«Ғылым Ордасының» көрме залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойы аясында «Тарих қанатында» атты жас суретшілердің көрмесі ашылды.
Сұңғыла өнердің көрмеге қойылған барлық туындыларын жасаған – алматылық жас суретшілер. Мақсат – «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын, ғасырлар толқынындағы біздің ұлан-байтақ жерді мекен еткен халықтардың татулық-бірлігін қыл қалам тілімен көркемдеп жеткізіп, көпшіліктің назарына ұсыну.
– Көрменің бүгінгі келбетін қалыптастыруға жас суретшілермен бірге біздің педагог-ұстаздарымыз, кітапханашылар, шығармашылық топтар көп көмек берді, – деді археологиялық музейдің меңгерушісі Роза Бектөреева.
Алматы қаласы таяу мезгілде өтетін өзінің 1000 жылдық мерекесін тойлауға дайындалып жатыр. Сол күні шаһарымыз ЮНЕСКО-ның қызыл бояумен белгіленген күндерінің көшін бастамақ. Жас суретшілер маңызы зор мереке қарсаңында алматылықтарға осындай зор сый жасады.
Қымбат ТОЙЛЫБАЙ,
журналист
АЛМАТЫ