біздің салтымызға негізделіп ет асыла бастады
Қазақтың ұлттық тағамы – ет асуды дәріптеген америкалық қыз Грейс Гарет әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. Аталмыш акцияны «Америкалықты етпен сыйла!» деген атпен Алматыдағы АҚШ консулдығы ұйымдастырған еді.
АҚШ-тың алматылық кеңсесі бастаған «ет асу» акциясы Америка жерінде жалғасын тауып, әлемдік желі қолданушылардың қызығушылығын тудырып отыр. 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орыс тілі мамандығы бойынша дәріс алған Грейс Гарет есімді қыз өз еліндегі Портлэнд шаһарында ел алдында ет асып, қазақ халқының ұлттық тағамының әзірленуін тамашалауға келген жұртты бір тойдырды.
«Сіздер Алматы қаласында білім ала отырып, өзінің Қазақстан туралы қызықты видео-блогымен, түрлі сұхбаттарымен таныс болған Грейс есімді студент қызды әлі ұмыта қоймаған боларсыздар. Міне, сол Грейс АҚШ-тың Алматыдағы консулдығы ұйымдастырған «Америкалықты етпен сыйла!» акциясын мұхиттың арғы жағында жалғастырып отыр», деп жазады консулдықтың Фейсбуктегі парақшасында.
Ресми кеңсе қызметкерлері аталмыш акцияны Американың өзге де штаттарында жалғастыруды ұсынып, осы арқылы қазақ халқының тұрмыс-салты мен мәдениетін насихаттауды үндеп отыр. Қазірдің өзінде америкалық интернет қолданушылар бұл ұсынысқа қызу қолдау көрсетуде.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ