«...Мен көп қазақтың балалары сияқты, әкенің ісінен үлгі алып, оның қаталдығына шыдап, ананың тәрбиесімен өскен адаммын».
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ
Сөз басы
Тәрбие мәселесіне байланысты жастармен болған бір кездесуде: «Әке қандай болуы керек? Әкенің қатал болғаны дұрыс па?» деген сұрақ қойылды. Әкенің ықпалды, талапшыл болғанының, әке өнегесімен өсудің, бала-шағасы үшін әкесі зор бедел иесі болуының ұрпақ тәрбиесіндегі орасан зор маңызы туралы ұдайы көкейімде жүрген ойды айтудың сәті түскенде, басты дәйек ретінде жоғарыда аталған кітап пен үзінді мысалға келтіріліп еді. Одан әрі әке туралы, оның дәстүрлі қазақ отбасындағы ешқандай жағдай, ешбір күш шайқалта алмайтын беделі туралы пікір алмасу, ой айту, тәжірибе бөлісудің бәрін қамтыған әңгіме басталып кетті.
Осы мақаланы жазуға да сол кездесу түрткі болды.
Жаһанданудың, басқа мәдениеттердің ықпалынан болар, біздің қоғамда көптеген құндылықтарға деген көзқарас өзгеруде. Өкінішке қарай, жақсару жағына қарай емес, нашарлау, төмендеу жағына қарай. Оның мысалдары аттап басқан сайын кездеседі. Біреуді біреудің ұрып жатқанын көргендер оларды ажыратуға, жәбір көрушіні арашалауға емес, жалма-жан телефонына түсіріп алуға ұмтылатыны немесе байқамағандай өтіп кетуі – әлімжеттікке төзбеу, әлсізді қорғау сияқты адами асыл қасиеттердің азаюынан деген ой келеді. Ал шаңырақ көтергендердің төрттен бірі ажырасатынын – отбасылық құндылықтардың қадірі кетуінен демей не дейміз?
Ал соңғы кездердегі білімді, білікті деп үміт артып, жоғары лауазымдарға тағайындалған жап-жас басшылардың жемқор болып шығып, әкелерінің «аттарын шығарып» жатқандарынан моральдық құлдыраудың айқын белгісін көруге болады. Таяуда солардың біреуінің әкесімен қалай сөйлескенін көріп, жағасын ұстаған таныс қорғаушы кісі мол сома төленетін жұмыстан бас тартқанын білеміз. Оның бұлай етуінің себебін түсінбеген жемқор жігіттің туыстары таңғалыпты. Жалынып, шалғайына оратылған шешесі де оның «Әкесін таптап кетейін деп тұрған ұлдан не үміт, не қайыр?» деген уәжін түсіне қоймаған сыңайлы...
Біздіңше бұл – ортасында, отбасында әкені сыйлау, құрметтеу деген атымен болмаған адамның мінез-құлқынан хабар береді. Әдетте, қылмыстық жолға толық емес отбасында, қоғамдық нашар ортада өскендер көп барады деседі. Ал соңғы жылдардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар кейіпкерлерін ойша шолып өтіңізші – олардың ішінде «қарны тоқ, уайымы жоқ» ортада, ешкімнен (әкесінен де!) ықпай өскен балалардың көп екендігі ойлантады.
Міне, осындай мысалдар отбасындағы әкенің байырғы беделін, мақала басындағы сілтемеде келтіргендей, орынды қаталдығын қалпына келтіру керек деген ойға жетелейді. Ол үшін еуропалық тәрбие әсерімен барған сайын кең қолданысқа ие болып бара жатқан «әке – досың» дегеннен гөрі «әке – сенің жарық дүниеге келуіңе себепші, сен бас иер тұлға» деген қазақи ұғымды орнықтырған дұрыс. Әркімнің өз орны бар. Әке ұлы мен қызының құпия сырын бөлісіп, сыбырласып жүретін «досынан» гөрі, отбасының айбары, қорғаны, асыраушысы және ең бастысы, балалары үшін беделді тұлға болуы керек. Бұл екі тарапқа да жауапкершілік жүктейді.
Бала кезімізде бір жаққа барғымыз келіп, анамыздан сұрансақ, ол кісі «Әкең жіберсе – барарсың» дейтін. Әлдебір жағдайға келісетін болса да, әуелі «Әкеңе айтайын» дейтінін білетінбіз. Менің алдымдағы буын өкілдері мен қатарластар мұны жоққа шығармасы анық.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда сол беделдің берекесі кете бастаған сияқты. Атқарған қызметіме, зерттеп жүрген тақырыбыма байланысты отбасылық мәселелер талқыға түсетін жиын, кездесулерге, телехабарларға жиі қатысамын. Сол жерлерде алимент төлемеу үшін өз белінен жаратылған балаларынан қашып-пысып жүрген «әкелер» туралы; өмірдің қиындығына «күйініп» ішімдікке салынып кеткен «отағасылар» туралы мысалдарды естіген сайын; әкесінің жуан жұдырығынан қорғау үшін әйелдердің шиеттей бала-шағасымен «дағдарыс орталықтарын» мекендеп жүргенін көрген сайын... біз білетін, біз жырға қосатын әкелер динозаврлар сияқты жер бетінен жоғалып кете ме деген қауіп ұялап жүр.
Әкелер неге өзгерді? Аталар мен әкелердің бойындағы іріліктің бүгінгі ұрпақтарына даруы неге мардымсыз?
Туғанынан бастап әйелдердің тәрбиесінде болып, ер адамның ықпалын кем көрген бүгінгі буын азаматтардың ішінде «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретін, әйелдің табысына ауыз ашып отыратын, еркекке тән ірілігі аз, ұсақтығы басым, батыр бабаларымыздың ел қорғаушылық рухын жоғалтып, әскерге барудан қашатын, әйел демей, қыз демей, салғыласып ұрсысып шыға келетін жігіттер көбейіп бара жатқандай.
Соларға қарап жүріп, елсүйер ұлды өз өнегесімен баулып өсірген ұлы тұлғалар туралы кітаптардан оқығанымыздай, оның бер жағында өзімізді тәрбиелегендей рухы күшті, атадан балаға берілген тәрбие тіні мықты, адами қадір-қасиетін сақтай алған әкелерді, сондай әкелердің тәрбиесін көрген балаларды іздейтін болдым.
АРАБИЯДАҒЫ АХМЕТ
Қазіргідей тікелей рейс жоқ кезінде Дубай қаласына келгендерді Абу-Даби әуежайынан «Эйр-Астана» компаниясының автобусы жеткізіп салатын. Көлік жүргізушісі: «Әне, сіздер тоқтайтын қонақүйі» деп 43 қабаттық «Gloria hotel»-ді көрсетіп, бізді жол бойынан түсіріп кетті. Машиналар әрлі-берлі тоқтаусыз жүріп жатқан сегіз қатарлы автожолдың арғы бетіндегі қонақүйге қалай барамыз деп тұрғанымызда: «Сіздерге такси керек пе?» деген дауыс естілді. Дубайда, түн жарымнан ауғанда, қазақ тілінде қойылған сұраққа аң-таң қалып, ес жиғанымызша, қасымызға келіп тоқтай қалған көліктен жас жігіт түсіп, сәлем берді.
Ол бізді қонақүйге әкеліп, орналасуымызға көмектесті. Қызым түрлі қағаздарды толтырып жатқанда мен онымен жақынырақ таныстым. Аты Ахмет екен. Әкесі Сапар өткен ғасырдың сексенінші жылдары Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясы арасындағы шартқа сәйкес аса үлкен, жабық құрылыс нысанын салысуға келген инженер екен. Уақыт өте сол жердегі ірі компаниялардың бірі қызметке шақырған кезде бала-шағасын көшіріп алып келіпті. Үш ұлы, екі қызы бар, Ахмет кенжелері көрінеді. «Апаларыңыз арабтарға тұрмысқа шықты ма?» деген сұрағыма «О не дегеніңіз? Әкем оларды «Қазаққа тұрмысқа шығасыңдар» деп өсірген, солай болды да» деді. Дауыс ырғағында әкесінің айтқаны жөн екендігіне деген нық сенім бар.
«Қазақша жақсы сөйлейді екенсіз», – дедім мен сүйсінгенімді жасырмай. Ахмет: «Ана тілім ғой!» – деді жай ғана. Сосын: «Әкемнің талабы солай болды. Ол кісі үйде арабша сөйлеуімізге рұқсат етпейді. Бала кезімізде онысын түсінбегенбіз, қазір сол үшін тек алғыс айтамыз», – деп қосып қойды. Ана тіліне қоса араб, ағылшын, француз, түрік тілдерінде еркін сөйлейді екен. «Орыс тілін үйреніп жүрмін. Қазақстанға барсам, керек болады ғой» деді. Жүрегім шым ете қалды.
Бірер жыл бұрын Қазақстанға келіп кетіпті. Туған жері – Ақтөбе өңірі туралы айтып, «Оқуымды бітірген соң елге қайтамын», деп алып-ұшып отыр. Мақсаты – тағы да әкесінің айтуы бойынша – алған білімін Қазақстанның көркеюіне арнап, туған жерге қазық қағу және қазақ қызына үйлену.
«Елдегі адамдардың сөз арасына «братан», «давай», «конечно» деп сөйлейтіндері қызық көрінді. Сосын жігіттердің де, қыздардың да дөрекі мінез көрсететіндері қолайсыз әсер етті. Ал ең жаманы, қыздар біреудің отбасын бұзып, күйеуге шыға береді екен – оған әкелері қалай рұқсат еткенін түсінбедім», – деді Ахмет тағы бір әңгімелескенімізде.
Ойлап отырсам, бұл да біздегі әкелердің айбарымен ықтырып, ұрпағына түзу өмір сүру туралы мызғымас ұстанымын сіңіретін байырғы беделі азайып бара жатыр ма деген күдігімнің бекер еместігін көрсететіндей. Біз бала болған уақытта анамызды өйтіп-бүйтіп дегенімізге көндіру мүмкін болғанымен, бәрібір соңғы сөзді әке айтатын. Әулетіне келер сөз, түсер таңба «пәленшенің ұл-қызы» деп, өзінің атымен қоса айтылатынын ескере отырып, түпкілікті шешімді әке қабылдайтын.
Әр жылдардағы деректерді салыстырып отырсақ, бұдан отыз, қырық жыл бұрын қазіргідей, біреудің әйелін тастатып тұрмысқа шығу, әйелі бар екенін біле тұра жүріс жасау, некесіз бала туу фактілері де әлдеқайда аз кездеседі. Ал бүгінде арамызда ұл-қызына күнәнің ең үлкені – біреудің отбасын бұзу екенін айтпақ түгілі, отбасылы еркектен бала туып алған қыздарының шашбауын көтеріп жүрген әкелер де кездеседі. Ащы шындық. Шіркін, Ахметтің әкесін әкеліп, соларға әулет абыройын ойлайтын әке болудан «шеберлік сабақтарын» өткіздірер ме еді деген ойға қалам кейде.
Ахметтің әр сөзінен әкеден үйрену, әкені пір тұту, отбасындағы әкенің орны туралы нық орныққан сенім байқалатын еді. Сол күндері Қазақстан туралы сұрап, кейде қаланың қай жеріне бару керектігін айтып, бізбен хабарласып тұрған жас жігітпен әңгімелескен сайын оның тарихымыз, салт-дәстүріміз, елдің қазіргі жағдайы туралы соншалық көп білетініне сүйсіндім. Және Ахметтің әңгімелерінен оның әрбір жетістігінің ар жағында «әкем біліп жүр деген... әкем үйреткен... әкем айтқан соң...» деген «түрткі» тұрғанына көзім жете түсті. Ахметпен қоштасарда: «Әкеңізге тартқан азамат болыңыз!», деп тілек айттым. Ол: «О-о, әкемдей болу оңай емес» деді риясыз таза көңілмен.
ТОРҒАЙДЫҢ «ТАРАС БУЛЬБАСЫ»
Мектеп бітіре сала оқу іздеп кетіп, одан кейін «қыз – жат жұрттық» деген өмір салты бойынша, туған жерімнен біраз алыстап кеткен мен қазір ғана ел азаматтарының бірлі-жарым басқосуларына барып, араласа бастадым. Сондай басқосудың бірінде шашы аппақ күмістей, түрі де келісті бір ағайға көпшілік шүпірлесе амандасып, өзі қатарлас бір кісі «Оу, Тарас Бульба келіп қалыпты ғой!», деп құшақ жайып жатты. «Бұл кісі кім?» дедім мектептес құрбыма қарап. Оның: «Елде қызмет еткен. Облыс жабылғанда Алматыға көшкен» деген сөздері маған ешқандай ақпарат берген жоқ. Көкейімде «Неге Тарас Бульба?» деген сұрақ тұрды.
Арада бірнеше ай өткенде ағайдың бәйбішесімен танысудың сәті түсті. Жасы сексеннен асса да ойы анық, сөзі ширақ, жылы жүзді кісі екен, апаймен бірден шүйіркелесіп әңгімелесіп кеттім. Сөз арасында ретін тауып, ағайдың «Тарас Бульба» атануының сырын сұрап едім, ол кісі әуелі: «Айтсам ба екен?» дегендей сынай қарады. Сосын «Арада отыз жылдан астам уақыт өтті... Қатарластарымыздың көбі жоқ. Сонда да болса, атымызды атамай-ақ қойшы», деп өтінді. Себебін апайдың әңгімесін тыңдағанда түсіндім.
«Ағайыңның арқасында шалқып өмір кештім. Елге сыйлы, отбасына қадірлі болды. Саятшылығы бар еді, «қабан атамыз, құс атамыз», деп Ақкөл, Сарықопа жаққа жиі барып тұратын. Олжасын жұртқа таратып, шаң-шаң болып үйге кіріп келгенінде балалары мойнына асылып, балағына жармасып жатқанына мәз болатын. Сөйтіп жүріп, балалардың өскенін де байқамай қалдық. Үлкен қызымыз тұрмысқа шықпақ ойын айтқанда және отбасылы адаммен көңіл жарастырдым дегенде төбемізден жай түскендей болды.
Әкесі «шықпайсың» деп шорт кесті. «Біреудің отбасын бұзып, балаларын тірі жетім етуге жол бермеймін» деді. Мен де ақылымды айтып, райынан қайтаруға тырысып бақтым – қыздың көнетін түрі жоқ. «Балаларына қарасып тұрады» деп уәж айтады өзінше. «Жастық шақта желік қай еркекте де болады. Ол – өтпелі жағдай, ал отбасы – киелі, оған ешкімнің килігуіне болмайды» деді әкесі шегелей сөйлеп. Қыз сонда да қисайып, өзінікін жөн дей берді. Кенет ағайың «үйге алып кел, көрейік» деді. Мен көнді деп ойлап қалғам... Сөйтсем, отағасым басқа ойға бекінген екен.
Жігіт келген кезде ішкі бөлмеге кіріп кеткен ол мылтығын алып шығып, қызына кезеді. «Ұябұзар болғаныңша өлгенің артық», – деді тістеніп. Сосын жігітке қарап: «Қазір мына шірік жұмыртқаны атып тастаймын да... милицияға барып берілемін... Ал сен... сонша қадірлі болса, сүйегін алып кетіп жерлеуіңе болады!» – деді сұп-сұр болып.
Бәрімізде үн жоқ. Жігіт екі тізесі дір-дір етіп тіл қатпай тұра берді. Бір кезде «Бала-шағамды тастамаймын десем, қызыңыз ғой...», деп міңгірледі.
Оны әрі қарай тыңдаудың еш мәнісі жоғын түсінген болуы керек, отағасым барып есікті ашты да сыртты нұсқады. Ол ілби басып шығып бара жатқанда, қыз шыңғырып атын атап еді, бұрылған да жоқ...
Бұл оқиға осылай аяқталды. Қай-қайсымызға да жеңіл тиген жоқ, шырағым, бірақ, ең қатты қиналған отағасым шығар деп ойлаймын. Шашы бір аптаның ішінде ағарып кетті. Қызым бір жағынан соны көріп, тәубесіне келген сияқты. Әрі жас кезінде адамның ішкі қуаты да молырақ болады ғой – бізге қарағанда тезірек ес жиып, ел қатарлы күнін көріп кетті.
Болған жай туралы ешкімге тіс жарған жоқпыз – мақтанатын нәрсе емес қой. Не де болса «болмай қалған» күйеу жігіттен шыққан сияқты. Бірде құрдастары ағаңа «Сен Тарас Бульба сияқты «Я тебя породил – я тебя убъю» депсің ғой», деп қалжыңдап жатқанын құлағым шалды. Бірақ: «Сенікі жөн! Нағыз еркексің!», деп арқасынан қағып, «Бұлай ету екінің бірінің қолынан келмейді» дегендерін да естідім», – деп аяқтады апай әңгімесін.
ТУҒАН ТІЛДІҢ ТҮМЕНДІК ЖАНАШЫРЫ
Қарағанды қаласында ұзақ жылдар бойы қазақ тілін дамыту ісімен айналысып келе жатқан Төлеуғайша Ноқатқызы есімді жақсы маман, абзал ана тұрады. Кезінде қазақ мектептерін ашқызу жолында өлшеусіз еңбек еткен Шона Смаханұлы ағамыз туралы барша қазақ біледі. Дегенмен, сол жылдары бүкіл елді қамтыған осы бастаманы өңір-өңірлерде іліп әкетіп, басы-қасында тұрған адамдардың аттары көпке танымал емес. Солардың бірі – осы Төлеуғайша Ноқатқызы.
Өткен жылы жақын достарының ұлы үйленетінін, болашақ жары сонау Ресейдің Түмен облысынан екенін хабарлағанда қуанышпен қоса ішінде бір «әттеген-ай» сезімі қылаң бергенін ол жасырмайды. «Қазақша білмейтін шығар... Қарағанды жастарының тілі шүлдір-шүлдірге бейім. Оларға «Қазақ жерінің кіндігінде тұрып, өз ана тілдеріңде сөйлемегендерің ұят», деп кейде жөнге салып отырамыз. Ал қалың орыстың ортасында туып-өскен адамнан қазақша сөйле деп қалай талап етеміз?» деп ойлапты.
Табалдырық аттаған үлпершектей жас келіннің ізін ала Түмен облысы Упоров ауданында өсіп-өнген құда-құдағи Серғали Қалиханұлы мен Мағрипа Жақсымбайқызы Әшімхановтар бастаған жаңа жегжаттар да келіп жетеді. Мұндағыларды орыстың ну орманды өлкесінен келген жаңа құдалардың салт-дәстүрге беріктігі, кәде-жоралғыларға жүйріктігі ерекше сүйсіндіреді... Әсіресе, құдалар тобының ана тілімізде айтылған байыпты ой, ғибратты сөздері, көркем тілдері таңғалдырады. Таңғалдырып қана қоймай өздерінің құдалықта да, тойда да тілектерін басқа тілде білдіргендері үшін ұялтады...
Мұндағылардың «Қазақ мектебінде оқыдыңыздар ма?» деген сұрағына «Қайдағы мектеп? Бар болғаны бірнеше түтін тұрдық ол жерде», – деген жауаптары одан әрмен қысылтады. «Сонда қазақша қалай таза сөйлейсіздер!» деп қоймапты құдағилардың бірі. «Ол – біздің отағасының арқасы. Әкесі үй ішінде сондай тәртіп орнатқан: есіктен кіргеннен кейін тек қазақша сөйлеуіміз керек. Бала-шағасы әкесінің қабағына қарап өсті, қазір де тік тұрып сыйлайды. Туыстарымыз бен жора-жолдастарымыз да Серағаңның ұстанымын қолдайды», – депті Мағрипа құдағи.
Айтқандай, ол кісілер таяуда атамекенге оралып, Қостанай облысының Ленин ауданына қарасты Березовка селосына қоныс теуіпті. «Енді сол жердегі әкелер сіздің құданың жолын қуып, өз отбасыларында сондай тәртіп орнатса, қандастарымыздың саны 40 пайызға жетер-жетпес өңірде қазақ тілінің дамуына нақты үлес қосылар еді», – дедік біз осы әңгімені естігенде.
Тілді үйретіп қана қоймай, орта ахуалын зерделеп жүретін Төлеуғайша Ноқатқызы: «Біз ана тілі дейміз ғой. Бірақ осы жылдар ішінде отбасында кімнің ықпалы үстем болса, бала соның ыңғайына жығылып, соның тілінде сөйлейтініне көзім жетті, – дейді. – Қалада өскен қыздар пысық келеді ғой. Ауылдан келіп, сондай қала қызына үйленген жігіттердің отбасына кіріп шығыңызшы – балалары шетінен орысша сөйлейді. Өйткені, қазіргі заманның балалары сұңғыла – отбасында кімнің беделді екенін жақсы біледі».
Бұл да – ойландыратын жай.
Қоғамда, отбасында ұлттық құндылықтарымыз орнығып, оның бір тармағы ретінде әкенің орны мен рөлі бекемделе түсуін ойласақ, оны іске асыру кең ауқымда жүргізілуі керек. Бұл ретте әке беделін арттыра түсетін жаңа форматты іс-шаралардың жөні бөлек. Соның ішінде балалар көп қолданатын электрондық құралдарға салынған әкенің орны, өнегесі туралы тағылымды мысалдарды арқау еткен шағын роликтер жас буынның санасына тезірек әсер етер еді. Халқымызда «жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деген сөз бар, ендеше, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрлерінде әке беделі насихатталып, осы мақала кейіпкерлері сияқты нақты адамдар жастармен кездесулерге, ток-шоуларға шақырылуының да пайдасы зор.
Ұлдарымызды өмір бойы тек қана әйелдер тәрбиесінің ықпалынан шығару үшін жасалуы керек тағы бір қадам – жас ұрпаққа тәрбие, білім беру ісіне ер-азаматтардың молынан тартылуы екендігі даусыз. Бұл үшін ең алдымен педагогикалық білім ордаларына ұл балаларды қабылдауда жеңілдік жасалуы керек.
Одан кейінгі мәселе педагогтердің еңбекақысына келіп тіреледі. Отағасы, асыраушы болған соң, оның табар табысы да соған сәйкес болуы керек. Игі мақсатымыз үшін, мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін ер азаматтардың жалақысына үстеме ақы белгілеу жолдары қарастырылғаны жөн болар еді. Мәселеге байыппен қарап, ойластырса, педагог ұстаздардың қатарын ер азаматтармен толтырудың бұл жанды мәселесі шешімін табар ма еді?
Ал біздің халық үшін білімді, іскер қыздарымыздың билікке араласуы қаншалықты маңызды болса, ұлттық құндылықтарымыздың сақталуы, ұлдарымыздың жас шыбықтай солқылдап тұрған шағында ер азаматтардан өнеге алып, өздерін жігітше ұстап үйренуі, еркек болып қалыптасуы да соншалықты маңызды. Ұстаздар арасында ер азаматтар санының көбеюі ұлдарымыздың ұлықты болып өсуіне, ал өз кезегінде бұл отбасындағы, қоғамдағы әке беделінің артуына оң ықпал етер еді.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Сарапшылар кеңесінің хатшысы