Қазіргі күндері Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында өтіп жатқан хоккейден әлем чемпионаты іріктеу турнирі бел ортасынан ауды.
Бейсенбі күні Дания құрамасын 10:1 етіп талқандап шыққан Ресей құрамасы енді 9 ұпаймен А тобындағы екі лидердің бірі болып шыға келді. Ал Норвегияны 7:0 есебімен ойсырата жеңген Чехия ұпай санын 11-ге жеткізіп, бұрынғы позициясын біраз нығайта түсті. Үшінші орынға соның алдында Қазақстан құрамасын тізе бүктірген Швеция орналасты. Оның 8 ұпайы бар. Біздің жігіттерден 1-турда ұтылып қалған Швейцария кейін 7 ұпайға қол жеткізіп, төртінші орынға көтерілді.
Бұрнағы күні Германиядан 5:2 есебімен басым түскен Канада ұпай санын 12-ге толтырып, бірінші тұғырға тұрақтады. В тобында одан басқа финдерде де осыншама ұпай бар. Бұл екі құрама турнирде әзірге бірде-бір ұпай жоғалтпаған, барлық ойында негізгі уақытта жеңіске жеткен ұжымдар болып тұр. Осы күні АҚШ Францияны 4:0 етіп жеңіп, 6 ұпаймен үшінші позицияға қадам басты. Онымен ұпай қоры бірдей Словакия келесі орында келеді.
Кеше түнде 5-турдың ойындары ойналды. Қазақстан құрамасы Чехия командасымен беттесті. Бұдан басқа, АҚШ – Венгрия, Дания – Латвия, Германия – Беларусь терме жамағаттары өзара күш сынасты. Ал бүгін біздің жігіттер өздерінің басты бәсекелестерінің бірі Латвия құрамасымен кездеседі. Осы ойында команданы элита тобында қалатын-қалмайтыны белгілі бола бастайды. Турда тағы сондай-ақ Ресей – Швейцария, Норвегия – Швеция, Франция – Финляндия, Венгрия – Беларусь, Канада – Словакия құрамалары ойнайды. Ертең Қазақстан құрамасы Дания хоккейшілерімен тартысқа түседі. Команданың алдағы жылғы тағдырына осы ойынның қосатын үлесі де аз болмақ емес.
Руслан ИГІЛІК