі Мәдина апаймен мен жаздың шуақты бір күнінде, Мәскеуден елге демалысқа келген кезімде кездесіп едім. Сымбатты да келбетті, ашық-жарқын жүзді ардагер жылы қарсы алды. Ол кезде Ысқақова Көкшетау облысына қарасты Володар ауданындағы (бүгінде Айыртау ауданы) Бірлестік ауылында тұратын. Соғыс және еңбек ардагері осы жерде оншақты жыл сауыншы болып істепті. Ал оның туып-өскен жері Ақмола облысындағы Сандықтау ауданына қарасты Зверевка ауылы екен. Апайға Иван Никитович Кожедубтың жолдаған жылы сәлемін жеткіздім: «Ме­ні­мен кездескен командиріңіз сізге тамаша баға беріп, соғысқа қаршадай кезіңізде келгеніңізге, адамшылығыңызға, ерліктеріңізге әлі күнге дейін таңғала­тынын айтты», – дедім. Осы хабарды естігенде апай қуанып, тынысы ашыл­ғандай күй кешті. Ардагерге сұрақ қойдым: – Шынында, сіз соғысқа қалай барып едіңіз? – Отанымды жігіттермен бірге қорғай­мын деп, әскери комиссарға дамыл бермедім, қайта-қайта комиссариатқа бара бердім. Алғашында әскери комиссар балаң жүзімді бір шолып өтіп, бұрқ етті: «Қандай майдан, 8-ші сыныпты жаңа ғана аяқтадың, оқуыңды оқы, анаңа көмектес!» – деп. Келесі жолы да осы жайт қайталанды... Кезекті бір барғанымда менің тағы да қыңқылдап уақытын алатынын сезді ме, ақыры жылы сөйледі: «Қызым, дайындал, ертең майданға жүресің, бірақ алғашқы бетте әскери мамандық аласың». Сөйтіп, қайта-қайта барып жүріп өтінішімді орындаттым. 900-ге жуық қыз-келіншекпен бірге майданға аттандым, қасымда Жамантұз ауылынан Райхан Мұхамеджанова, Пет­ро­павл қаласынан Зина Уәлиақметова, Көкшетау қаласынан Назкия Ақиева секілді құрбыларым болды. Мәдина Ысқақова әскери ұшақтардың кіші мамандарын даярлайтын қысқа мерзімді курсты Кемерово қаласында ойдағыдай аяқтап, 240-жойғыш авиация­лық полкіне жолдама алады. «Аса қадірлі мама, – деп жазған Мәдина бір хатында, – шүкірсіз бе? Мені көп ойламаңыз. Соғыс аяқталысымен елге ораламын. Қазір өзіміздің жерді жаудан тазартудамыз. Міне, Курск, Орел, Белгород қалаларын жаудан азат еттік. Командиріміз Кожедуб деген адам кісіге өте жақын, кішіпейіл. Біз Иван Никитовичті өзіміздің арамызда «батя» деп атаймыз. Ол аэродромға ұшағын қондырар-қондырмаста біздің хал-жағдайымызды сұрайды. Кожедубтан фашист ұшқыштары жаман қорқады...». – Күні-түні эскадрилья ұшақтары тапсырмадан оралуда, – деді ардагер механик әрі қарай. Әрине, оларды санаулы уақыт ішінде тағы да ұшыруға дайындау керек. Ол үшін әскери техниканың сырын жақсы білумен бірге, жинақылық пен сергектік керек. Әрбір секунд, минут санаулы дегеннің өзінде, біз командирімізді қапыда қалдырған жоқпыз, атағын көтеруге тырыстық. Өмір көп нәрсеге үйреткен: жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауға, адамдармен тіл табыса білуге... «Алыс пен жақынды жортқан біледі, ащы мен тұщыны татқан біледі», деп тегін айтпаған аталарымыз. Жеңімпаз-майдангерлер алғы шепте болып, батырлығымен танылса, тылдағылардың да еңбегі ерен, оны ұмытуға болмайды. Сол соғыс ауырт­палығы мен тауқыметі кемпір, шал, әйел мен жас баланың иығына түсті. Бүкіл ауырт­палықты көтеріп, соғыс балалары ерте есейді. Мәдина апамыз туралы кезінде мақа­лалар мен очерктер жазылды. Мәсе­лен, айыртаулық ақын, марқұм Бекболат Махметов «Қыз бен майдан» атты өлеңінд­е Мәдина Ысқақова туралы былай дейді: ...Ал Мәдина көк жүзіне бір қарап, Қиындығын міндетінің шын ұқты. Кожедубқа қойды оны бекітіп, Шын қуанды бұл шешімді есітіп. Хас Батырдың аспандағы ерлігі, Фашистерді қоятын-ды шошытып... Жеңіс күнін гвардия сержанты Мәдина Ысқақова Прага қаласында қарсы алады. Мәскеуде өткен Жеңіс парадына 2-ші Украина майданының құрамында қатысып, қуанышы қойнына сыймай, елге оралады. Міне, сол Ұлы Жеңіске Мәдина апамыздың қосқан үлесі де бар. Оның ерліктері орден, медальдармен атап өтілген. Мәдина апамыз ел шетіне жау тигенде, жастығына қарамастан, туған Отанын қорғаймын деп майданға өзі сұранып барып, атағы дардай асқан шебер ұшқыштың ұшағын ұрысқа баптады. Осылайша қарапайым қазақ қыздарының қолынан да көп нәрсе келетінін ісімен дәлелдеді. Ал ерлік даңқы ешқашан өшпек емес. Суреттерде: атақты ұшқыш Иван КОЖЕДУБ пен оның авиамеханигі Мәдина ЫСҚАҚОВА