• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2016

Хат қоржын

377 рет
көрсетілді

Оқырман ...батасын береді Отадан кейін жағдайым жақсарды Мен облыстық онкологиялық диспансерге түсіп, сөйлей алмай, тіпті,  аяғымнан жүре алмай қатты қиналдым. Алтын қолды оташы, медицина ғылымдарының кандидаты Тайман Амановтың жасаған отасынан кейін жағдайым түзеліп, қазір тәуірмін. Екі аптадан аса уақыт диспансерде жатқанда байқағаным – мұндағы дәрігерлер сенбі, жексенбі күндері де тынымсыз еңбек етіп, шұғыл оталар жасалып жатады. Аурухананың бас дәрігері Есенгелді Рабаев та өте елгезек азамат екен. Екі аптаның ішінде көптеген адамдар аман-есен үйлеріне қуанып кетіп жатқанына куә болдым.  Осындай кәсіби деңгейі жоғары, ақ адал жүрегімен және шын ниетімен дімкәс жандарға екінші өмір сыйлап, ажалдан арашалап жүрген ақ желеңді абзал жандарға ризашылығымыз шексіз. Мен олардың бәріне әкелік және аталық ақ батамды беремін. Марат ТАСИМОВ, еңбек ардагері Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы ...мақтан тұтады Ақсақалдар ауыл қазынасы Біздің еліміз – ежелден еркіндік аңсап, елі мен жері үшін сансыз шайқасқа түскен ерлердің мекені. Солардың бірі Райымбек ауданына қарасты Сарыжаз ауылы. Сондағы Жолдыбай тауының бөктеріндегі Көмірші ауылында мен де туып өстім. Айтайын дегенім, өмір көрген, тәжірибесі мол, кейінгі ұрпаққа айтары бар, ақылы дария ауылымның қарияларына арнайы барып, қолдарын алып сәлемдесіп, олармен арқа-жарқа шүйіркелесіп,  ата-анамның көзін көргендер солар жайында естеліктер айтқанда бір тебіреніп, төбем көкке жетіп жадырап қаламын. Қазіргі таңда ел ағалары, ауыл жастары мен ауылдың ұйытқысы болған аталарымыз бен әжелеріміз құлшылық жасау үшін үйде оқылған намазға қарағанда, мешітте оқыған намаздың сауабы мол деп, жұма намаздарын қаза етпей мешітке қарай асығып келіп оқығанын дұрыс санайды. Кәрісі бар ма, жасы бар ма солардың әрқайсысына қарап ой саралағанмын, еліктегенмін, жақсылығын үйреніп, жамандығынан жиренгенім арқылы мен оларға қарыздармын. Ербол СПАТАЕВ Алматы облысы ...қынжылысын жеткізеді Қарттарға қамқорлық қажет Бүкіл ғұмырым медицина саласында өткендіктен бүгіндегі денсаулық сақтау саласындағы кейбір келеңсіздіктерді көріп, көңілім ортайып қалады. Мәселен, әуелі доллар бағамы өсті деген желеумен дәрі-дәрмек қымбаттап кетті. Көптеген адамдар созылмалы ауру түрлерімен ауырады. Олар дәрігер белгілеген дәрілерді үнемі ішіп жүруі керек, мұндай дәрілердің бағасы қымбат. Ал ауруханаларда науқастарға қолжетімді бағадағы дәрілер ғана тегін босатылады. Қымбат дәрілерді зейнетақысы 30-40 мың теңгеден аспайтын қарттар қалай сатып алады? Созылмалы науқасы барлар жылына екі-үш рет ауруханада емделіп шығуы тиіс. Ауруханаға жатқан соң дәрігер екі-үш дәрі белгілеп, сонымен шектеледі. Ауруыңды басу үшін ең қажет дәрілерді өзің сатып аласың. Дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз дейміз. Оған мүмкіндік те бар. Осындай мол мүмкіндік иесі ретінде ең бірінші кезекте басты байлығымызды сақтауға кеңірек көңіл бөлінсе екен деймін. Зейнеткерлер зарықпаса, қарттар қажымаса деген тілек бар.  Камал КАРАЕВ, зейнеткер-дәрігер ШЫМКЕНТ ...үлгі етеді Серпіндіктер серпілтеді Мен Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына «Мәңгілік ел индустрияға! «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы аясында педагогика және психология мамандығы бойынша оқуға қабылданып, белсенді жастар «Жас серпін еріктілер» жаңа ұйым жұмысын бастап кеттік. Жастардың құқығын қорғау, бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру, мұқтаж жандарға және ардагерлерге  көмек беруді басты мақсат етіп ұстандық.  Біз болашақ ұстаз екенімізді мақтан тұтып, жас ұрпақ бойына білім нәрін сіңіру үшін әркез ізденіп жүру керектігін ұмытпауды, білім алумен қатар  белсенді болуды ұйымның ұранындай сезінеміз. Еліміздегі дағдарысқа қарамастан, бізге осындай жағдай жасаған мемлекетке алғыс айтамыз. Біздің қатарымыздан көріну әр жастың арманына айналмақ. Осы жобаға қатысқан жастардың білімге деген құштарлығы де ерекше. Ал біз ел сенім артар жалынды жастармыз. Жансерік БӘЙДЕНОВ, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының студенті   Қостанай облысы  ...көмек сұрайды Қызымның қос көзі көрмей қалды ағдырдың салған ісіне көнбеске шара жоқ. Төрт жасар қызым Кәусар Қайырбекованың қос көзі бірдей төрт айлығында алған екпенің салдарынан мүлдем көрмей қалды. Перзентімнің белі бесіктен шықпай жатып қос жанарынан бірдей айырылғанын білгенде жанымды қоярға жер таппадым... Көршілес Орынбор қаласында академик С.Федоров атындағы көз ауруларын емдейтін клиника бар. Мұнда маманданған білікті офтальмологтар жұмыс жасайды. Таяуда мен осы клиникаға арнайы барып, хирург-дәрігерлермен жолығып қайтқан едім. Обалдары не керек, олар қызымның көзіне ота жасауға келісім берді. Тегін емес, әрине. Ота ақылы түрде жасалмақ. Оның құны шамамен 60 мың ресей рублі төңірегінде екен.  Мұндай мөлшердегі қаражат өз қолымда болса, сол күні-ақ Орынбордағы клиникаға жеткізбеймін бе,  қарашығымды. Бұл үшін жанашырлық таныта білуге ниетті жандар мен азаматтардың көмек қолдарын созуларын өтінемін.  Гүлнар ДОСМҰХАМБЕТОВА ОРАЛ